Өнер • 11 Маусым, 2024

Балалық шақтың бекеті

85 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Суретші біткен алғашқы және соңғы суретін балалық шағынан ұрлайды. Француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюпери «біздің шыққан тегіміз –балалық шақ» дегеніндей, кейбір көркем туынды балдаурен сәттің көркем естелігіндей көңілге ыстық келеді. Сол алаңсыз шақтар ең аяулы күндердің кітапханасындай. Біз заманауи суретші Мейіржан Нұрғожиннің «Ұшақ, ұшақ...» атты туындысынан соны көреміз.

Балалық шақтың бекеті

Иә, балалық шақтың әрбір белесінен аттап өтсең, ұзын-сонар әңгімеге тап боласыз. Сыр тартсаңыз санада жаңғырып, сартап сағынышқа ұласады. Өз алдына дербес мемлекет секілді. Іргесі қаланғалы ізгіліктен нәр алып, тәуелсіздікке қол жеткізіп қойғандай. Шекарасынан өтсеңіз, шаттықтың самалы жаныңызды балқытады. Олар қанатын кеңге жайған қыран құстай бақыт көгінде қалағанша самғайды. Құдды әлемді билеген хандардың кейпінде. Әрқайсысы бір-бір батырдың рөлін сомдайды. Ақиқаттан ада емес. Шаһардың кербез ханшасындай жандары сұлулыққа құштар. Олардың арманы да сондай асқақ. Құлақ түрсең, намысыңды қамшылайды. Тіпті ерекше күйге енесің. Ертеңіңе сеніммен қарауға еріксіз мәжбүрлейді. Әй, сондайда уақыт тоқтап қалса ғой деп ойлайсың. Мәселен, біз ұсын­ған картинаға қарасаңыз бұралып өскен тал­шыбықтың көкке іңкәрлігі келеді көз алдыңызға.

Аталған картина Ұлттық музейде орналасқан. Адамның ішкі сана-сезімін өзіне елітіп әкететін таңғажайып туынды, әсіресе аға буынның ерекше ықыласына ие. Өткен күннің жаңғырығындай көңілге ыстық, жүрекке жақын көрінеді. Құдды өзіңнің балдәурен күніңді көз алдына айнытпай әкелетіндей.

Мейіржан Нұрғожин өнердегі классикалық реализм мектебінің жолын қуушы суретшілердің қатарына жатады. Оның шығармашылығынан тарихқа деген қызығушылық анық байқалады. Солай бола тұра сағат сайын өзгеріп жатқан қазіргі заман белгілерінен де, еуропалық кескіндеме жетістіктерінен де айналып өтпейді. Өзінің білімін қылқалам ұшына төгеді. Адамның күнделікті тіршілігін бейнелеуге деген ұмтылысы ерекше.

Суретшінің балалық шаққа арнаған картиналары мен сызбалары аз емес. Олардың көбі балаларға арналған. Күшіктер мен лақтар, алма мен ойыншықтар сынды қымбат атрибуттарға толы әртүрлі картиналар өзгеше бедерленген. Әр­бір туындысында кішкентай балдырғандарға деген мейірімі мен махаббаты көзге оттай басылады.

Бақсаңыз, «Ұшақ, ұшақ..» картинасының сюжеті өте қарапайым. Екі бала даланың ортасында күннің сәулесінен сығырайып аспанға қызыға қарап тұр. Өмірдің әртүрлі қызықты оқиғалары күнде бола бермейтін ауыл балалары үшін бұл – нағыз керемет дүние. Шексіз аспанда кішкене нүкте болып ұшып бара жатқан күміс ұшақ. Барлық пейзажға, картинаға күн нұры төгіліп тұр. Со­нымен бірге бояулардың жарқын спектрінің алуа­н түр­лі реңк­тері бар. Жарық, күн, бір сәттік әсер, көңіл күй, ғажап нәрсені күту – міне, осы­лардың барлығы туын­дыға әр беріп тұрғандай.

Автор бала шынайылығының ұшқыны мен табиғилығын, әлемді тануға деген қызығушылығын еркін сезініп, мөлдіретіп жеткізген. Ат үстінде аспанға қол созған бала арман картинаның жұмбағын шешіп тұрғандай. Ал бізге бәрі есік алдындағы ескі әткеншекке дүниенің қызығы байланып тұрғандай көрінеді. Таң алакеуімнен кезекке тұрған тәмпіш танау ауыл тентектері арқанға асылған қарағайды күні бойы ермек қылатын. Аядай ғана ауланы ауыл балабақшасы дерсің. Қашан көрсең үй көрмей ойнайтын бұзықтардың күлкісі бір толастамайды. Оларға әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Егістікке кеткен ата-ана­ларының жоқтығын пайдаланып құмары қанғанша ойнайды келіп.

Иә, сәби әрқашанда ата-анадан мейірімділікті, сүйіспеншілікті, жүрек жылуын күтіп, оларды өмірінің тірегіне балайды. Бала – адамның бауыр еті. Оның басына түскен қайғы, сенің көкірегіңе шемен болып қадалатыны хақ. Оған анықтама берудің қажеті шамалы. Қай уақытта да нағыз бақытты тәрбиелі ұрпақ қана сыйлай алады. Олай болса адам өмірінің мәні – өз ұрпағы. Бүгінгі бала – елдің ертеңгі болашағы. Әрі әлемдегі ең құнды байлықтың бастау бұлағы. Дүние есігін ашқан әрбір балдырған әке-шешесінің аялы алақанында тербеліп, бақытты балалық шақты бастан өткеруге лайық. Бабаларымыздың балдәурен екі айналып келмейді дейтіні сондықтан.

Біздіңше, бұл картина – шебер шығарма­шылығының поэтикалық және стилистік ерекше­лік­терінің бәрін сыйдырып тұрған нағыз жауһар туынды.