Халық • 06 Маусым, 2024

Сағындым сені, Сандықтау!

66 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Ер туған жеріне» деген қанатты сөздің астарындағы мазмұнды Германиядан туған жеріне қоныс аударған Кривошеев-Клеустер отбасының тағдырымен таныс болған кезде жете түсінгендеймін.

Сағындым сені, Сандықтау!

Бозбала мен бойжеткен Евгений мен Елена 2002 жылы ата-аналарымен бірге Гер­ма­нияға қоныс аударыпты. Брюг­ген қаласында тұрған. Осы жер­де екі жас бір-бірімен таны­сып, дәм-тұздары жарасып, шаңырақ көтерген. Ит басына іркіт төгілген молшылық, төрт құбыласы тегіс бақуатты өмір, әлеуметтік тұрмыстық жағдайы айта қаларлықтай. Әйтсе де, жатса да, тұрса да жандарына жай тапқызбаған бір уайым бар. Ол уайым кір жуып, кіндік кес­кен қасиетті топырағы – қазақ даласы. Салқын самал ескен, табиғаты тамылжыған Сандықтау өлкесі. Жаз болса жасыл желегі жайқалып, ит тұмсығы өтпес қалың орманның қойнауындағы мың сан құс бар даланы күйге бөлеп, тебірене тербеліп жатар еді. Жалаулы жасыл дүниеде сарытап сағыныштан құдіретті ештеңе жоқ-ау, сірә. Күндердің бір күнінде өздері елім деп санайтын, жерім деп қадірлейтін армандай алыс қазақ даласының бір қиырындағы сырлы өлке Сандықтауға жетіп жығылмақ болып шешкен. Евгений болса Балкашин селосында туған, ал Елена Қарағандының қызы. Бұлардың біржола қоныс аударатынын естіген ата-ана басу айтқан. «Сендер келгелі де аттай жиырма жыл уақыт өтті. Үйренетін кездерің болды емес пе? Бар ағайын-туысың осында» десе керек олар.

Ата-ананың тыйымынан ту­ған жерге деген сағыныш әлде­қай­да күшті болып шығыпты. Қазір егіз перзенттері Ник пен Мишель Балкашин селосындағы №1 орта мектептің 8-сыныбын жақсы аяқтады. Бірнеше тілді білетін балалар енді қазақ тілін тереңірек оқып үйреніп жүр. Қолдары қалт етсе, елді мекеннің іргесіндегі сырлы Сандықтаудың қойнауын аралап, саф ауасын жұтып, сырға бөккен сан­дық тастарын суретке түсіріп, рахатқа батады. Ата-анасы да мәз-мейрам. Германияда кемдік көрген жоқ еді. Өз отбастарына табыстары жетіп артылатын. Евгений пластикалық терезе мен есік салумен айналысты. Табысы тәп-тәуір. Баспаналы болды, жаңа көлік сатып алды. Ал Елена болса қоғамдық тамақтандыру саласында жұмыс істеді. Әйтсе де, ес біліп етек жапқалы саналарына сіңген қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрып балаларды өсіріп жетілдіру үшін әлдеқайда тиімді тәрізді.

– Мәселен, – дейді Евгений, – шетелдегі түсінік басқа. Еркіндік болғанымен, біздің ақылға сыймайтын еркіндік. Біздің түсінікте ар-ұят, әдеп арнасына сыймайтын қалыпта кездеседі. Бауыр еті балаларымызды тәрбиелеп өсіру үшін бізге осындай орта керек.

Шын мәнінде, туған еліне ба­ла­­ларының қалауына байланыс­ты оралыпты. Әсіресе егіздер. Ник пен Мишель Балкашиноға мейман болып бір келгенінде тұмса табиғаттың тұнығына таңыр­қа­ған. Бәлкім, қанмен бері­летін қасиет болар, әкелерінің өмір­ге келген Отанын құлай сүйіп қалған. Бір өкініштісі, 17 жастағы қызы Эмили жерсінбей, қайта кетіп қалыпты.

Кіші қыздары Мишельдің айтуына қарағанда, Балкашинодағы өмір тым жақсы, өзіне ұнайды. Ал ана жақта ұдайы қадағалау, қиыс басса айыппұл арқалататын тар шеңбердегі өмір. Әкесінің еліне тастай батып, судай сіңіп кеткен жайы бар. Құрбыларымен де танысып, етене жақын араласып, достасып кетіпті. Неміс, ағылшын, орыс тілдерінде еркін сөйлейтін Мишель қазақ тілін де еркін меңгергісі келеді. Мұндағы мектепте жақсы деген баға алып жүр.

– Германия – дамыған мемлекет, – дейді Евгений. – Әйтсе де мені Қазақстанның қазіргі ты­ныс-тіршілігі, бет алысы қуанта­ды. Сонау 2002 жылы біз көш­кен кезде қиыншылық болып еді. Көшеде шамдар да жан­байтын, жол да бұзылып жат­ты. Көпқабатты үйлерді қиратып, қабырғаларын сөгіп, бұзып ала бастады. Ата-анамыз біздің жағ­дайымызды ойлаған болуы керек. Германияға қоныс аударды. Енді біз балаларымыздың бо­лашағы үшін туған өлкемізге келіп, қазығымызды қағып отырмыз. Қазір бұрынғы көңіліңді түсіретін көрініс жоқ. Жаңа үйлер, түзу жол салынып жатыр. Қай тарапқа қарасаң да алға басушылық байқалады. Цифрландыру да жап-жақсы деңгейге көтеріліп қалыпты. Ал ел пейілі бұрынғысынша, ең ыстығы да сол.

Отағасы қазір құжаттарын рәсімдеп болған соң жұмыс іздемек. Табылатынына сенімді. Туған топырағын аңсап келген аптал азаматтың еңбексіз қарап отыра алмайтыны белгілі.

 

Ақмола облысы,

Сандықтау ауданы