Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасарлары Нұржан Әлтаев пен Гүлнәр Құрбанбаева баспасөз мәслихатын өткізді. Онда өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп қабылданған, кәсіпкерлікке қатысты жаңа заң туралы айтылды.
Заңның кәсіпкерлікке тиімді тұстары мен ондағы артықшылықтар жөнінде әңгімелеген спикерлер, ендігі кезекте оны жұртшылыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігіне көңіл аударды. Сөйтіп, кәсіпкерлікке қойылатын бірқатар жөнсіз талаптар заң актілерінен алынып тасталып, бизнестің еркін дамуына жол ашылғанына тоқталды. Нақты сандарды сөйлетер болсақ, бұған дейін кәсіпкерлерге қойылып келген 5228 талаптың 1810-ы қысқартылған. Сондай-ақ, кәсіпкерлікпен шұғылдануға алынатын рұқсат құжаттары да 35-ке кеміпті. Бұлармен бірге, Мемлекет басшысы берген тапсырмаға орай бизнестің дамуына кедергі келтіретін нормалар жойылып, заңнамаға толық дерлік ревизия жасалған. Ревизияның нәтижесі бойынша заңға 100-ден астам түзетулер енген. Қазіргі уақытта заңға қосымша актілерге 70-ке жуық өзгерістер жасау мәселесі талқыланып жатқан көрінеді. Осы игі шаралардың негізіне қарағанда, заман талабына сай жетілдірілген заң кәсіпкерлердің тынысын да, өрісін де кеңейте беретіні анық.
Спикерлер тексеруге жарияланған былтырғы мораторийдің нәтижелері туралы да әңгімеледі. «Өткен жылы мораторий жарияланғанда мүлдем тексеріс болмады. Әуелде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осындай мораторийді ұсынған кезде мемлекеттік органдардың көбі сенімсіздік танытқаны есте. Яғни, осыны пайдаланып, заң және тәртіп бұзу оқиғалары көптеп орын алады деген болжамдар айтылған-ды. Бәріңіз куә болғандай, мораторий кезінде жаппай заң бұзушылықтар, адамдардың жаппай улануы, төтенше жағдайлар тәрізді келеңсіз жағдайлар бола қойған жоқ», деді Н.Әлтаев. Ол осыны ескеріп, кәсіпкерлерге көбірек сенім арту керектігіне де назар аударды.
Кәсіпкерлер арасында бизнесті тексеруге қойылған мораторий мерзімі біткен соң не болады деген сұрақ бар көрінеді. Осыған байланысты елімізде жоспарлы жұмыс жүріп жатыр екен. Мысалы, жоспарлы тексерістер алынып тасталып, бақылаудың ерекше тәртібі іске қосылыпты. Бүгінде осы бақылаудың ерекше тәртібін жүзеге асыру үшін әрбір ведомствоға сәйкес бұйрықтар қабылдау қажет. Ал бұйрықтарды қабылдау үшін оларға тәуекелді бағалау жүйесін құру керек көрінеді. Бүгінде барлық мемлекеттік органдар осы шаруамен шұғылдануда. Сондықтан кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін бақылау жұмыстары алдағы шілде айынан кейін ғана басталатынын жеткізді басқарма төрағасының орынбасары.
Оның айтқанына илансақ, бизнес мемлекеттік органдар тарапынан бақылау болмаса да жап-жақсы жұмыс істей алатынын дәлелдеген. Сондай-ақ, мораторий кезеңінде еңбек өнімділігі мен өнім өндіру көлемі артып, бизнестің белсенділігі 6 пайызға дейін өскен.
Тағы бір көңіл демдеген мәлімдеме, биыл еліміздегі барлық аудандарда кәсіпкерлерді қолдау орталықтары ашылатын болыпты. «Біз 2015 жылы алдымызға үлкен мақсат қойып отырмыз. Бұйыртса, үстіміздегі жылы республикадағы барлық аудандарда кәсіпкерлікті қолдауға арналған толыққанды орталықтар ашамыз. Онда кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетіледі», деді Н.Әлтаев.
Оның айтуына қарағанда, орталық көрсететін қызметтер тізімі ауқымды. Онда маркетингтік, заңдық, есептік, бизнес-жоспар жасау бойынша, салық салу бойынша, рұқсаттама құжаттар алу және басқа да қызмет түрлері көрсетіледі. Жоба бойынша осы орталықтар базасында әр ауданда кәсіпкерлерге арналған мектептер есігін ашады. Онда тәжірибелі мамандар жас кәсіпкерлерді бизнестің қыр-сырымен таныстырады. Сөйтіп, өз ісін жаңа ашқан кәсіпкерлер тәжірибелік курстардан өтеді. Тіпті, онда нақты пәндер бойынша білім беру де жоспарланыпты. Мысалы, біреу жылыжай салып, онда көкөніс өсіргісі келсе, сол жердегі мамандар оған бұл істі неден бастап, жұмысты қалай жүргізу керек екенін түсіндіреді екен. Ал, 2014 жылы мұндай орталықтар облыс орталықтарында ашылып, оларда 15 мыңнан астам кәсіпкерге көмек қолы созылыпты.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».