Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, өңірдегі мемлекеттік «Күншуақ» және «Әлия» лагерьлерінде аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың балалары үшін тегін жолдама бөлінді. Мәселен, жаз бойы «Күншуақ» лагері 606 баланы қабылдауға даяр. Бұл жерде денсаулығында кінәраты бар балалардың тынығуына ерекше жағдай жасалған. Әсіресе сал ауруына шалдыққан балалар «Күншуаққа» келуге құштар. Өйткені мұнда ерекше қажеттілігі бар балаларды атпен серуендетеді. Оған қоса лагерь ауласындағы гүлдерді, бақшадағы көкөністерді балалар өздері күтіп баптайды. Маусымның басында Қобда ауданының Егіндібұлақ елді мекенінің жанындағы «Әлия» лагері есігін ашты. Әзірше осы жаңа демалыс орнына төрт маусымға 288 оқушы қабылданады. Егіндібұлақтағы лагерь кестесі спорттық, патриоттық және шығармашылық бағыттарға бөлінген. Өңірде балаларды сауықтыратын орталықтардың тапшылығы туралы көптен бері мәселе көтеріліп жүр. Сол олқылықтың орнын «Әлия» лагері толтырмақшы. Бұл әуелгіде мүгедектігі бар ересек адамдарды табиғат арасында сауықтыратын орталық ретінде салына бастап, ағаштан қиып салынған бірнеше үй мен асханасы бой көтеріп, ауласы қоршалды. Алайда ауылдан алыс, инфрақұрылымы жоқ жерде салынғандықтан, науқастардың тұруына қолайсыздық тудырды. Содан кейін спортшылардың қыс мезгілінде оқу-жаттығу орнына айналдыру туралы ұсыныс түсті. Бірақ не газ, не ауызсуы тартылмағандықтан, қыс пен күзгі уақытта адамдарды қабылдауға мүмкіндік болмады. Ақыры құрылыс оқушылар лагеріне айналып, облыстық спорт басқармасынан білім басқармасының меншігіне көшіріліп жатыр.
Үш ай жазғы демалыс кезінде Ақтөбе облысында «Шұғыла» (алты маусымға 1 800 бала), «Әсем» (алты маусымға 1 800 бала), «Сampit» (7 маусымға 2 100 бала), «Көкжар-Бәйтерек» (3 маусымға 270 оқушы), «Мұғалжар» (4 маусымға 1 360 бала) жекеменшік лагерьлері жұмыс істейді. Елек және Қарғалы өзендеріне таяу, табиғат арасында орналасқан осы лагерьлерге сатылатын жолдама 10-12 күнге шамамен 80-110 мың теңгені құрайды. Лагерь жолдамасын ата-ана жеке қаражатына, не өздері жұмыс істейтін өндіріс орындарының кәсіподақ ұйымынан жарты бағасына сатып алады. Мұндай мүмкіндігі жоқ ата-аналарға «Қазақстан халқына» қоры көмекке келіп, биылғы жазда еліміздегі 1 147 ауыл баласын тегін демалыспен қамтуды жоспарлап отыр. «Қазақстан халқына» қорының жолдамасына көпбалалы, тұрмыстық жағдайы төмен отбасы балаларымен бірге шығармашылық, зияткерлік сайыстарда үздік шыққан өрендер де ие болмақшы.
Ақтөбе облысы