Оқиға • 05 Маусым, 2024

Қостанайлық ұландар бір түнде қос қайғыға тосқауыл болды

54 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайлық офицерлер бір түнде екі оқыс оқиғаның алдын-алып, полиция қызметкерлеріне көмек көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанайлық ұландар бір түнде қос қайғыға тосқауыл болды

Фото: ҚР ІІМ Ұлттық ұланы “Орталық” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Оқиға 4 маусым күні сағат 19:10 шамасында болды. Ұлттық ұланның 6697 әскери бөлімі әскери полициясының аға анықтаушысы лейтенант Әлімжан Рүстемов қызметтен үйіне келе жатып, Қобыланды батыр көшесі бойындағы үйдің маңына жиналған адамдарды байқаған. Жиналған қауымның назарын бесінші қабаттан секіргелі тұрған 13-14 жасар қыз аудартты. Ұландық офицер уақыт жоғалтпай, бірден қыздың пәтеріне қарай жүгіріп барып, секірудің алдын алу мақсатында, қызды алдау әрекеті арқылы құтқарып қалды.

«Секіруге бекінген қыз баланың пәтерін нақты білмесем де, жобамен тауып алармын деп жылдам жетіп бардым. Қасында қарт атасы бар екен. Дегенмен, қыздың ісінен мүлдем сөзге келіспеушілік барын байқап, алдарқата тұрып, тәуекелмен ұмтылдым», дейді лейтенант Рүстемов.

Оқиға орнына дереу жедел-жәрдем шақырылды. Қазіргі уақытта жасөспірім жақындарының қасында.

Дәл осы кеште сағат 20:10 кезінде жоғарыда аталған әскери бөлімнің маманы кіші сержант Ернар Айдарбек те тәртіп бұзушыны ұстауға септігін тигізді. Ол Қостанай қаласы бойынша полиция департаментінде жедел басқару орталығында қызмет атқару барысында бақылау камераларынан Абай – Гоголь көшелері қиылысында жаяу жүргіншіні көлікпен қағып, оқиға орнынан бой тасалаған TAN маркалы автокөлігін байқады. Нұсқаулық  ережелеріне сай, әскери қызметші оқиғаны бірден полицияға баяндады. Шұғыл хабарламаның арқасында оқиға орнына жедел жеткен полицейлер тәртіп бұзушыны бірден қолға түсіген.

Аталмыш оқиға бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті