Судай жаңа оқушылар сарайы қаланың Пришахтинск аумағынан ашылды. Енді, осы аумақта тұратын бүлдіршіндер роботтехника, VR сәулет өнері секілді үйірмелердің түр-түріне қатысып, танымын кеңейте алады. Мұның арқасында балалар қала орталығына қатынамай-ақ, өздеріне жақын жердегі жаңа орталыққа барады.
Қаланың Пришахтинск аумағында 12 мектеп бар. Мұнда 8 мыңға жуық оқушы білім алады. Күн сайын оқушылар сарайына 600-ден астам бала мен жасөспірім келмек.
Балаларға арналған жаңа ғимараттың жалпы ауданы 3 мың шаршы метрді құрайды. Болашақ инженерлер үшін HI-TECH цех, STEM зертханасы, Іntellectum студиясы бар. Шығармашылық дарындылар үшін Art-және музыкалық студиялар құрылды. Сәбилерге ерте даму кабинеттері жасақталған. Сондай-ақ жас экологтерге арналған орталық та бар. Тіпті телестудия, медиа орталық жабдықталған. Концерттер, конкурстар, жарыстар өткізуге болатын үлкен акт залымен қатар, коворкинг алаңы да жұмыс істеп тұр.
Мұнымен қоса, мүмкіндігі шектеулі балаларға да барынша жағдай қарастырылған. Сенсорика және моториканы дамытуға арналған көптеген құрылғы бар. Мысалы, ауа-көпіршікті колба көру мен естуді, тактильді сезімдерді жетілдіреді. Құрғақ душ баланың еркіндігін дамытуға арналып, босаңсуға арналған, оның көмегімен бала жаңа түстерді қызықты түрде есте сақтай алады. Инклюзивті білім беру үшін де барлық жағдай жасалған. Жұмысқа бірден логопед пен психолог қабылданған.
«Кәусар» оқушылар сарайының ашылуында сөз алып, балдырғандарды мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев алдағы уақытта Майқұдықтан да осындай сарай саламыз деді.
– Сіздердің жан-жақты дамуларыңыз үшін бар жағдайды жасауға тырыстық. Мұнда IT-технология, инженерия, роботтехника, VR-сәулет және веб-дизайн, сондай-ақ басқа да көптеген заманауи бағыт бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Әрқайсысыңыздың болашағыңыз үшін сапалы білім алуға мүмкіндік болғанын қалаймыз. Бұл жерде сіздерге жаңа достар табуға, оқуға, ізденуге мүмкіндік көп, – деді аймақ басшысы.
Биге баратын Софияның анасы Татьяна Рихтер оқушылар сарайының қыздарын тағы бір үйірмеге жазбақшы.
– Қаланың ірі бөлігінің бірі Пришахтинскіде бұрын мұндай Оқушылар сарайы болған жоқ. Балалар үйірмеге қатысу үшін орталыққа автобуспен қатынайтын. Халық тығыз орналасқан ауданда ұзақ уақыт кептелісте тұратын. Енді, міне ашық ауада түрлі шаралар өткізуге болады. Оқушылар сарайының айналасы абаттандырылған. Футбол алаңы, тренажерлер орнатылды. Балалар да, ата-аналар да жаңа сарайдың ашылуына бек қуанышты. Қызым София 4,5 жаста. Біз хореографиямен айналысуды жоспарлап отырмыз және тағы бір шығармашылық үйірмеге жазылғымыз келеді, – дейді аудан тұрғыны Т.Рихтер.
Осындағы мектепте 10-сынып оқитын Рамазан Оразалы бірнеше республикалық және халықаралық ән конкурстарының жеңімпазы. Жас өнерпаз енді оқушылар сарайына келіп, шығармашылығын әрмен қарай шыңдамақ ниеті бар.
– Оқушылар сарайында балаларға барлық жағдай жасалған. Әрі қарай ән өнерімен осында айналысқым келеді. Бұл сарайдан көптеген талант шығарына сенімдімін, – дейді өнерлі жас өрен.
Сарайдың ашылуында мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылып, спорттан түрлі жарыс өтті.
Қарағанды облысы