16 Қаңтар, 2015

Шығыс өңірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері марапатталды

304 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_6612ӨСКЕМЕН. 16 қаңтар. Шығыс Қазақстан өңірінің басшысы Даниал Ахметов облыстық Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен, этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен және ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топ мүшелерімен кездесті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Кездесу барысында өңірдегі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Еркінбек Аязбаев 2014 жылы жүзеге асырылған істер жөнінде есеп беріп, ағымдағы жылы атқарылатын жұмыс жоспарымен бөлісті. Хатшылық меңгерушісінің айтуынша, өңірдегі ҚХА мүшелері мен Достық үйлері өткізетін шаралардың саны мен сапасы жыл сайын артып келеді. – Шығыс Қазақстан – облыстық және республикалық деңгейде кең қолдау тапқан этносаралық саладағы жаңа идеялардың бастамашысы болып отырған өңір. «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-акциясы бізде ғана емес, барлық облыстардың қалалары мен аудандарында өткізіліп, үлкен қолдауға ие болды. 2014 жылы акция шеңберінде еліміз бен «Алтай – біздің ортақ үйіміз» жобасы аясында Ресей, Қытай және Моңғолия сияқты жақын орналасқан мемлекеттердегі 113 елді мекенді қамтыған 137 іс-шара өтті. Бұл шаралар 200 мыңнан астам адамды қамтыды, – деді Еркінбек Аязбаев. Бұдан кейін ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың жетекшісі Люция Абдуллина, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ саясаттану және философия кафедрасының профессоры Лидия Столярова және бірқатар этномәдени орталықтардың жетекшілері сөз алып, еліміздегі тұрақтылық пен тағаттылықты қалыптастыруда Елбасының саясатын жүзеге асырып жатқан Ассамблея институтының рөлі ерекше екенін айтты. – Қазақстанда барлық этностардың дәстүрі мен тілін, мәдениетін дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Ассамблея қызметінің арқасында мемлекетіміздің этносаралық мәселелерді тиімді шешуіне мүмкіндік туды. Осы арқылы еліміздің халықаралық қауымдастықтағы абыройы күн санап өсіп келеді. Қырғызстандағы, Украинадағы жағдайлар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығына нұқсан келтіргенін көріп отырмыз. Қазіргі кезде халқының саны жағынан үш есеге аз болғанымен Қазақстанның жалпы ішкі өнімі Украинадан жоғары болып отыр. Мұның барлығы мемлекеттегі этносаралық тұрақтылықтың нәтижесі, – деді өңір басшысы Даниал Ахметов. Ассамблеяның алғашқы жиынында ҚХА мүшесі Владимир Акулов, «Башқұл» аудандық татар мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Хамитов және Бесқарағай аудандық мәслихатының депутаты, ҚХА депутаттық тобының мүшесі Вячеслав Харченко «Бірлік» алтын медалімен марапатталды. Сонымен бірге, беларус этномәдени бірлестігінің төрағасы Галина Жампейісова мен ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Алексей Алексеенко Қазақстан халқы Ассамблеясының алғыс хатына ие болды. Думан Анаш. Дерек: egemen.kz. Сурет: Есімхан Орынбаев. IMG_6588 IMG_6600 IMG_6646