Фото:ortcom.kz
Прокуратураның 11 маусымдағы хабарламасына сәйкес, 2024 жылғы мамырда «Жібек жолы» Қайырымдылық мекемелерінің қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігіне прокуратураның 26 мекемені мемлекеттік тіркеуді жою және тарату туралы талабын қанағаттандыру туралы шешім заңды күшіне енді.
Сонымен қатар бұрын жүргізілген тексерулер іс жүзінде мекемелердің жұмысы олардың жарғылық мақсаттарына қайшы келіп, олардың кейбіреулері лицензиясыз білім беру қызметін жүзеге асырғаны анықталды.
«Тексеру барысында мекемелердің діни бағыты расталған және Қазақстан Республикасының Мұсылмандар діни басқармасы «Жібек жолымен» жасалған меморандумды бір жақты тоқтатты», деп хабарлады Алматы қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Заңнама нормаларын бұзған аталған бірқатар мекеме мен олардың басшылықтарына қатысты қылмыстық істер қозғалды (кәмелетке толмағанды өз-өзіне қол жұмсауға жеткізген, тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамаған, әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік және діни араздықты қоздырған, сот экстремистік және террористік деп таныған әдебиеттер табылған).
«Қазіргі уақытта мекемелерде тұрған балаларды отбасыларына қайтару жұмыстары жүргізілуде», деп қорытындылады ведомство өкілдері.
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті