Таным • 11 Маусым, 2024

Сен кімсің, Войцек?

96 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ол жерден таппағанын көктен іздеді. Ай дегені – айғыз айна, күн дегені күбіртке күкірт екен. Жұлдыз дегені – жыпырлаған қоңыз, шындық дегені өтірікке барабар аңыз екен. Қайда барып құтылмақ? Аяулы тұрақ, баянды жұмақ жер бар ма екен жалғанда? Қайдан болсын... Өзі жалған саналса, сыя ма оның ішіне ардан туған ақиқат? Са­наңа салмақ, жүрегіңе жүк түсі­ре­тін осындай зілмауыр сұрақ­тармен ұжданыңды тергеп, ұятыңды таразылайтын Г.Бюх­нердің «Войцек» қойылымы Қ.Қуа­ныш­баев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрында сахналанды.

Сен кімсің, Войцек?

Франц Войцек – шағын ғана провинцияда тұратын қа­ра­­па­йым ғана солдат. Әйелі – Мария.­ Екеуінің ортақ перзенті бар. Алай­­да олардың бала­лары некесіз туған­нан кейін шір­кеудің тарапынан мойындалмайды. Отбасының жағдайы жадағай, тұрмысы нашар. Әйелі мен баласын асырау үшін жас солдат капи­танға жалданып жұмыс істеп, дә­рі­гер­­дің медициналық тәжірибесіне қа­ты­сып жүреді. Сондай тәжірибенің бірін­­де дәрігер оған асбұршақтан басқа еш­теңе жемеуін бұйырады. Войцектің психикалық денсаулығы нашарлап ке­теді. Түрлі-түрлі елестер көзіне көрініп, апо­калиптикалық ахуалға түседі. Жермен-жексен жетім­сіз­діктің кесірінен Мария әбден шар­шайды. Ақыры Войцектен опа болмаған соң, қызуқанды капитанға ықыласы ауады. Күйеуі барлығын сезетін. Іші қазандай қайнайды. Қызғаныштың қызыл шоғы өзегін күйдіріп жатқанымен, қарсы қайрат қылуға дәрмені жетпейді. Үнемі басынып, мазақ қылатын капитан оны өңменінен кері итеріп тас­тайды. Діңкесі құрып, жынданып біткен Войцек ақыры бір күні әйелін тоғанның түбінде пышақтап өлтіреді. Бюхнер пьесаны 1836 жылдың маусымы мен қыркүйегі арасында жаза бастаған.

Оқиға шынайы тағдырға негіз­делген. Жазушы шығармасына 1821 жылы әйелі Кристиан Вусты қызғанып, қас­тан­дықпен өлтірген сарбаз Иоганн Крис­тиан Войцектің өмірін өзек етіп алды. Автор дүние­ден ерте озды. Небәрі 24 жасында. Сондықтан пьеса аяқталмай қалады. Бюхнер қолжазбалары арасында оқиғаның сот процесімен жалғасатын үзінділер бар. Онда Войцекті ең ауыр жазаға кесіп, гильотинада басын шабады. Пьеса неміс жазушысы Карл Эмиль Францостың толықтырылған нұсқасы­мен алғаш автор өлімінен 42 жылдан ке­йін, 1879 жылы ел назарына ұсынылады. ­Қош, шығарманың тарихымен танысқан­нан кейін оның танымдық тамырына үңіліп, герменевтикалық сараптама жасап көрелік.

Войцек – өз алдына кішкентай адам. Біз бұл ұғыммен XIX ғасырда жазылған, әсіресе орыс әдебиетінде кең өріс алған реалистік шығармалар арқылы таныс­пыз. Әдетте мұндай кейіпкер – елеу­сіз, қарапайым ғана отбасының бала­сы, оның қызметінің әлеуметтік маңы­зы төмен болады. Сәй­кесінше кедей, пәлендей ша­руға икемі келмейді. Оның асқақ мұраты болмайды. Өмірін өзге­р­туге әсте құлықсыз. «Кішкентай адам» әдеби терминін алғаш рет әдебиет сын­шысы Виссарион Белинский 1840 жыл­ғы «Ақылдың азабы» мақаласында Николай Гогольдің «Ревизорындағы» Город­ни­чий­дің бейнесін талдай отырып, қол­данған болатын.

«Кішкентай адамды» алғашқы­лардың бірі болып Александр Пуш­кин «Станса күзетшісі» повесінде сипаттаған. Мұндай кейіпкер Самсон Вырин болды. Ол – өзінің кішкентай, жабық әлемінде өмір сүретін ең төменгі деңгейдегі шенеунік. Оның жалғыз қуанышы бойжеткен қызы еді. Ал оның кенеттен қашып кетуі Выринді өмірдің күллі мәнінен айыр­ды. Пушкин өз кейіпкерін рен­жітпеді, керісінше оқыр­манның Выринге деген жанашырлығы мен аяушылығын оятуға тырысты.

Мұндай типтік бейнені Гогольдің «Шекпен» әңгімесіндегі Акаки Баш­мач­кин болмысынан да танимыз. Онда автор өзінің кейіпкерін әжуалап әрі мүсір­кеп отырады. Себебі ол қарындашын ұштап, қағаздарды қайта көшіруден басқа еш­теңе жасай алмайтын аянышты адам еді. Оның өмірлік мұраты жылы әрі сәнді шек­пен сатып алу ғана-тын.

Ал Достоевскийдің «кішкентай адам­дары» – тіпті күрделі кейіпкер­лер. Мәсе­лен, «Кедей адамдар» әң­гі­месіндегі Ма­кар Девуш­кин, «Қыл­мыс пен жаза­дағы» Марме­ладов Пуш­кин мен Гоголь қа­һар­мандарына қарағанда өз әрекеттеріне рефлексия жасайды. Сөйтеді де, азаптана­ды. Жазушы осы арқылы «кішкентай адам» қайғысын нағыз трагедияға көтереді.

Бюхнер мүсіндеген Войцектің ішкі күйзелісі де жоғарыдағы кейіпкерлерден артық болмаса, кем емес. Ол көп ішінде бір жалғыз еді. Көзіне шөп салған әйелінің әрекеті оның санасын сан саққа, ойын он саққа бөлді. Войцек әйелін жанындай жақсы көрді. Жақсы көргеннен кейін қызғанды. Адамзат жаралғалы бері бұл сезімнің бары ақиқат. Лев Толстойдың «Крейцер сонатасында» Василий Позд­нышев те өз әйелін өлтіреді. Ілгерідегі әдебиетте де бұл сезім сапырылысы анық көрініс тапты. Айталық, Шекпсирдің Отеллосы Ягоның отқа май құюымен сүйіктісі Дездемонаның түбіне жетеді. Бірақ «Ағайынды Карамазовтарда» мынадай бір ой ағыны кездеседі: «Отелло қызғаншақ емес, ол сенгіш», дейді Дос­тоевский тағы да. Бәлкім, Войцек те сондай шығар?

Естеріңізде болса, әңгі­ме­міздің әлқис­са­­сын­да Войцек дәрігердің медицина­лық тәжірибесіне қатыс­қанын айтып ­кеткен едік. Дәрігер оған асбұршақ­пен ғана тамақтануды бұйырады. Нәтиже­сінде, Войцек өз болмысын жоғалтып, жын­данып кетеді. Сонда ол келесі әре­кет­­терін өз ықтиярымен жасамай тұр ғой. Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күніндегі» мәңгүрттік кепесін киіп, анасы­на оқ атқан Жоламаннан не айырмашы­лығы бар Войцектің? Түсінікті, екеуі де қылмыс жасады, адам өлтірді. Алайда Жоламан да, Войцек те теріс пиғылды за­лым­дардың құрбаны. Оның қолындағы қан кімнің арына күйе болып жұғады? Өзі­нің бе, жоқ әлде оны осындай жағдайға түсір­ген қоғамның ба? Ойланатын нәрсе.

Жала жабу жеңіл. Бірақ өз мі­ніңді көріп, оны таразылау көп адамның қо­лы­нан келмейді. Оқи­ғаның шиеленіскен тұсы. Войцек Марияны өлтірмекші. Сонда Мария арын былғаған әйелді ақтап алған Иса пайғамбардың тәмсілін айтып береді. «Халықтың барлығы оны қылмыскер деп танып, өлімге кескелі жатыр еді. Сонда Иса келіп: «Мейлі, бірақ тасты күнәдан пәк адам ғана атсын», деп айтады. Пенде болған соң, ешкім сүттен ақ, судан таза болмайды. Барлығы қолдарындағы тас­ты жерге тастай салыпты. Сөйтіп, әлгі әйелді жайына қалдырыпты». Войцек бірақ қаруын тастамады. Бірақ оны да ешкім аямады. Понти Пилат Исаны өлтірер­де бәдізделетін кресті өзіне көтер­гізіп қой­­ды. Басына тікенектен өрілген тәж кигі­зе­ді. Қойы­лымда да сол мотивтер кез­дес­ті. Войцектің басына әлгі тәж сияқты тәжірибе жасайтын электр құралын кигізеді. Бұл – режиссердің пайдаланған сәтті деталі. Санадағы архетиптік бейнені сах­надағы кейіпкермен салыстыра-сал­ғастыра бейнелеу көрерменнің қабыл­дауына жақсы әсер етеді.

Қо­йылымның негізгі әуені ретінде кана­далық әнші, актриса Франческа Га­ньо­н­ның «Vai vedrai» әні қолданылды. Аккардеон­ның азалы аккордтарында орындалатын шы­­­ғарма депрессивтік көңіл күйді тіпті ұл­ғайтып, дра­малық шиеліністі арттыр­ды. Аяу­жан Малғаждарованың қарлық­­қан, құмығыңқы дауыспен орындаған зарлы әні Марияның ішкі ахуалын дәл суреттеді. Сөз тізбегі шығар­ма­шылық топқа келіп жалғанып жатыр. Режиссер Ұлан Қабыл өзінің авторлық вариациясын қиюын ке­лістіріп көрсетті. Қойылымға Мағ­жанның, Ахметтің өлеңдерін қосты. Көрермен тіксінген жоқ. Сәті де, сәні де келісті. Шығарма тіліне келсек, көпке ұғынықты, түсінікті аударылған. Қазақы танымға қайшы калька сөз қолданыстары мен орыс тілінің орамдары байқалған жоқ. Ал дәрігер рөліндегі Мейрам Қай­санов, капитанды ойнаған Жәні­бек Мұсаев, Карлды бейнелеген Дас­тан Әлімов пен Андресті көрсет­кен Марғұлан Нәменттің шеберлігі көрініп-ақ тұрды. Ал басты қаһар­манды мүсіндеген Ақжол Мамыр премьераның тұғырын биіктетті.

«Кімсің?» деп басталған қойы­лым «Сен несің, Войцек?» деп аяқталды. Расында, оны қалай қабыл­дауымыз керек? Қызғаныштың қызыл итіне жем болып, әйелін өлтір­ген қыл­мыскер дей­міз бе, әлде заман зоба­лаңы мен адам арам­залығының құр­баны деу керек пе? Оны өзіңіз шешесіз, қадірлі көрермен.