Қойылымдағы оқиға бір шаңырақтың астында өсіп, ержеткен ағайынды жігіттердің арасындағы әңгіме арқылы өрбиді. Бір-бірін іштей жақсы көретін үш ағайынды әкелері қайтыс болған соң, баяғы ұйыған татулық-бірліктен, бауырмалдықтан айырылып, әрқайсысы әр соқпаққа түседі. Ағайындылар деген аты ғана болмаса, бұрынғыдай жақын қарым-қатынас жоқ. Ортаншысы ағасына ренжулі. Ағасы «маған ақыл айтпа, өз орныңды біл» деп інісіне ренжулі. Үнемі сөзге келіп қала беретін екі ағасының берекесіз әңгімесінен үйдің кенже ұлы Сырым да әбден қажыған. Сондықтан студент Сырым қара шаңырақтан аулаққа кетіп, алыс шетелде оқығысы келеді.
Айналасы бір сағаттың ішінде бүгінгі қоғамда, кейбір отбасында кездесіп қалып жататын келеңсіз көріністерді сахнаға алып шығып, әлеуметтік салмағы батпан қадау-қадау мәселелерді көтере отырып, көрерменге кейде ағайын арасындағы үлкен өкпе-реніштің, араздасу мен суысып кетудің артында түкке тұрғысыз дүниелер тұратынын ұқтыра білген театр құдіретін мойындамасқа шара жоқ. Мекеме ғимаратына айдаумен кірген соң, әу баста сахнаға мысқылдай қарап, жай уақыт өткізу үшін келгенін емеурінмен танытқандай көрінген кейбір сотталушылардың қойылымның орта тұсында мүлде өзгеріп, терең толқыныс, үлкен тебіреніс үстінде отырғанын байқағанымызда-ақ осыған көз жеткізгендей болдық.
«Сөз жоқ, спектакльдегі көріністердің бәрі шынайы өмірден алынған. Актерлер де шынайы ойнады. Кәсіби өнерпаздар екені көрініп тұр. Қойылымға келсек, өте ұнады. Анамызға деген сағынышымызды үдетті. Бізге осындай жақсы рухани демалыс сыйлаған департамент басшыларына алғысымыз шексіз. Өзіміз де ағайын-туыс, бала-шағамызды сағынып жүрміз. Спектакльдегі үш ағайындының үлкені – өте ақкөңіл, адамға сенгіш, көпшіл. Бірақ туған бауырларымен емес, достарымен жиі араласады. Сол мінезінен әр нәрсеге ұрынып, жолы болыңқырамай жүретін адам. Екіншісі – алаяқтау, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүргенді ұнатады. Ағасын аға деп құрметтемейді, үнемі кекетіп, ақыл айтып жүреді. Ал отбасының кенжесі Сырым өз ағаларындай емес, алғыр, білімді, адал. Ақыры ағайындылардың өзара тіл табысып, татуласуына осы Сырым түрткі болады. Мұнда өзіміз сияқты ағайынның қадіріне жетпей, үлкеннің ақылын тыңдамағандықтан, жақынның жанашырлығын сезінбегендіктен адасып, жазым басқандар отыр. Қойылым қай-қайсымызға да ой салды. Еркін күндеріміз, жіберген қателіктеріміз көз алдымызға келгендей болды. Өзім де жаза мерзімін өтеп шыққан соң, жаңа өмір бастасам, ағайын-туыстың қатарына қосылып, жұмыс істесем, бала-шағамды дұрыс тәрбиелесем деп күніне мың ойланып, жүз толғанамын. Амандық болса, ол күнге де жетермін», дейді түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Азамат Мұратов.
Спектальдің қоюшы режиссері – Талғат Тәжіковтің айтуынша, спектакльдің соңында осындай әлеуметтік мәселелердің туындауына кім кінәлі деген сауал қойылады.
«Кейбір жастардың ұрлыққа баратынына, бір отбасы мүшелерінің, жақын ағайынның арасындағы араздыққа, түсінбеушілікке кім кінәлі? Қойылым – жанры бойынша отбасылық драма. Қойылымда үлкенге деген құрмет, кішіге деген ізет, отбасында әркімнің өз орны бар, соны білу, жоғалтпау, отбасылық құндылықтарды сақтау сияқты мәселелер бар. Біз бұл спектакльді облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ұсынысымен қойдық. Әсіресе осында жатқан азаматтарға ой салатын дүние», дейді режиссер.
Облыстық ҚАЖД баспасөз қызметінің маманы Динара Сүйлейменованың айтуынша, шынайы өмірден алынған оқиғаларды арқау еткен мұндай драмалық қойылымдар сотталғандардың мінез-құлқын түзеп, жамандықтан тыйылуына көп ықпал етеді. Бүгінгі өтіп жатқан іс-шараның мақсаты да осы – нағыз өмірінің дер шағын темір тордың ар жағында өткізіп жатқан азаматтардың жүрегіне жылу ұялатып, өздерін еш жамандыққа қимайтын аналарының, туған-туыс, бауырларының бар екенін естеріне салу. Сол арқылы әркімнің өз жүріс-тұрысын, ниетін түзеуіне ықпал ету.
Мекеме қызметкерлері мұндай іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.
Қостанай облысы