Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
5 мың қамкөңіл бала
Статистикаға сенсек, қазір елімізде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың саны бес мыңға жуықтайды. Бала асырап алушылардың кезегі одан көп. Бақытты балалық шақ отбасында өткені дұрыс-ақ. Бұл ретте өзгенің баласын өзекке теппей, бауырына басқысы келетіндердің саны артып отырғаны қуантады. Бірақ статистикаға қарап, бөрікті аспанға ату ерте. Себебі мемлекет қамқорлығынан алынған балалардың барлығы бірдей ата-ана мейірімін көріп, шекесі шылқып жүр деуге келмейді. Бұдан бөлек, балаларды кері қайтарып беретін отбасылар да бар. Аманат етіп алған баласына азғындық көрсетіп, тағдырын талқандап, асырап алған отбасының отымен кіріп, күлімен шығатыны туралы да жиі естіп жүрміз.
Негізінде, заң жетімнің құқығын қорғауға толығымен дайын. Осы күні балаларды асырап алатын ата-аналарды түрлі тексерістен өткізетін орталықтар жұмыс істеп тұр. Қосымша төрт жылдан бері әлеуетті асырап алушыларды міндетті психологиялық-педагогикалық даярлау қоса енгізілді. Әйтсе де, осынша тексерістен өтіп, арнайы сертификат алған соң, баланы таяқтың астына алу оқиғалары азаймай тұр. Бір айта кетерлігі, бала асырап алуға саналы түрде барып, артынша ойынан айнып қалатындарға ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған. Бала асырап алушылардың қара тізіміне енгізілмесе, мемлекет берген біржолғы жәрдемақыдан бөлек, ай сайын төленетін қаражатты қайтаруға да міндеттелмейді.
Қорғаншылықтағы қиын өмір
Қазір үш жыл ішінде алты баланы асырап алып, оларға зорлық-зомбылық көрсеткен Шымкент тұрғыны заң алдында жауап беріп жатыр. Жаға ұстатар осы оқиғада қамқоршылық органдары бала асырап алуға арналған құжаттарды дайындап бергенімен, одан кейінгі өмірі қалай өріліп жатқаны қызықтырмаған секілді. Өйткені осы жылдарда олар балаларды асырап алушылардың үйіне бірде-бір рет бас сұқпаған. Балалардың өздері тиісті орынға хабарласып, көмек сұрамағанда тастанды балалардың азапты күндері жалғаса берер ме еді, кім білсін. Соның өзінде асырап алған ұлын ер адам балалар үйіне хабарласқаны үшін аузына ат ауыздығын салып, соққыға жыққан. Жылдар бойы жетімдер мұндай тепкінің астында талай рет қалған. Сұраушысы жоқ балаларға үйдің бүкіл тірлігін істетіп, ит пен өлген малдың етін жегізген. Суық еденде ұйықтатқандарын былай қойғанда, қожайын нәжісін балалардың бетіне жағып, зәрін ішкізген. Тіпті түннің бір уағында оятып, малдың соңына салған асырап алушылардың салған тән жарақаты жазылғанымен, жан жарасы жазылар ма екен?
Биыл асырап алған анасынан қорлық көрген тоғыз жастағы балдырғанның да басындағы оқиғаға қабырғасы қайыспаған жан жоқ. Көптің жағасын ұстатқан бейнежазбада шашының жартысы түсіп, мойны мен құлағы жарадан көрінбейтін балдырған асырап алған анасынан көрген қорлығын тізбектеп айтып беріп отыр. Тоғыз жасар Раминаны Еңбекшіқазақ ауданы Ташкенсаз аулындағы мектептің бірінде география пәнінен сабақ беретін әйел асырап алған. Сондай-ақ биыл Жезқазған қаласында да патронаттық тәрбиедегі 3 баланың қорлық көріп келгені анықталды. Екі жыл бұрын Алматы облысының Іле ауданында да ерлі-зайыпты асырап алған балаларын ұрып-соғып жатқаны түсірілген бейнежазба тараған. Көршілердің айтуынша, мұндай жағдай бұл отбасында жиі болады. Балалардың жан даусын естіген олар бірнеше рет тиісті органға да хабарласады. Алайда жетімдердің тағдырына жауапты білім бөліміндегілер шара қолдануға құлықсыздық танытып келген.
Әрине, патронаттыққа алған отбасылардың барлығына топырақ шашудан аулақпыз. Олардың арасында да үлгілі әке, мейірімді ана болып отырғандар көп. Бірақ балаларды жұмыс күші ретінде пайдаланып жатқан отбасылар туралы жиі айтылуы жақсылық емес. Соның ішінде асырап алған отбасыларда қыз балаларға зорлық көрсеткен жағдайлар да бар. Өзекті өртейтіні сол, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар екі оттың ортасында қалып қойды.
Қамқоршылық қызметкері қат
Жуырда Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты жетімдердің жайын тағы қозғады. Тағы деп отырғанымыз, бұған дейін де олар қорғаншылық және қамқоршылық, бала құқықтарын қорғау қызметтерінің жай-күйі туралы мәселені бірнеше рет көтерген. Депутаттардың айтуынша, елдегі бала құқығы Конституциядан бастап бірқатар заңмен реттеледі. Бұл мәселе Мемлекет басшысы мен жалпы қоғамның назарында болғанына қарамастан, отбасы қамқорлығына алынған балалардың аянышты тағдыры азаймай тұр.
Осыдан аз ғана уақыт бұрын депутаттардың келтірген дерегінде республикадағы 22 081 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың 18 291-і отбасыларда тәрбиеленіп отырғаны айтылды. Оның ішінде қорғаншылық және қамқоршылықта –16 197, патронаттық тәрбиеде – 1 743, патронаттық тәрбиеге алынғандардың саны – 351. Алайда күні кеше министрлік өкілдерінің журналистерге берген баспасөз брифингінде бұл сан әлдеқайда азайған. Мәселен, соңғы статистикада елде 21 387 жетім баланың 17 660-ы ғана отбасыларда тәрбиеленіп жатқаны келтірілген. Бұған қоса жыл сайын отбасына 1000-нан астам жетім бала қабылданатыны, ал Тәлімгерлік институты енгізілгелі елде 300-ден астам адам жетім балаларға тәлімгер болғаны келтіріледі. Демек бұл статистика асырауға берілген балалардың орталыққа көбіне кері қайтарылатынын көрсетіп беретін сыңайлы. Айтпақшы, осынша баланың жай-күйін қадағалауға тиіс қорғаншылық және қамқоршылық органдары қызметкерлерінің республика бойынша штаттық саны небәрі 421 маманды құрайды. Соның ішінде 263-і – мемлекеттік қызметшілер, 158-і – әдіскер. Яғни елімізде 1 қызметкер 17 мың баланың тағдырына жауапты. Ал Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы, Түркістан облыстарында бір қызметкерге 30-дан 100 мыңға дейін бала келеді. Қорғаншылық мамандарының негізгі қызметінен бөлек, қосымша жұмысы көп. Бұдан басқа мамандар ұзақ сот үдерістеріне қатысады. Соған қарамастан қызметтік көлігі, корпоративтік байланысы және бейнежазбасы жоқ олардың жұмыс күні тұрақты емес. Түнгі уақыт, демалыс, мереке күндері жұмысқа шыққаны үшін ақы төленбейді. Тіпті қауіпсіздігі қамтамасыз етілмейтін мамандардың кейбір кездері қолайсыз отбасылармен жұмыс істеу кезінде өз бастарына қауіп төнген жағдай жиі кездеседі екен. Сондықтан депутат Ажар Сағындықова мемлекеттің қорғаншылық және қамқоршылық органдарының проблемаларына қатынасын қайта қарау керек екенін айтады. Бұл қызметкерлердің қызметі мен лауазымдық міндеттері туралы ережелерді түбегейлі қайта қараудан басталып, осы ұйымдардың штатын ұлғайту уақыт күттірмеуге тиіс екенін жеткізген ол: «Ата-аналардың асырап алған балаларына деген қарым-қатынасының дұрыс емес екенін көп естиміз. Балалардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті күшейту қажет. Біз әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі туралы заңды өзгерттік. Алайда балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың жағдайын бақылауды екі есе күшейту керек», дейді.
Қадағалаушыға сын көп
Елдегі қорғаншылық және қамқоршылық өкілдері өз жұмысын жоғары деңгейде атқарса, жетімнің ақысын жеп, тастандылардың тағдырын бұлай талқандауға жол берілмес еді. Адвокат Тілеужан Кішкенебаевтың айтуынша, қолданыстағы заңға сәйкес туысқандардың тәрбиесінде қалған балаларды да жиі тексеріп, құқығы бұзылса, орталыққа қайтару керек. Өкінішке қарай, елдегі кейбір қорғаншылық ұйымдарының салғырттығы ерлі-зайыптыларды соттасуға дейін жеткізіп, негізсіз ата-ана құқығынан айыруға дейін апарып жатады. «Ал баланың алдында жауапкершілік алып, асырап алуға саналы түрде барған адамдардың жаға ұстатар сұмдықтары өңірлердегі уәкілетті органдардың тиісті деңгейде тексеріс жүргізбегенінен туындап отыр. Қазір құлдықта ұстау үшін бала асырап алған жағдай да жиі кездеседі», дейді заңгер.
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова «Неке және отбасы туралы» кодекске сәйкес бала асырап алушылар бала 18 жасқа толғанға дейін жылына кемінде бір рет қорғаншылық немесе қамқоршылық органдарына өмір сүруі, оқуы, тәрбиеленуі мен денсаулығына қатысты есеп беруге тиіс екенін айтады. Осы заңда ата-ана құқынан айырылмаған немесе шектелмеген, тұрақты тұратын, сотталмаған, нарколог, психологтің есебінде тұрмайтын, табысы мен баспанасы бар адамдар ғана бала асырап алуға болатыны да тайға таңба басқандай көрсетілген. Сондай-ақ бала асырап алушылар міндетті түрде психологиялық дайындықтан өтуі керек. Бала асырап алушыларға қойылатын талаптар кодекстің 91-бабында регламенттелген.
Тиісті мекемелердің дайындығынан өткен асырап алушылардың айуандық әрекеті тексерістің үнемі талапқа сай өтпейтінін көрсетеді. Мысалы, биыл ақпанда Шымкент қаласында қамқорлыққа алынған бала өзінің бұрынғы балаларды қолдау орталығының тәрбиешісіне 5 жас баланы ұзақ уақыт бойы ұрып-соғып, қорлаған қамқоршысына шағымданған. Сәуірде Ақмола облысында патронат тәрбиешісі 5 баланы жүйелі түрде ұрып-соққан. Сұмдығы сол, балалардың біреуі бірнеше жыл бұрын қайтыс болғаны былай тұрсын, асырап алушылар баланың мүрдесін көкөніс бақшасында жерлеген. Алматы облысында да 5 жылдан астам уақыт патронаттық тәрбиеге берілген 10 бала қатыгездікке ұшырап келген. Осы оқиғалардың барлығында зорлық болған отбасыларға қамқоршылық және қамқоршылық бөлімдерінің мамандары тексеріс жүргізіп, балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін таппай жүрген. Сырттай жүргізілетін мұндай қадағалау жалғаса берсе, жетімдердің басынан әлі таяқ арылмайды. Балалар үйіне жүргізілетін тексеріс тәртібінің өзгертетін тұсы көп. Айталық, орталыққа тексеріс келетіні ресми түрде айтылуы керек. Бұл уақыт ішінде орталық өкілдері сақадай-сай дайындалып алары анық. Дәл сол секілді асырап алушылардың отбасында да жарты жылда бір рет жүргізілетін тексеріс тиімді болып отырған жоқ. Жылына бір рет келетін тексеріс 10 күн бұрын хабарланады екен. Осы он күн ішінде отбасында «түсіндіру» жұмысы жүретіні заңдылық. Демек балалармен сенімді қарым-қатынастың орнатылмауы асырап алушылардың ойына келгенін істеуге септігін тигізеді. Себебі сұраушысы жоқ жетімдерді өзге елдердегідей бала құқығын қорғайтын ұйымдардың қызметкерлері тәулік бойы бақылап отырмайды.