Келесі күні бозкілемге шыққан Азамат Дәулетбековтің жолы болмады. 86 кг салмақта сынға түскен ол Олимпиада мен әлем чемпионатының, Еуропа ойындарының қола жүлдегері албаниялық Майлз Амин мен румыниялық Патрик Пуеспоекиді ұтқанымен, ширек финалда Иранның даңқты пехлеваны Хасан Язданиге жол берді. Ал қола медаль үшін бәсекеде Азаматтың жапониялық Хаято Ишигуроға әлі жетпеді.
Еркін күрестен өткен жарыстың жеңімпаздары: 57 кг – Рей Хигучи (Жапония), 61 кг – Арсен Харутунян (Армения), 65 кг – Котаро Киюоока (Жапония), 70 кг – Арман Андреасян (Армения), 74 кг – Разамбек Жамалов (Өзбекстан), 79 кг – Отари Багаури (Грузия), 86 кг – Хасан Яздани (Иран), 92 кг – Мириани Майсуразде (Грузия), 97 кг – Әлішер Ерғали (Қазақстан), 125 кг Масон Паррис (АҚШ).
Әйелдер күресінің хас шебері Жәмиля Бақбергенова өзінің үйреншікті 72 кг салмақ дәрежесіне қайта оралып, аталған турнирде қарсыластарының барлығынан басым түсті. Нәтижесінде, алтыннан алқа тақты. Дәл осы салмақтағы Гүлмарал Еркебаева қола медальді мойнына ілді. Ал Эмма Тисина мен Марина Седнева (55 кг) және Ирина Казюлина (65 кг) елге құралақан қайтты.
Әйелдер күресінен өткен жарыстың жеңімпаздары: 50 кг – Зеги Фенг (Қытай), 53 кг – Эмма Малмгрен (Швеция), 55 кг – Йовита Мария Вжесень (Польша), 57 кг – Кехин Хонг (Қытай), 59 кг – Алина Филипович (Украина), 62 кг – Ана Паула Гонзалес (Канада), 65 кг – Ирина Бондарь (Украина), 68 кг – Бусе Тосун (Түркия), 72 кг – Жәмиля Бақбергенова (Қазақстан) және 76 кг Татьяна Рентерия (Колумбия).
Грек-рим күресінен өткен жарыста Айдос Сұлтанғали (60 кг), Демеу Жадыраев (77 кг), Нұрсұлтан Тұрсынов пен Шәміл Ожаев (86 кг) және Әлімхан Сыздықов (130 кг) сынды балуандардың өнерін тамашаладық. Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері деген атағы бар Айдос алғашқы айналымда опық жеді. Жерлесіміз Оңтүстік Кореяның балуаны Ким Даухуннан ұтылды. Дүниежүзілік доданың финалисі Демеу Жадыраев әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы, әзербайжандық Санан Сулеймановтың осал тұсын таба алмады.
86 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен сақа спортшымыздың екеуі де жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ. Түркиялық Әли Ченгиз Шәмілге шаң қаптырып кетсе, Нұрсұлтан 2023 жылғы әлем чемпионы, мажарстандық Давид Лошонциге жол берді. Ал Әлімхан Сыздықов «шу» дегеннен Түркияның тарланы Амин Генничиден ұтылды.
Грек-рим күресінен өткен жарыстың жеңімпаздары: 55 кг – Елдениз Әзизли (Әзербайжан), 60 кг – Придон Абуладзе (Грузия), 63 кг – Мұрат Мамадов (Әзербайжан), 67 кг – Луис Альберто Санчес (Куба), 72 кг – Хасрат Жафаров (Әзербайжан), 77 кг – Нао Кусака (Жапония), 82 кг – Эрик Сильваши (Мажарстан), 87 кг – Семен Новиков (Болгария), 97 кг – Мұхаммадхаджи Сарави (Иран) және 130 кг Фардин Хейдаяти (Иран).