Білім • 08 Маусым, 2024

ҰБТ үздіктері

2008 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Түлектер мен талапкерлер арасында «Нағыз ҰБТ» аталып кеткен шешуші сынақ жүріп жатыр. Бұлай аталуының салмақты себебі де бар. Өйткені дәл осы негізгі ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) нәтижесімен үміткерлер грант конкурсына қатысады. Бүгін тестілеуде жоғары ұпай жинаған үздіктер туралы сөз етпекпіз.

ҰБТ үздіктері

Болашақ мұғалім

Елімізде негізгі ҰБТ-ның басталғанына үш апта болды. Әзірге тестілеудің барлық 140 сұрағына жауап беріп, бірде-бір сұрақтан мүдірмеген үміткер кездеспеді. Ал осы уақыт аралығында тапсыр­ған­дардың ең жоғарысы 138 балл болып тұр. Мұндай нәтиже – Түркістан облысына қарасты Кентау қаласындағы жекеменшік мектептің оқушысы Қожанов Айдос Хайруллаұлыныкі. Айдос 10 жыл бойы № 16 Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейінде оқып, 11-сыныпта «Кентау-Грант» жекеменшік мектебіне ауысқан екен. Кейіпкеріміз жыл бойы мектептегі ҰБТ-ның байқау сынақтарында 1-орынды бермей келіпті.

– Айдостың ең басты ерек­шелігі – оның табан­дылығында. Ол өте тәртіпті, бұл жерде оқуға, ізденуге деген темірдей тәр­тіп­тің иесі екенін меңзеп отыр­мын. Сонымен қатар өзіне жоғары талап қоя біледі, таң­ғы 7-ден түнгі уақытқа дейін та­бан алдырмай жоспарлаған істе­рін орындауға бар зейінін ауда­ра­ды, өзін үнемі қадағалап отырады. Адами қасиеттеріне келсем, жақын­дарына жанашыр, сынып­тас­тарына мейірімді, тест тал­дауларында өзінің білгенін құр­дастарына жан-жақты түсіндіріп беруден жалықпайды. Жалпы, мектепте де, сыныпта да өз орнын таба білген оқушы, – дейді ұстазы Елмұрат Досымов.

 

Жанашыр жолдас

Редакциямызға оқырмандар тарапынан су басқан өңірлердегі түлектерге ҰБТ-да қан­дай да бір жеңілдіктер бар-жоғын сұрап хабар­ласқандар болды. Төтенше жағдайдың себе­бінен үміткерлер тестілеуге дайындалатын бі­р­неше күнін жоғалтып алған шығар, бірақ бұл талапты да талантты талапкерге тоқтау емес екен. Оған дәлел – негізгі ҰБТ-дан 137 балл алған Ақтөбе қаласындағы Мәрия Құр­манғалиева атындағы №32 мектеп-гимназия түлегі Айшат Сағынаева. Кейіп­кері­міздің сынып жетекшісі Гүлжазира Нұрлы­бекқызы Айшаттың білімге жүйрік қана емес, жолдас­тарына жанашыр екенін жеткізді.

– Айшат біздің мектепке 7-сыныпта ауысып келді. Сол кезден бері оған қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беремін. Ол – өте зерек, жан-жақты оқушы, «Алтын белгіге» үміткер. Оның бар ынта-жігері білім алуға шоғырланған, өзінің байыпты, сабырлы мінезімен осындай нәтижеге қол жеткізіп отыр. Айшат оқуда озат болуымен қатар, адами қасиеттері де жоға­ры. Жалғыз өзі ғана үздік болуды көздемей, сы­ныпта тақырыпты түсінбей қалған, оқып үлгер­мей жатқан жолдастарына кәдімгідей уақытын бөліп, түсіндіріп, көмектесіп оты­ра­ды. Шәкіртім көбіне осы қазақ тілі мен әдебиеті­нен шығармашылық байқауларға, атап айтқан­да, эссе жазу, Абайтану олимпиада­ларына, Әбіш Кекілбайұлы оқулары сайысына қатысты, – деді Г.Нұрлыбекқызы.

Мұғалімнің айтуынша, кейіпкеріміз – дебат турнирлерінің де үздігі. Ол республикалық дебат турнирінен 1-орынды жеңіп, министрдің қолынан марапат алған.

 

Жан-жақты жан

ҰБТ үздігінің бірі – Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласында орналасқан Қаныш Сәтбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназияның оқушысы Айбат Суатұлы Өмірзақ. Кейіпкеріміз негізгі ұлттық бірыңғай тестілеуден 137 балл жинаған. Сынып жетекшiсi Қарлығаш Мұхтарқызы Айбаттың үнемі ізденісте жүретінін жеткізді.

– Айбат біздің гимназияда 1-сыныптан бастап оқиды. Ол – сабырлы, мейірімді, ба­йыпты, адамдармен тез тіл табысып кететін, сыныптастарының арасында беделді оқушы. Үнемі ізденісте жүреді, география пәніне деген қызығушылығы өте зор. Шәкіртіміз өзінің, ұстаздарының еңбегі нәтижесінде ҰБТ-да жоғары нәтижеге қол жеткізіп отыр. Мектептегі іс-шараларға белсенді қатысып қана қоймай, мектеп өміріне жауапкершілікпен қарайды. Ұйымдастырушылық қабілетін ерекше атап өтуге болады. Мектептегі волейбол, футбол, туризм командасының белдi мүшесi. Айбат – көпбалалы отбасынан шыққан тәрбиелі бала. Өзі әдеби кітаптар оқығанды ұнатады, білімін жан-жақты жетілдіріп жү­реді. Айбаттың болашағы жарқын болатынына сенемін, – дейді мұғалімі Қ.Мұхтарқызы.

Осы орайда біз кейіпкерлерімізбен тақы­рыпқа тұздық ретінде аз-кем әңгімелесіп, бәріне бірдей сұрақ қойдық, баласы тест тапсыратын ата-аналар, мұғалімдер, талапкерлерге пайдалы болады деген үмітпен жауаптарын  ұсынамыз.

 

БЛИЦ-СҰХБАТ

«Egemen Qazaqstan»: Қай ма­мандықты таңдадыңыз?

Айдос ҚОЖАНОВ: Мен «математика пәнінің мұғалімі» мамандығын таңдадым.

Айшат САҒЫНАЕВА: Мен болашақта ІТ саласының маманы болғым келеді. Алдағы уақытта ІТ саласының мықты маманы ретінде елімнің дамуына үлес қосуды қалаймын.

Айбат ӨМІРЗАҚ: «Менедж­мент және басқару» мамандығын таңдап отырмын. Болашақта осы салада еңбек еткім келеді.

«Egemen Qazaqstan»: Қандай жоғары оқу орнында оқуды қалайсыз?

Айдос ҚОЖАНОВ: Алматыда білім алуды қалаймын, бірақ әлі университетті таңдамадым.

Айшат САҒЫНАЕВА: ІТ саласы бойынша мамандыққа Алматы қаласындағы Сүлеймен-Демирел атындағы университетте оқуды көздеп отырмын.

Айбат ӨМІРЗАҚ: Астана қаласында Мақсұт Нәрікбаев университетіне түсуді жоспарлап отырмын.

«Egemen Qazaqstan»: ҰБТ-дан үздік болудың сыры неде? Үмкіткер-замандастарыңызға қандай кеңес берер едіңіз?

Айдос ҚОЖАНОВ: ҰБТ-дан үздік болудың сыры – тұрақ­тылықта. Қандай да бір нәрседен жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін сол нәрсемен үнемі, тұрақты айналысу қажет. ҰБТ тапсыратын түлектерге айтарым: қобалжымаңдар, өз­деріңе ғана сеніңдер, әр күндеріңді жос­парлаңдар.

Айшат САҒЫНАЕВА: Ме­ніңше, ҰБТ-дан жоғары балл алу кез келген үміткердің қолы­нан келеді. Ең бастысы, еңбек­те­ніп, дұрыс мақсат қоя біл­се болға­ны. Жоғары нәтиже көр­сетуде білім алған мек­те­бім маған үлкен қолдау көрсетті. Адамның білім базасын қалыптастыра­тын – мектеп. Осы орайда мек­те­бі­ме, сабақ бер­ген мұғалімдеріме алғыс айтамын! Тестілеуге дайындықты 10-сыныптан бастадым. Дайындалу­да мектептің білімімен шекте­ліп қоймай, қосымша онлайн курстарға қатыстым. Талапкер за­мандастарыма еш уайымда­май, алға дұрыс мақсат қоя білуге, ­сол мақсаттың жолында еңбек етуге кеңес беремін.

Айбат ӨМІРЗАҚ: ҰБТ-да үздік болудың сыры – табанды еңбек пен төзімділік. Тек көп еңбектеніп, жоғары нәтижеге жетуге болады. Әрине, бұл жолда гимназиямның сіңірген еңбегі өл­шеусіз. Болашақ түлектерге дайындықты ерте бастап, бір­ге дайындалатын дос тауып, барлық уақытты оқуға арнауға шақырамын.

«Egemen Qazaqstan»: Осыған дейінгі сынақ тестілеулерде қан­ша балл жинадыңыз?

Айдос ҚОЖАНОВ: Қаң­тар­дағы ҰБТ-да – 132, наурызда 122 балл жинадым.

Айшат САҒЫНАЕВА: Қаң­тардағы ҰБТ-да – 121, наурызда 133 балл алдым.

Айбат ӨМІРЗАҚ: Қаңтардағы ҰБТ-да – 113, наурызда 124 балл жинадым.