Өнер • 12 Маусым, 2024

Симфония сазы

135 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Иса Байзақов атындағы филармониядағы симфониялық оркестрдің маусымжабар концерті үлкен аншлагпен өтті. Дирижер Болат Рақымжанов бұл жолы оркестр тізгінін «Астана опера» театрынан келген жас маэстро Руслан Баймұрзинге ұсын­ған екен. Саз кешіне дирижер өзіндік сән-салтанатын ала келді.

Симфония сазы

Симфониялық оркестр бұл концертке тың­ғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Алғашқы сәттен-ақ залға лық толы көрерменді классика­лық музыканың құдіреті билеп алды. В.Моцарт, И.Бах, А.Марчелло, Дж.Россинидің әйгілі туындылары орындалып, жұртшылықтың талғамымен үйлесіп жатты деуге болады. Ең әуелі музыканттар Дж.Россинидің «Алжирдегі италиялық қыз» операсынан увертюраны орындады. Бұл операны Россини небәрі 21 жасында, 23 күнде жазып, италиялық опера театрында көшбасшы компози­тор атанған. Ондағы увертюра әзілге толы, жанды, тақырыптарды алмастырып отыруымен ерек­шеленеді. Туынды өз заманында театрларда жылдам тарап, эстрадалық концерт­терде танымал бол­ған. Ал авторға сол уақыттан ­бас­тап Милан, Рим, Венеция театрлары есігін айқара аша бастайды.

Кештегі ерекше нөмірлердің бірі гобой аспабымен орындалған А.Марчеллоның «Adagio» туындысы болды. Гобой аспабында ойнайтын астаналық музыкант Дәмелі Махпирова бұл концерттік кешке арнайы келіпті. Ол Филармонияның кон­­церттік залындағы акустика талапқа сай екенін, ал оркестрдегі атмосфералық ауан өте креа­тивті болғанын жеткізді. Концертке келген көрер­мендердің ерекше ықыласы үшін риза­шылығын айтып, бұл павлодарлық дирижер Болат Рақымжановтың жергілікті жұрт арасындағы беделі мен еңбегінің нәтижесі деп бағалайтынын атап өтті.

«Астана опера» театрынан келген дирижер Руслан Баймұрзин де симфониялық оркестрдің концертінен соң алған әсерімен бөлісті.

«Кереку топырағына дирижер ретінде тұң­ғыш рет табан тіреп отырмын. Бұл жердегі сим­фониялық оркестрдің өзіндік бағыты бар, әбден қалыптасқан ұжым екені байқалады. Маған оркестрмен жұмыс істеу ұнады, барлық аспапшылар, әртістер білікті, кәсіби тұрғыдан жетілген. Ішекті аспаптар, үрмелі аспаптарда болсын, өте мықты ойнай білетін музыканттар бар. Күрделі шығармаларды үлкен үйлесіммен әрі сәтімен орындап шықтық. Жарқын, мазмұнды концерт өтті деген ойдамын. Ал Павлодар қаласының өзі тамаша табиғат аясында, еліміздегі ең үлкен Ертіс өзенінің жағалауында орналасқан. Жергілікті музыка тыңдармандарына өнерімізді бағалап келгені үшін мың алғыс», деді елордалық маэстро.

Айтып өтейік, Иса Байзақов атындағы облыс­тық филармонияның симфониялық оркестрі биыл қаңтар айында Италия жұртын қуантып қайт­ты. Музыканттар Италия және Албания оркестр­лерімен бірге 7 қаланың көрерменіне үлкен концерт ұсынды.

 

Павлодар облысы