Қоғам • 06 Маусым, 2024

Қазақстан Конституциясы алғаш рет Брайль қарпінде жарық көрді

67 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Конституциялық Сот алғаш рет Брайль шрифтімен мемлекеттік және орыс тілдерінде басылып шыққан Қазақстан Республикасының Конституциясының тұсаукесерін өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Конституциялық Соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Қазақстан Конституциясы алғаш рет Брайль қарпінде жарық көрді

Фото: gov.kz

Конституциялық Соттың Қазақстанның Ата заңының мәтінін көру қабілеті нашар немесе зағип азаматтар үшін Брайль шрифтіне (бедерлі-нүктелі тактильді шрифт) аудару жобасын ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесі және Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жарық көрді.

Тұсаукесерге Қазақстанда аккредиттелген шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың елшілері, Парламент депутаттары мен мемлекеттік органдардың, Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары мен ғылыми қоғамдастық өкілдері қатысты.

Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова: «Әділетті Қазақстан» саясаты мемлекеттің адам құқықтары мен бостандығын қамтамасыз етуге және кемсітпеуге бейілділігін растайды. Конституциялық Сот Конституцияға және Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына сәйкес әрбір адам үшін теңдік, қадір-қасиет және әділдік қағидатын ілгерілетуді жалғастырып жатыр. Конституция мәтінін Брайль шрифтімен басып шығару – бұл біздің осы саясатты ілгерілетуге қосқан үлесіміз», деп атап өтті.

Өз кезегінде, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы Фолькер Фробарт Қазақстан Конституциясының мәтінін Брайль шрифтімен басып шығару конституциялық бақылау органының құқық қорғау құндылықтарына және ақпаратқа тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге инклюзивті көзқарасқа бейілділігін көрсететінін атап өтті.

Қазақстан БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясының қатысушысы болып табылады, ол қатысушы мемлекеттерді мүгедектігі бар адамдарға ақпаратқа, білімге қол жеткізуді, заң алдындағы теңдікті және тең құқықтық қорғауды, сондай-ақ сот төрелігіне қол жеткізуді қамтамасыз ету арқылы адам өмірінің барлық аспектілеріне жан-жақты қатысуы мақсатында тиісті шаралар қабылдауға шақырады.

Брайль қарпімен шығарылған Конституция мәтінінің басылымдары 56 мекемеге, соның ішінде республикалық, аймақтық кітапханаларға, оқу орталықтарына, мамандандырылған мектептерге беріледі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес Қазақстанда көру қабілеті бұзылысқа ұшыраған 160 мың адам тұрады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша Қазақстанда 85 мың зағип адам, 4000 – нан астам көзі нашар көретін балалар, олардың 350-ге жуығы зағип балалар.