Қоғам • 12 Маусым, 2024

Аз уақытта көп жұмыс атқаратын шақ

115 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі жөндеу-қалпына келтіру жұмысының орындалу барысы қаралды. Сондай-ақ қалалар мен ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау мәселесі мен денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы күн тәртібіне шықты.

Аз уақытта көп жұмыс атқаратын шақ

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Үйді мерзімінде сапалы аяқтау маңызды

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев қазіргі жағдай туралы баяндады. Қазақстанда су тасқыны салдарынан 18 005 жылжымайтын мү­­лік бүлінген деп танылған. Оның 17 295-інің зерттеу нәтижесі дайын. Бір апта­да ре­сім­делген қорытындылардың өсімі 1 375-ті құрады. Сондай-ақ 2 245 ны­сан құ­ры­лысын бастау мен жылжымай­тын мүлік нарығында 5 235 үй мен пәтер­ді сатып алу және 9 819 тұрғын үйді жөн­деу жоспарланған.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі­нің айтуынша, бүгінде елімізде 1 828 үйдің құрылысы басталды, бұл 81%-ды құрап отыр. Осы ретте Батыс Қазақстан облысы мен Ақмола өңіріндегі жұмыс қарқыны төмен екенін айтқан жөн. Өкінішке қарай, Ақтөбе мен Батыс Қазақстанда 2 122 үй әлі де су астында қалып отыр екен.

Жылжымайтын мүлкі жарамсыз деп танылған отандастарымыз үшін 1 943 нысан сатып алынды. Бүгінде 1 772 үйдің иесі төлемдерін алған. Ахуал және Еңбек ресурстарын дамыту орталығы eGov және «Әлеуметтік көмек» ААЖ арқылы азаматтардан өтініштерді қабылдау мен өңдеу үдерісін үнемі бақылап отыр. Цифрландыру есебінен іске асыру кезеңдері бойынша мониторингі қамтамасыз етілген. Әр өңірдегі құрылыс алаңдарында тәулік бойы онлайн қолжетімділігі бар 52 камера орналастырылған. Алдағы аптада Ақтөбе облысында қосымша тағы 6 камера қосылады.

Үкімет басшысы Солтүстік Қазақстан облысындағы жөндеу және құрылыс жұмыстарының қарқыны жақсы деп баға берді. Аймақта 53 отбасына жаңа үйдің кілті табысталды.

«Мен өткен аптада Солтүстік Қазақ­стан облысына бардым. Жөндеу және құрылыс жұмыстарының қарқыны жақсы. Басқа өңірлер әлі қажетті қар­қынды ала алмай отыр. Тағы да еске саламын – жаз мезгілі қысқа, бәрін белгіленген мерзімде, әрі сапалы етіп жасау талап етіледі. Өкінішке қарай, жергілікті билік органдарының жұмысында салғырттық, шешім қабылдауда баяулық, ұйымдастыру ісінде әлсіздік байқалады. Әсіресе Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының белсенділігін арттыру қажет. Белгіленген мерзімді бұзуға мүлдем болмайды. Бірақ тек мерзім емес, сапа жағы да өте маңызды. Оған да жіті назар аудару керек», деді О.Бектенов.

Сондай-ақ өңірдегі аумақтарды тиісті формаға келтіру жөнінде тапсырма берді. Мәселен, бірқатар өңірде су тасқынымен күресу үшін құм мен саздан үйінділер жасалды, топырақ салынған қаптар пайдаланылды. Сондықтан әкімдіктерге экологияға зиян келтірмеу үшін барлық қапшықты жинап алып, қайыра кәдеге жарату тапсырылды.

 

Халық таза ауызсумен қамтылады

Отырыста қалалық және ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау қыз­мет­терімен қамтамасыз ету мәселесі бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қ.Шарлапаев пен Су ресурс­тары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз және бірқатар өңір әкімінің баяндамасы тыңдалды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қалаларда сумен жабдықтау қызмет­тері 98,9% қолжетімді болды. Ауылдық ел­ді мекендердің тұрғындары 96,6%-ға ауызсумен қамтамасыз етілді. Бұл ретте 9 өңір­дің қала халқы 100% таза ауызсумен қам­тылған. Бұл елдік шарада ең төменгі деңгей Абай және Павлодар облыстарында байқалады.

Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконст­рук­ция­лауға республикалық бюджеттен 324 жобаны іске асыруға 218 млрд теңге қарастырылған. Оның 106 млрд теңгесі қалаларда, ал 112 млрд теңгесі ауыл­дар­дағы жобаны іске асыруға бөлінеді.

Үкімет басшысы 2025 жылдың соңына қарай халық 100% таза ауызсумен қам­тамасыз етілуі керек екенін айтты. «Бұл – маңызды әлеуметтік міндеттің бірі. Уақыт тығыз, небәрі 1,5 жыл қалды. Әкімдік­тер сумен жабдықтау ісінде ауылдар мен қалаларда тиісті инфрақұрылым­ды тарту жұмыстарын күшейтуге тиіс. Сумен қамтамасыз ету жұмысы басым­дықпен қаржыландырылуға тиіс. Елді мекен ішінде су желілерін жүргізу жұмыстарын топтық су құбырларының инфрақұрылымын ауыл шекарасына дейін тарту жоспарымен үйлестіру керек», деді ол.

Кейбір топтық су құбырларын салу жобасыы жылдар бойы іске асырылып келе жатқанына назар аударылды.Мәселен, Ақмола облысының Талап­кер және Қажымұқан ауылдарында ауыл ішіндегі желілер тартылған. Ал Кенжебай және Рақымжансай кен орындарына топтық су құбырын салу жобасы әлі күнге іске асыру сатысында тұр.

Сонымен қатар жұмыс кестесінің сақталмауына байланысты өткен жылы бөлінген 760 млн теңгенің 500 млн теңгеден астамы бюджетке қайтарылды.

«Бұл – дұрыс жоспарламаудың салдары. Ақмола облысының әкіміне аталған мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырамын. Мұндай жағдайларға жол бермеу мақсатында Өнеркәсіп және құрылыс, Су ресурстары және ирригация министрліктері жобалардың іске асырылу барысын апта сайын қадағалап, бұзушылықтар анықталған жағдайда маған тікелей баяндауға тиіс», деді Премьер-министр.

Былтыр жылдың басынан бері тек мемлекеттік органдардың өзіне тұр­ғындардан 43,5 мыңға жуық ресми өтініш келіп түскен. Көпшілігі әбден тозығы жеткен желілердің жиі істен шығатынына шағымданады.

Үкімет басшысы дайын жобалардың жоқтығынан Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалмай қалу қаупі жоғары аймақтарға тоқталды. Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері осы бағыттағы жұмысты кү­шейту керек. Сондай-ақ Маңғыстау об­лы­сының әкіміне су тұщыту зауыттары мен қондырғыларды салу жобаларын жандандыруды тапсырды.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрлігі судың сапасы мен тазалығына бақылауды күшейткені ләзім.

О.Бектенов сумен қамтамасыз ету саласын автоматтандыру мен цифрландырудың маңыздылығын да назардан тыс қалдырмады. Оларды енгізу су каналдарының жұмысын жеңілдетіп, су шығыны мен апат санын азайтады. Бүгінде Қызылорда мен Атырауда дайын автоматтандыру жобалары бар. Республикалық бюджетті нақтылау кезінде Қаржы министрлігіне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірге, осы жобаны қаржыландыруды тапсырды. Өңір әкімдіктері жыл соңына дейін өндірістік үдерістерді цифрландыру бо­йынша ЖСҚ әзірлеуді аяқтауға тиіс.

 

Денсаулық саласында мамандар тапшы

Үкімет қаулысымен денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген құжатты министр Ақмарал Әлназарова ұсынды.

Кейінгі 5 жылда Қазақстанда 400-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды. Медициналық жабдықтарды сатып алуға 261 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Десе де инфрақұрылымның тозу деңгейі жоғары 50% күйінде қалып отыр. Жұмыс істеп тұрған нысандар­дың жартысы 40 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Министр елімізде медициналық жабдықтармен жарақтандыру деңгейі 80%-дан асса да, қызмет көрсету сапасы техниканы тозуы салдарынан төмендеп тұрғанын айтты. Денсаулық сақтау жүйесінің қосымша проблемалары аурухана төсек қорын тиімсіз пайдалану, сондай-ақ дәрігерлер мен медбике тапшылығы екен.

Үкімет басшысы денсаулық сақ­тау инфрақұрылымын дамытуға кешен­­­ді көзқарас қажет екеніне назар аударт­ты. Жаңа тұжырымдамаға сәйкес, медициналық мекемелердің құры­лысына арналған орындарды анықтау үдерісі ұзақмерзімді болжамдар мен халықтың әртүрлі көмек түріне қажетін ескере отырып қайта қаралады.

Бұған дейін министрлік 2,5 мың денсаулық сақтау нысанын жаңғырту қажет екенін анықтады. Бірінші кезең, 11 440 төсек орынды 34 негізгі жоба құрылысын қамтиды. Бұл жүйе құрау­шы медициналық мекемелер – атап айтқанда, ұлттық балалар онкология­сы мен гематология және балалар кар­диохирургиялық орталығы, сондай-ақ өңірлердегі көпсалалы университеттік ауруханалар. Екінші кезеңде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ден­саулық нысандарын жаңғыртуды жал­ғастыру жоспарланған.

Премьер-министр жобаларды іске асыру барысында құрылыс материалдарын, жиһаздар мен жабдықтарды алу шарасына отандық өндірушілерді барынша тарту маңызды екенін еске салды. Бұл игілікті іс жергілікті кәсіпкерлердің ісін ілгерілетіп, өңірлердің экономикасына оң әсерін тигізеді. Дегенмен халық­ара­лық сапа стандарттары сақталуы керек.

«JCI (Joint Commission International) халықаралық стандартына Қазақстанда тек 9 медицина ұйымы сәйкес келеді. Олардың қатарында «Ұлттық ғылыми кар­диохирургия», «Ана мен бала» ұлт­тық орталығы және басқалары бар. Осы стан­­­дарттар бойынша аккредиттелу ден­­саулық сақтау сапасының «жоғары дең­гейін» көрсетеді. Барлық денсаулық сақ­­тау мекемелері осындай деңгейге ұмты­­луы керек. Сондықтан негізгі объек­тілер­ді жобалау кезеңінен бастап JCI ха­лы­қ­аралық стандартының талаптары еске­рі­­ліп, көзделуге тиіс», деді Үкімет басшысы.

Денсаулық сақтау саласына жеке инвес­тиция тарту бойынша әлемдік тәжірибені қолданудың керегі де атап өтілді. Таяу болашақта медициналық нысандарды жарақтандыру мен басқарудағы мұндай әдіс инфрақұрылымды дамыту­дың басым шарасы болуға тиіс. Үкімет басшысы Маңғыстау, Ұлытау, Жетісу облыстары әкімдерінің назарын осы мәселеге аударды. Инвестицияның басым бөлігі Астана мен Алматыға, сондай-ақ Түркі­стан және Атырау облыстарына тиесілі.

Тұжырымдаманы іске асыру қоры­­­тын­­­дысында денсаулық сақтау объекті­лерінің тозу деңгейін 30%-ға дейін төмендету, жарақтандыруды 88%-ға дейін ұлғайту және нормативтерге сәйкес медицина мамандарымен жеткілікті қамтамасыз ету жоспарланған.