Үкімет • 11 Маусым, 2024

Мегаполистерге ірі көкөніс жеткізушілер бекітіледі

47 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маусым айының бірінші апта­сын­да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің орташа баға индексі 0,1%-ға төмендеді. Өңірлердегі баға көр­сеткіші вице-премьер Серік Жұман­­­ғариннің төрағалығымен өткен кеңесте қаралды.

Мегаполистерге ірі көкөніс жеткізушілер бекітіледі

Сауда комитетінің мәліметі бойынша, бір апта ішінде тауар мен көкөністің 10 түріне баға төмендеді: күріш, қарақұмық, күнбағыс майы, сүзбе, 1-сұрыпты ұн, тауық жұмыртқасы, макарон өнімі, сәбіз, пияз және қырыққабат. Картоптың бағасы 4,4%-ға көтерілді. Бұл көкөніс түріне бағаның өсуі Астана, Алматы, Ұлытау, Маңғыстау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында тіркелді.

Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков атап өткендей, егістіктен алынған жаңа өнімнің бағасы қазір тұрақсыз және күн сайын өзгеріп отырады. Дегенмен әкімдіктердің ерте шығатын өнімге форвардтық келісімшарттарды уақтылы жасасуы баға ауытқуларын реттей алады.

Алматыда әлеуметтік өнімдерді жеткізу жағдайына ерекше назар аударылды. Бұл қала бүкіл ел бойынша азық-түлік инфляциясының индексін қалыптастыруға ең үлкен әсер ететін аймақтардың қатарында бірінші тұр. Одан кейін Астана мен Шымкент келеді.

Алматының базарларын тұрақты бағадағы өніммен толтыру үшін көкөністерді тікелей жеткізушілер аздық етеді. Осыған байланыс­ты Серік Жұманғарин ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына жақын маңдағы облыстардан көкөністерге кепілдік беретін жеткізушілерді республикалық маңызы бар үш қалаға бекіту міндетін қойды. Әлеумет­тік-кәсіпкерлік корпорациялар үздіксіз жеткізу кепілдігін қамтамасыз етуге тиіс.

Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер әкімдіктерге бағаны тұрақтандыру мәселелері бойынша ӘКК жұмысын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Атап айтқан­да, 2025 жылдың маусымаралық кезеңін­де қазақстандықтарды тұрақты бағадағы көкөніспен қамтамасыз ету үшін 2024 жылғы 1 тамызға дейін ауыл шаруашылығы та­уарын өндірушілерінен өнім сатып алуды қаржыландыру қажет.