Ғылым • 10 Маусым, 2024

Отандық ғылыми журнал әлемдегі ең ірі Elsevier платформасында шығарылады

127 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан, Орталық Азия және ТМД елдерінде алғаш рет «Eurasian Journal of Physics and Functional Materials» ғылыми журналы Digital Commons Elsevier платформасында шығарыла бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отандық ғылыми журнал әлемдегі ең ірі Elsevier платформасында шығарылады

Фото: ЕҰУ

Elsevier - әлемдегі ең ірі ғылыми баспалардың бірі, ол дүние жүзіндегі ғылыми журналдардың барлық мақалаларының төрттен бірін шығарады. 

«Eurasian Journal of Physics and Functional Materials» журналы Еуразия ұлттық университетінде 2017 жылдан бастап ағылшын тілінде шығарылады. Ғылыми басылымның барлық мақалалары да Scopus халықаралық ғылыми деректер базасына енгізілген.

«Eurasian Journal of Physics and Functional Materials» журналы ядролық физика, жоғары энергия физикасы, баламалы және сутегі энергетикасы, т.б. саладағы ғылыми зерттеулердің нәтижелері туралы материалдарды қамтиды.

Журналдың халықаралық редакция алқасының құрамына Қазақстан, Ресей, АҚШ, Франция, Жапония, Финляндия, Швеция, Италия, Өзбекстан, Англия ғалымдары, сондай-ақ CERN және Біріккен ядролық зерттеулер институты сияқты әлемдік деңгейдегі ғылыми ұйымдар кіреді.

«Elsevier компаниясының өзі журналды базаға қосу және электрондық нұсқасын шығару туралы бізге ұсыныспен шықты. Elsevier платформасында «Eurasian Journal of Physics and Functional Materials» журналының жариялануы журналдың ғана емес, Қазақстанның бүкіл ғылыми қоғамдастығының дамуы үшін жаңа перспективалар ашады. Бұл Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да және Қазақстанда жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулер сапасының халықаралық деңгейін мойындау», деп атап өтті журналдың бас редакторы, ЕҰУ «Еуразиялық физика-энергетикалық зерттеулер және жоғары технологиялар институты» ҒЗИ директоры Қайрат Күтербеков.

Ғылыми журнал туралы толығырақ ақпаратты журналдың www.ephys.kz. сайтынан алуға болады.

ф