АҚТӨБЕ. 16 қаңтар. Үстіміздегі жылғы 14 қаңтарда Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлікпен қаза тапқанына 71 жыл толды. Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен жастарды отанды сүюге шақыру, қан майданда қаза тапқан ерлерді еске алу мақсатында «Мәңгілік алау» жанында «Еске алу шырағы» акциясы өтті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Шараға Есет батыр атындағы мектептің түлектері, «Сарбаз» патриоттық клубы, «Жас ұшқыш» мектебі мен қалалық «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының мүшелері қатысты. Олар мәңгілік алау жанындағы ағаштан ойып жасалған 71 санына 71 шырақ жағып, батыр рухына тағзым етті.
«Әлия Молдағұлова асқан ерлігімен Отанға, туған жерге деген сүйіспеншіліктің биік өлшемін көрсетті. 19 жасында қыршын кеткен қаһарман қыздың ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі. Бүгін 71 шырақ жағып, батыр рухына бас иіп, қазақтың батыр қызын құрметтеп еске алдық», – дейді «Қос шынар» қайырымдылық қоры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес.
Сол күні осы шараның жалғасы ретінде №27 мектеп-лицейінің акт залында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованы еске алу және Әлия-Мәншүк атындағы «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің 15 жылдығын атап өтуге арналған кеш өтті. Шарада «Қос шынар» қоғамдық бірлестігі туралы бейнебаян көрсетілді.
Кеңес Одағының Батырлары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ерлік жолдарын зерттеп, ұрпаққа ұлағаттап жүрген бұл қор қазақтың қаһарман қыздарының батырлығын халықтың жадында жаңғыртып отыру бағытында көп шаруа тындырды. Кеште сөз алған бірлестік төрағасы Ғалымжан Байдербес Шығыстың қос шынары Әлия мен Мәншүктің тағдырлас екенін, екеуінің ата-анадан ерте жетім қалғанын, майданға өз еріктерімен сұранып аттанғанын, қан майданда қаһармандықтың ерен үдгісін көрсетіп, Кеңес Одағының Батырлары атанғанын, екеуінің де орыс жерінде, Әлия Новосоколникийде, Мәншүк Невельде қаза болып, мәңгілікке тыныстағанын жеткізді.
Шараның осы мектеп-лицейде өткізілуінің де реті бар екен. Қашанда қазақтың қаһарман қыздарының батырлығын насихаттауға күш-жігерін жұмсап жүрген әлиятанушы Ғалымжан Байдербес халқымыздың батыр қыздарының ерлік жолын біріктіре ұлағатауды жөн көріп, осы білім ошағында Әлия мен Мәншүктің музейін ұйымдастырды. Қазір музейде батыр апаларымыз туралы бір мыңға жуық экспонат бар дейді өзі. Батырларға қатысты іс-шаралар ұдайы өткізіліп тұрады. Кеште Ұлы отан соғысының ардагері Алексей Петров сұрапыл соғыстың ауыртпалығын айта келіп, елімізге тыныштық тіледі, Елбасының майдангерлерді жаңа жылдық құттықтауына ризашылығын білдірді. Мектеп-лицейдің директоры Дәуір Төлемісов музейдің жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің орталығына айналып отырғанын тілге тиек етті. Кеште сөз алғандар Әлия мен Мәншүктің ерлігі кейінгі толқын жастарға үлгі болатынын, халқымыз батыр қыздарын ешқашан естен шығармайтынын айты. Кеште облыстық басқармалар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері бірлестікті 15 жылдғымен құттықтап, сый-сияпаттарын жасады. Шара барысында жергілікті өнерпаздар ән шырқап, би биледі.
Сатыбалды Сәуірбай.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: inform.kz.