Тәубе дейік, бағалай алсақ, өзімшілдіктің жетегінде кетіп, жалған сөзбен желпінбесек, жат қылықтан тыйылсақ, әлгі өзімшілдікті өзектен теуіп, ұлттық деген ұлы ұғымға ұйысақ, қазақ қапы қалмас еді. Бүгінгі қазақтың, кешегіден келген біздердің (кем-кетікті бір сәт естен шығарсақ) бақ-тәлейіміз тастан да зор екен десек, кім таласа қояды. Неге десеңіз, амалы таусылып қорлыққа көніп, зорлыққа төтеп, осы күнді аңсап кеткен бабаларымыздың «Қол-аяғым бұғауда, Тарылды байтақ кең жерім»(Жиембет жырау) «Дұшпаннан көрген қорлығым, Сары су болды жүректе» (Ақтамберді жырау) құсалы зарынан құтылып, құлдық сананың, құлқындылардың кесірі болмаса, «Біз – қазақ!» дегенге тіл күрмелмейтін болды. Осы ұлы ұғымды ертеңгі ел иесі, болашақтың алтын арқауы болатын ұрпақ санасына қапысыз сіңіре алып жүрміз бе? Әлде сөз түзу, іс бұралаң ба?
Балаң ұрпақ арасында кездесе беретін «әй, кәпір-ай?», жастардың бойындағы «әттеген-айлар», қайырымсыздық пен қатыгездік әлгі сұрақтарды алға тарта береді. Оның себебін бүгіп қалып, салдарын саңқылдап айта беретін болдық. Нәтижесі күңгірт қала береді. Ел болғанда бүгінгі алдыңғы толқын бабалар үлгісімен:
«Балаларыма өсиет,
Қылмаңыздар кепиет,
Бірлігіңнен айрылма,
Бірлікте бар қасиет» (Ақтамберді жырау), «Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел-жұрт болуды ойлаңдар» ( Майқы би), «Ұлым, саған айтайын өсиетін дананың: Білімдіні таны да, соңынан ер, қарағым» (М.Қашқари) деп толғаса, Алаштық рухпен, таза ниетпен, өз мүддемізден оздырып, ұрпақ ала-құла болмасын деп, көз тіккендердің жанары жасаураған жері дарқан, халқы аздау жұртымыздың ұл-қызы бай баласы, кедей баласы секілді жетесіздік желкеден алмасын деп, «Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына үлес қосу қазақ баласына міндет» (А.Байтұрсынұлы) дей алсақ, есеміз кім көрінгенге кетпес еді, жастар шетінен отаншыл болар еді.
Иә, отаншыл дегеннен шығады, Отаннан асқан биіктік, Отаннан асқан кие, құдірет жоқ болар. Халық даналығында «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» екен. Ал «Алтын анам – Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен іркер күшім жоқ деп, ер қайратына міндағы өрге бас», депті Мұхтар Әуезов, «Отан үшін отқа түс – күймейсің. Опасызда Отан жоқ. Отанда опасызға орын жоқ» десе Бауыржан Момышұлы, «Екі Отан жоқ. Жалғыз Отан – мекенің!», дейді Мұқағали Мақатаев.
Отан деген ұлы ұғымды естігенде селт етпейтін, серпілмейтін кім бар екен? Сұрапыл соғыстардың бетін Отан сөзімен қаруланған қаһармандар қайтарғаны тарихтан мәлім. Оған Момышұлының жүрген жолы, семсер сөзі дәлел. Кешегі сұм саясаттың соқпағын салып, өшпестей болған кеңесіңіз Отан сөзін ту етіп көтерді. Көп жерде сонымен ұтқан болды. Бірақ өз Отанын аңсағандар оны тырапай асырып, жарылқайды деп капитализмге тізгін тартты. Нарық қарық қылады деді. Ол, шіркін, күшенген қүштілерді балапандатып еді, қара қанаттанғанда арты күмәнді үстем олигарх бола қалды.
Дегенмен сол кеңес кезеңі жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл аударды. Өткеннің бәрін қоқыс дей бермей, қолға ілінген озығына «жан» бітірсе қайтер екен? Тәуелсіз елдің ұл-қызының рухын оятып, ертеңгі ел иесі сендерсіңдер деген озық ой аясында пайдалы шаралар ұйымдастырса да болатындай. Таяуда соның біріне куә болғанымыз бар. Ол – Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының орталығы, төрткүл дүниені тамсандырған, алтын адам табылған Есік қаласында «Қазақстан жас патриоттар академиясы» қоғамдық бірлестігінің ұйтқы болуымен, біраз жылдан бері өтіп келе жатқан отаншыл оқушылардың форумы еді. Бұл істің мақсаты қандай дегенге келсек, өскелең ұрпақтың патриоттық рухын ояту, яғни алда ұлылар сөзінде айтылған Отан ұғымын санаға сіңіріп, ойына орнықтыру, ұлттық құндылықтардың қасиетін танытып, зерделей білуге, өткен бабалар жолын бүгін жақсы тірлікпен ұштастыруға, білім мен тәрбиені қатар алып жүруге, мемлекеттік тілді, ділді түйсінуге, түйіп айтқанда, мемлекетшілдікке баулу.
Форумға Алматы, Қарағанды, Ұлытау, Оңтүстік Қазақстан, Жетісу облыстарының өкілдері қатысып ой бөлісіп, тәжірибе алмасты. Салтанатты ашылу сәтінде білім мекемелерінің басшылары атқарылған іс, алда тұрған міндеттерге тоқталса, патриоттар академиясының іргетасын зейнетте жүріп қалаған, бүкіл саналы өмірін білім ісіне арнаған Тілдаш Битуова тоғыз жылға таяу уақыттан бері ұлы дала ұрпақтарын қатыстырған игілікті жұмыс барлық өңірде жалғасын тауып келе жатқанын, отаншыл – мектеп оқушылары саны 3,5 мыңнан асатынын, алдыңғылары жоғары оқу орындарында білім алып жатқанын алға тартып, «Отаншылдық ұғымды әр баланың санасына мектеп партасынан сіңірсек, Анаңды қалай сыйласаң, Отаныңды да солай құрметтеуге тиіссің, деген ұлттық идея арқылы жат қылықтан бойларын аулақ салуға жетелесек, бір сөзбен айтқанда, әр азамат, әр қазақ, әр қайсымыз Отаншыл болсақ, ұрпағымыз тура жолдан таймайды деген ол Алматы, Жетісу облыстарындағы қоғамдық бірлестіктің филиал басшысы Жанатгүл Бітімбаеваға жүйелі жұмысына ризашылығын білдірді. Ал қоғамдық бірлестіктің ірге тіктеуіне көп үлес қосқан Мұхитдин Төлепбай ұрпақ қамын алдымен ойлаған елде мұндай пайдалы жұмыстың аса қажеттігін атап, кеңес дәуірінде өзі «шекпенінен» шыққан ұйымдарды еске түсіріп, Қытайда 200 миллион, Ресейде 16 миллион жас өскінді біріктіретін қоғамдық орындардың барын айтып, Отанымыздағы барлық мектепте ел тануға, елге қорған болуға жетелейтін жас патриоттар бірлестігі болса екен деген ойын ортаға салды.
Генерал Абай Тасболатовтай рухты азамат қатысушыларға көгілдір экранда үн қатып, әр бала Отан дегенде тік тұрып қызмет жасау парызым деуге тиіс деді. Ел Қарулы Күштері, Ұлттық әскери-патриоттық орталығы бастығының орынбасары – филиал басшысы Ербол Игісінов патриоттық тәрбие арқылы жастарды белсенділікке ұмтылдыруға, ұлы Отанымыздың адал ұлдарының қатарына қосуға атсалысу ортақ борыш екенін атап, «Жалпы, ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін басты орын мектеп, отбасы. Одан кейінгі тәрбие ұстаздан, алдыңғы толқыннан, тіпті патриотизмді әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Ішкі істер министрлігі М.Есболатов атындағы Алматы академиясы бастығының орынбасары Елнар Жақиянов, нағыз ел ұланы болуды мектептен бастау бойынша іс атқарып келе жатқан қоғамдық бірлестіктің жұмысына оң баға беріп, ту көтеріп тұрған жас патриоттарға: «Сендер, халқымыздың қаһарман батырлары секілді Қазақ елінің рухы мықты, білімі терең Отанын шын сүйген нағыз азаматтары болуға тиістісіңдер!» деп ел сенімі ерге сын екенін жеткізді. Семей, Шымкент, Жезқазған қалаларынан келген С.Түсіпов, Ш.Бейсембаева, Е.Серкебаев, ата-аналар атынан Ф.Махаметкәрімова, өзгеде ұл-қызға білім беріп, тәрбие үйретіп жүргендер қоғамдық ұйымның берер тағылымына тоқталып, өз тәжірибелерін ортаға салды. Әсіресе Т.Молдағалиев атындағы Мәдениет үйі ғимаратының салтанатын асырып, көк Туды желбіретіп, Әнұранды асқақтатқан көңілдері таза, ниеттері түзу жалынды отаншыл, әр тараптан жиналған оқушылардың қайыңдай тербелген қимылдары, саңқылдаған үндері, таспадай тартылған рухты сөздері жиылған жұртты ерекше әсерге бөледі. Іле ауданындағы №38 мектеп-гимназиясының, Есік қаласындағы М.Ломоносов орта мектебінің «Жас сарбаз» сыныбы оқушылары көрсеткен көріністер Отанға деген шын сүйіспеншілікті дәйектеді. Соңында оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелеуге үлес қосып жүрген әскери қызметкерлер марапатталып, үлгілі деп танылған бір топ оқушы Жас патриоттар академиясының қатарына қабылданып, төсбелгілер тапсырылды.
Осы шарадан ұққанымыз, ұлт ісі дейміз, сол ұлттың тірегі, тынысы толқын-толқын ұрпақ екені дау туғызбайды. Ұрпақ түзу жолға түссе, қилы-қилы сұмдықтар орын алмайды, шарадай бас шақшадай болмайды. Ол үшін мемлекеттік деңгейдегі осындай жұмылдырар ұйым болса ұтылмас едік. Иә, жоқ емес бар. Басталуы дүрілдеп, соңы қожырайтын сәйкессіздіктен құтыла алмай келеміз. Осыдан келіп, қазір ұранға айналдырып алған қорлық-зорлық, әлімжеттік етек алып бара жатқан жоқ па екен? Әлде тәрбие стандартының жүйесіздігінен бе? Білім мәселесі, білім стандарты жиі айтылады, тәрбие қалыс қала береді. Неге? Әлемдік дегенде таңдайымыздан шаң шығады. Әлемдік керек, көшіре салмай, жақсысын алсақ. кеңес кезінде халық педагогикасы, ұлттық тәлім-тәрбие жиі айтылатын. Тәрбие жайы мәлім, халық педагогикасы ауызға алынбайтын болды. Халықтың педагогикасын әлгі әлемдікпен ұштастырып жаңартсақ, халықтық қалыпты орнықтырсақ, ұрпақ қанында, жанында бар адами қадірлі қасиетті, ар-ұяты, жақсы мен жаманды, тыйымды түйсінер еді. Қанына, жанына үйлеспейтін қырсық қылықтардан аяғын тартар еді, қайырымсыздық, қатыгездік жойылар еді.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Egemen Qazaqstan» ардагері