«Адамға өскен ортасы ықпал етпей қоймайтын тәрізді. Мысалы, мен Түркістан облысынан әскерге шақырылдым. Жалынды студенттік жылдардан кейін зырылдаған өмір күрт өзгеріске ұшырайтындай болып көрінетін де тұратын. Еңселі білім ордасын өзіңмен бірге тәмамдаған үзеңгілес қатарластарың жалақысы жоғары жұмысқа кіріп, аздаған уақыттан кейін баз біреуі қымбат көлік тізгіндеп, кейбіреуі болса үйлі болып шыға келеді. Ал сенің әлі де шай-пұлыңнан аспайтын жалақыға қарап күнелткенің шынымен жаныңа батады. Мардымсыз нәпақаны талғажау еткеніңе бурадай буырқанып аласұрғаныңмен, іштей тынасың. Мен сияқты қомақты ақша төлейтін лайықты жұмыс тапсам деген аудандағы жолдас жігіт те талай кеңселердің табалдырығын тоздырып, кенеуі кетті. Екеумізді бокс үйірмесі таныстырған. Талай жыл атақты боксшы боламын деп былғары қолғап кигенім бар», деп бастады сөзін кейіпкеріміз.
Өмірдің күйбең тірлігі мен ауыртпалық адам баласын әртүрлі жолға салады. Өкінішке қарай, аз ғана уақыттың ішінде астына су жаңа көлік мініп, шықырлатып ақша санап жүрген досының іс-әрекеті күдік тудыра бастаған. Арада біраз жыл өткенде жол үстінде келе жатқан ол «Ананы ұстаңдар» деп көшені басына көтерген дауыстан жалт қараған. Көз жүгіртім жерде медициналық бетпердемен тұмшаланған біреу тура алдынан орғи жүгіріп бара жатыр. Артынан тұра ұмтылғандарға жеткізер емес. Дене болмысы өзінің бұрынғы досына келіңкірейді екен.
«Күдіктіден көзжазым жерден айырылып, ашуға булыққан қуғыншылардан жеткізбей кеткен желаяқтың кім екенін сұрадым. Үй ауласына есірткі жасырып жүрген өзімнің танысым екенін білгенде, төбе шашым тік тұрды. Бір мезетте мұндай қадамға барған адамды соңына дейін өзімнің танысым емес екеніне сендіріп те көрдім», дейді Оразбек Ермекбай.
Сол күні жол бойы замандастарының жаман әдетке құмар болып, жеңіл жолмен ақша табуға ұмтылуы ұлтқа жапа шектіріп жатқанын ой елегінен өткізген ол осы оқиғадан кейін қоғам дертіне қарсы күресуді мақсат еткен екен.
«Өкініштісі сол, қазір синтетикалық заттарды тасуға әуес жастар көп. «Курьер қажет» деп шақырып алып, қылмысқа итермелейтіндердің құрығына ілінген танысымның тағдырластарына тосқауыл болу керек деп ойладым. Қазір Ұлттық ұлан қатарында, есірткі тасымалдаушыларды құрықтап жүрмін. Осылайша, есірткінің таралу жолдарына балта шабуға тырысып келемін. Ұлттық ұлан сапында қызмет етуімнің де себебі осында жатыр. «Әскери бөлім – өмірлік мақсаттарымның жүзеге асуына серпін берген мекен» деп жиі айтатыным да сондықтан», деп ағынан жарылды ол.
Алайда сарбаз атану үшін алға қойған мақсат аздық етеді. Бұл үшін таудай талап, қажырлы еңбек пен жоғары жауапкершілік қажет. «Қылмысқа тосқауыл болу үшін жаяу жасақ құрамындағы мерзімді әскери қызметшілердің жекпе-жек ұрыс тәсілдерді жетік меңгеру деңгейлері әрқашан сын-сынақтан өтіп, үнемі бақылауда болады. Өйткені жауынгерлік қызмет кезінде бұзақы қол көтеріп, суық қару пайдаланған сәтте тойтарыс беруі керек. Шаршы алаңда тер төгіп, байрақты бәсекеде топ жармасам да, жұдырықтасу өнеріне әбден дағдыланғаным қызмет барысында көп көмегін тигізеді. Қазір бұл жерде де физикалық дайындығымды күн сайын шыңдаймын. Өйткені қылмыскерді құрықтауда ширақ қимыл аса қажет», дейді Оразбек.
Сарбаз үшін тұрғындардың тыныштығы, бейбіт өмірден асқан марапат жоқ. Сондықтан Оразбек Ермекбай күнделікті әскери міндетін абыроймен атқаруды басты парызы деп біледі. Мәселен, сәуір айынан бастап әскери бөлімінің жауынгерлерімен, полиция қызметкерлерімен, бірлесе отырып, ішкі істер органдарына түрлі құқық бұзғаны үшін жүзден аса адамды жеткізген. Қатардағы жауынгер Оразбектің де бұл бағытта атқарған жұмысы жетерлік.