Бүгінде Қостанай облысы тұрғындарының 38 пайызы ауылда тұрып жатыр. Өкінішке қарай біраз ауылдың инфрақұрылымдық жағдайы әлі де мәз емес. Бұл бағытта шешімін күтіп тұрған мәселе көп. Мәселен, өңірде 140-тан астам ауылға сапалы ауызсу жүргізілмеген. Сондай-ақ 150-ге жуық ауыл жылдамдығы жоғары интернетке қол жеткізе алмай отыр. Жол сапасы, көшелерді жарықтандыру жұмысы, мектептер мен медициналық нысандардың жағдайы да көңіл көншітпейді. Аманаттықтардың айтуынша, «Жарқын ауыл» осы аталған мәселелердің күрмеуін тарқатуға тиіс.
«Жоба ауылдық елді мекендердің әл-ауқатын арттыруды көздейді. Демеушілердің қаражаты есебінен тұрғын үйлер салынады, балаларға және спортпен шұғылданатын адамдарға арналған алаңдар ашылады, скверлер мен саябақтар жабдықталады, демалыс үйлері салынады және ауыл инфрақұрылымын жаңғырту бағытында өзге де ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Жоба аясында 400-ден астам ауыл қамтылып отыр. Өңір кәсіпкерлері бұған 10 млрд теңге көлемінде қаржы бөліп, қолдау көрсетуге дайын екендерін айтты. Әсіресе облыс әкімі бізге үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Бұл – партия мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара тиімді әрекеттің жарқын үлгісі. «Жарқын ауыл» жобасы ел дамуына ерекше серпін береді деген сенімдеміз», дейді «Amanat» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов.
Айсарыда іске қосылған «Жарқын ауыл» жобасының алғашқы кезеңінде ауылдық округтің 3 көшесі жөнделеді. Жергілікті стадион қайта жаңартылады. Айсары мен Половниковка елді мекендеріне су құбыры тартылады және фельдшерлік-акушерлік пункт салынады. Аталған шаруаның бәрін биыл 1 қазанға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Партия өкілдері мен кәсіпкерлер осы жөнінде екіжақты меморандумға қол қойды. Айсары ауылдық округін гүлдендіру жобасы Бисембай Бурашев, Болат Аңқауов, Андрей Хорошилов, Олег Двоеглазов, Андрей Эм, Светлана Быстрякова, Талғат Жүргімбаев, Батыржан Мұхамбетжанов, Максим Пономарев және Мұрат Бәсібаев сияқты кәсіпкерлердің көмегімен жүзеге асырылмақ.
«Біз жергілікті тұрғындардың тұрмысына қолайлы жағдай жасай отырып, ауылдық жерлерді өмір сүруге барынша тартымды әрі қолайлы етуге тырысамыз. Бүгінде ауыл жастарының көбі мектеп бітірісімен ірі қалаларға кеткісі келеді. Өз болашағын ауылмен емес, қаламен өлшейді. Сондықтан біздің алдымызда ауылдың инфрақұрылымын жақсарту арқылы жастарды көбірек ауылға тұрақтандыру, ауылдық елді мекендерде өмір сүруге қолайлы жағдай жасау сияқты маңызды міндеттер тұр», дейді «Amanat» партиясы Қостанай аудандық филиалының төрағасы Марина Растегаева.
Алдағы уақытта партияның өзге де аудандық филиалдары жергілікті әкімдіктермен, кәсіпкерлермен меморандумға отырмақ. Бұл құжат жобаның тұрақтылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, алдағы үш жыл ішінде 400-ден астам елді мекен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіліп, ауыл ішіндегі жолдар жөнге келтіріледі. Ауыл интернеті ширап, шалғай елді мекендердің сыртқы келбеті жақсарады.
Мұның сыртында, «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында биыл Қостанай облысында 5 жаңа мектеп салу, жұмыс істеп тұрған 51 мектепті жөндеу, 19 дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік пункт ашу, 19 елді мекенді сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Қостанай облысы