Фото: dknews.kz
Өкінішке қарай, еліміз тәуелсіздік алып, нарықтық экономика құру жолына түссе де, көзбояушылық сынды қоғамдық дерт әлі толық жойылған жоқ. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйекте жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында тікелей Президентке бағынышты болатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру туралы шешім қабылдағанын айта келіп: «Тез өзгеріп жатқан ахуалға шынайы баға беру үшін Статистика комитеті Агенттік құрамына беріледі», деген еді. Сөйтіп, бұрын Ұлттық экономика министрлігінің құрамында болған Статистика комитеті Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы болып қайта құрылды.
Бұған қоса, Президенттің тапсырмасына сәйкес сан алуан көрсеткіштер мен индикаторлардан тұратын мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу тоқтатылып, жұртқа түсінікті, қысқа да нұсқа ұлттық жобалар жасалды. Оларда негізгі мақсат жұмыстың барысы емес, нәтижесі болып айқындалды. Осылайша, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары қаптаған көрсеткіш пен индикаторды орындау үшін «жанталаса» жұмыс істеп жатқан сыңай танытып, жалған мәлімет құрастырып, «қатырып жатырмыз» деп күпінуді қоя бастаған секілді.
Дегенмен әзірге Ұлттық статистика бюросының жинаған мәліметтері еліміздегі қалыптасқан жағдайды шынайы бейнелейді деп айтуға әлі ерте. Себебі аталған ведомство өзінің өңірлердегі департаменттері арқылы алған деректерінің бәрін бірдей тексере бермейді. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының қызметкерлері жуырда Ұлытау облысында профилактикалық бақылау жүргізген кезде жергілікті үй шаруашылықтарындағы мал саны туралы әкімшілік деректер мен нақты көрсеткіштер арасында елеулі алшақтық барлығын анықтады. Мұндай алшақтық Қарсақпай кентінде ірі қара мал бойынша – 35 пайыз, Кеңгір аулында жылқы түлігі бойынша 22 пайыз болған. Осындай кемшіліктер жөнінде Ұлттық статистика бюросының атына кейінгі кезде өткір сын айтып жүрген Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты статистикалық мәліметтердің шынайылығын қамтамасыз етуге қатысты заң жобасын әзірлеген болатын. Мәжілісмендер қазір осы маңызды құжатты Ұлттық статистика бюросының және басқа мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдерімен бірлесе талқылап жатыр.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, көзбояушылықтың көкесін биылғы алапат су тасқыны көзге түрте көрсетіп берді. Төтенше жағдайлар министрлігі мен бірқатар облыс әкімінің: «Көктемгі су тасқынына 100 пайыз дайынбыз», деген мәлімдемелері шындыққа сай болмай шықты. Осыған байланысты Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы уақтылы шара қабылдамағаны үшін Премьер-министрдің бірінші орынбасарына, Су ресурстары және ирригация министріне – қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне – қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту бергені, ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жариялағаны мәлім.
Президент су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты ел азаматтарына арнаған үндеуінде: «Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Яғни жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес. Апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайды қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет», деді. Сондай сабақтардың бастыларының бірі – жоғары лауазымды шенеуніктердің тарапынан жол берілетін көзбояушылықтың тамырына түбегейлі балта шабу болса керек.
Еліміздің солтүстігіндегі астықты өңірлердің бірінде тұратын әріптес жолдасым ауыл шаруашылығы саласындағы көзбояушылық еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп санайды.
Ақпан айының соңында әзіл-қалжыңымыз жарасып жүрген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына: «Сіздер көктемгі егіске қажетті техниканың 80 пайызы дайын тұр деген мәлімет бердіңіздер. Оған кім сенеді? Ауылдардағы шаруа қожалықтарының тракторлары мен сеялкалары әлі қардың астында жатыр ғой», дедім. Ол: «Оңтүстік облыстар: «100 пайыз дайынбыз», деп ақпар беріп жатқанда біз қалай «50 пайыз ғана дайынбыз» дейміз?» деп қарқ-қарқ күлді.
Ал бір жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшысынан егіске әзірлігі жайлы сұрасам, ол: «Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері көмек беріп жарытпаса да: «Тұқымыңыз бар ма? Соляркаңыз жеткілікті ме?», деп қайта-қайта сұрай берген соң: «Сіздерге «Бәрі жеткілікті» деген жауап керек қой, шамасы. Ендеше, жоғары жаққа солай деп есеп бере беріңіз», дедім», деп қарап тұр.
«Біздің облыс пәленбай миллион тонна астық жинады», деп рапорт беру де әлі күнге тыйылған жоқ. Сондықтан күзде Үкімет арнайы комиссия құрып, элеваторларда қанша астық барын тексергені жөн деп ойлаймын. Өңірлердегі мақтаншақ әкімдердің өтірігіне сеніп, түбінде санымызды соғып қалмайық», деді ол.
Расында да, статистикалық мәліметтердің шынайылығын қамтамасыз ету мәселесін кешіктірмей шешу қажет-ақ. Өйткені көзбояушылық – қауіпті құбылыс екендігін биылғы алапат су тасқыны айғақтап берді.