Еліміздің бірінші және әлемнің төртінші ракеткасы деген атағы бар Рыбакина бастапқы бәсекелерде бельгиялық Гретье Миннен (6:2, 6:3) мен Элисе Мертенс (6:4, 6:2), нидерланд Аранча Рус (6:3, 6:4) және украиналық Элина Свитолинаға (6:4, 6:3) сан соқтырғанымен, ширек финалда WTA тізімінде 15-сатыға жайғасқан италиялық Жасмин Паолиниден (2:6, 6:4, 4:6) ойда-жоқта жеңіліп қалды. Негізі Елена бұл ойыншыдан өтуі керек еді. Өйткені қарсыласына қарағанда оның атағы зор, шеберлік деңгейі де жоғары. Бірақ сол күні Рыбакинаның ойыны мүлдем жүрмеді. Ал өзге жерлестеріміз, өкінішке қарай, бұл турнирде тым сүреңсіз өнер көрсетті. Атап айтсақ, Юлия Путинцева, Александр Бублик және Александр Шевченко екінші айналымнан аса алмаса, Михаил Кукушкин түсаукесер кездесуінде жеңілістің кермек дәмін татты.
Париждегі дүбірлі додада жерлестеріміздің дені сенім үдесінен шыға алмағанымен, материалдық тұрғыдан барлығы да олжаға кенелді. Мәселен, жекелеген сайыстың ширек финалына дейін жеткені үшін Елена Рыбакинаның есепшотына 415 000 еуро түсті. Екінші кезеңде жеңілген жерлестеріміз 110 000 еуроны еншіледі. Тіптен алғашқы айналымнан аса алмаған Михаил Кукушкиннің өзі 73 000 еуроны қалтасына басты.
Биылғы «Ролан Гарростың» басты сенсациясы» деп Мирра Андрееваны айтуға болады. Әлемдік рейтингте қалың топтың арасында жүрген 17 жастағы ресейлік жас дарын Францияның астанасында айды аспанға бір-ақ шығарып, жартылай финалға дейін жетті. Турнир барысында ол небір сақа спортшыларға сан соқтырды. Десек те бұл межеде Андрееваның Жасмин Паолиниге әлі жетпеді. Ал италиялық теннисші финалда әлемнің бірінші ракеткасы Ига Свентектен 1:6, 2:6 есебімен ойсырай ұтылды. Сөйтіп, 24 жастағы Польшаның мақтанышы «Ролан Гарроста» төртінші мәрте бас жүлдені олжалады.
Ерлер арасындағы тартыста үздік шыққан төрт теннисші жартылай финалда жолықты. Бұл межеде испаниялық Карлос Алькарас италиялық Янник Синнерді бес сеттік сайыста әзер ұтты – 2:6, 6:3, 3:6, 6:4, 6:3. Германиялық Александр Зверев норвегиялық Каспер Руудты қапы қалдырды – 2:6, 6:2, 6:4, 6:2. Финалда әлемнің үшінші ракеткасы Алкарас пен АТР тізімінде одан бір саты төмен тұрған Зверев күш сынасты. 4 сағат 19 минутқа созылған айқаста Пиреней түбегінен келген дүлдүлдің айдарынан жел есті – 3:6, 6:2, 7:5, 1:6, 6:2. 21 жастағы Карлос өзінің спорттық мансабында тұңғыш рет Париждегі додада дара шықты. Оған дейін ол «Уимблдон» мен АҚШ-тың ашық біріншілігінде бас жүлдені олжалаған. Аталған жарыстың қорытындысы бойынша жекелеген сайыста жеңімпаз атанған ойыншыларға 2,4 млн еуро табыс етілсе, финалда ұтылғандары сол соманың тең жартысын алды. Жартылай финалда күш сынасқан ойыншылар 650 мың еуроны иеленді.
Жалпы, Париждегі турнирде күтпеген нәтижелер көп тіркелді. Солардың арасынан «Ролан Гарростың» рекордшысы Рафаэль Надаль мен «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстардың үш дүркін жеңімпазы, ұлыбританиялық Энди Маррейдің тұсаукесер кездесулерінде сүрінуін, ТОП-10-дықтың қатарына еркін еніп отырған қытайлық Чжэн Циньвэнь мен беларусьтік Ирина Соболенконың 17 жастағы Мирра Андрееваға есе жібергенін айрықша атап өтуге болады. Сондай-ақ әлемнің бірінші ракеткасы, сербиялық Новак Джокович жарақатына байланысты Каспер Руудқа қарсы өтуге тиіс ширек финалдық ойынға шықпады.