Қаржы • 08 Маусым, 2024

Банктерге бұйыратын 500 млрд: Қай қаржы институты қатысады?

181 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) 500 млрд теңге көлеміндегі қаражаты банк облигацияларын сатып алуға жұмсалады. Өз кезегінде қаржы институттары ол ақшаны бизнеске несие ретінде ұсынуға тиіс. Банктерге үш негізгі талап қойылады: «В» деңгейінен төмен емес несие рейтингінің болуы, меншік капиталының 60 млрд теңгеден кем болмауы және өтеу мерзімі 7 жылдан аспайтын нарықтық табыстылықпен облигация шығару арқылы бизнеске несие беру.

Банктерге бұйыратын 500 млрд: Қай қаржы институты қатысады?

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Қаржы ұйымдары және нарық  тәуекелі

Жоба аясында көтерме және бөлшек саудаға, тұрғын үй құрылысына, тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүлікпен мәмілеге, қаржылық қыз­мет, кеңес беру қызметіне, сауда орта­лықтарының қызметіне несие ұсы­ну­ға жол берілмейді. Қаржы кредитті қайта қаржыландыру және айналым қара­жа­тын толықтыру бойынша да жұм­сал­майды. Миллиардтаған теңге эко­но­ми­каның өсімі мен әртараптан­ды­руын қам­­тамасыз ететін жобаларға бағыт­талуы керек.

Ұлттық банк (ҰБ) төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жобаға әзірге қай банк қаты­сатынын айту ерте, дегенмен тізім жасалған дейді.

«Біріншіден, капитал бойынша, рейтинг бойынша, несие тарихы бойынша біз­дің талаптарымызға сай келетін банк­­­тер анықталды. Екіншіден, сома да нақ­тыланды. Үшіншіден, инвестиция салуға болатын салалар белгіленді. Бәрі дайын, бірақ бағдарлама әлі іске қосылмады. Жақын арада бас­таймыз деп ойлаймын. Бұл бастама кор­по­ративті несие беру саласына оң әсер етеді. Банк­тер­де қаражатты орналас­тыру үшінші тоқсанға жоспарланып отыр», дейді.

Сүлейменовтің сөзінше, елде қаржы­лан­дыруды күтіп тұрған жоба жетіп артылады.

«Екінші деңгейлі банктер көтеріп отырған ең негізгі проблема – ұзын тең­ге­лей ресурстардың қолжетімділігі. Қа­зір олар­да бар ресурс – депозиттер, ол ұзын ақ­шаға жатпайды. Яғни депозитті кез кел­ген уа­қытта қайтарып алуға болады және банктер үшін ұзақмерзімді несиелерді құрылымдау оңай емес. Ал БЖЗҚ қаражаты – ұзын теңгелей ресурс­тар. Ол ел экономикасына жұмыс істеуге тиіс. Осылайша, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және «Бәйтерек» БЖЗҚ портфелінің бір бөлігін банк облигациясына инвес­ти­циялау мүмкіндігін қарастырды. Бұл ақша тек қана корпоративті сегмент­ке бағыт­талады. Біз қазір өңдеуші өнер­кәсіп, ауыл шаруашылығы, өңдеу сияқты түйт­кілді салаларға басымдық береміз», деді ҰБ басшысы.

Осы орайда екінші деңгейлі банк­терге хабарласып, жоба туралы пікір­ле­­рін білдіруді сұраған едік. «Центр Кредит­Банкі» «Банк жобаға қатысу туралы пікір білдіруге дайын емес», деп мәлімдеді. Ал «Еуразиялық банк» жауабында «Бұл бағдарламаға қатысу үшін екінші деңгейлі банктер меншікті капиталдың ең төменгі талаптарын орындауы керек. Орналастырылатын облига­ция­лардың жоғары мөлшерлемелерін ескере отырып, бұл қаражатты заңды тұл­ға­ларға несиеге беру тиімділігі шек­теледі», деп жауап берді.

 

Банктер жобаға қатысқысы келеді

«Нұрбанк» баспасөз қызметінің ха­бар­лауынша, қаржы институты бұл бағ­дар­ламаға қатысуға мүдделі.

«Біз бұл бастаманың елдегі кәсіпкер­лікті дамыту үшін маңыздылығын түсі­не­міз және осы бағдарламаға қосылған кезде біз белгіленген критерийлерді қатаң сақтауға және елдегі кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетуге дайынбыз. Қа­зіргі уақытта Қазақстан Қаржы­герлер қауымдастығы сайтында қатысу­шы­лар­дың санын арттыру үшін осы бағдар­ла­ма бойынша екінші деңгейлі банктерге қойылатын талаптарды өзгерту бо­йынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», делінеді банк жауабында.

«RBK Bank» та аталған жобаға қаты­су­дан үмітті. «Банктерге белгілі бір талап­тар қойылатын аталған жоба­ға қа­ты­суды жоспарлаймыз. Бірақ бағ­дар­­лама әлі нақты бекітілген жоқ, сон­дықтан әзірлеушілер ол туралы толық түсініктеме бере алады. Бағдар­ла­ма­ аяқ­тал­ғаннан кейін барып оның тиім­ді­лігін бағалауға болады», дейді «RBK Bank» бас­пасөз қызметі.

Бағдарламаға қатысуды жоспарлап отырған банктер ішінде «Freedom Bank» та бар.

 

Бастаманы сарапшылар қалай бағалайды?

Бұған дейін біраз сарапшы бастама­ның дұрыстығына күмәнмен қараған еді. Телеграмдағы «Protenge» арнасы сарап­шы­ларының айтуынша, зейнетақы қорынан алынған қаражаттың шын мәнінде дұрыс жұм­салып жатқанын бақылап отыру оңайға соқпайды.

«Жоба шартында «қаражатты тұр­ғын үй құрылысына бағыттауға бол­майды» деп бекітілгеніне қара­мас­тан, құры­лысшыларға несие бере­тін шығар? Сонымен қатар қара­жат­тың БЖЗҚ-ға қайтып ораларына да кепіл­дік жоқ. Сарапшылардың түсін­­діруін­ше, егер ақшаны квази­мем­ле­кет­тік компания алса, оның артында кепіл болып мем­лекет тұрар еді. Ал егер ақшаны бұл жолы банк­тер жұм­сайды және оған мемлекеттік кепіл­дік құзыры жүрмейді. Ұлттық банк зейнетақы ақ­ша­сын басқарушы ре­тін­де инвестицияны қайтарып ала ма, жоқ па, 100 пайыз болжай алмайтынын түсінеміз. Бірақ отандық банк­терде бизнеске несие қылып беретін қаржы онсыз да бар емес пе? Неліктен банктерге үсті-үстіне ақша береміз? Неліктен тәуекелге барамыз? Осы жағы түсініксіз», деп жазады олар.

Айта кетейік, Ұлттық банк 2024-2025 жылдары түрлі жобаларды қаржы­лан­дыру мақсатында 1,5 трлн теңге көле­міндегі зейнетақы активін «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» холдингінің облигацияларына салуды жоспарлап отыр.

Негізгі талаптардың бірі – эконо­ми­ка­ның әртараптандырылуы мен өсуін, импортты алмастыруды және жергілікті қамту үлесін арттыруды қамтамасыз ететін жобаларды қаржыландыру. Об­ли­гацияларды сатып алу экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның мақұлдауын және салалық министрліктің қорытындысын алған жобаларды мұқият іріктеу арқылы жүзеге асырылмақ.