Оқиға • 12 Маусым, 2024

Қазақстан офицері Ресейде баланы ажал аузынан құтқарып қалды

95 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстаннан барған ІІІ Ұлттық ұлан офицерінің қырағылығы мен ептілігі Ресейдің облыс орталығындағы кезекті қайғылы оқиғаның алдын алды, деп хабарлайды Egemen.kz  ІІМ Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан офицері Ресейде баланы ажал аузынан құтқарып қалды

Фото:ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Оқиға 2024 жылдың 8 маусымында сағат 19.30 шамасында болды. Подполковник Жандос Нұрахметов баласымен Кастрома қаласының Галичская көшесінде серуендеп жүргенде, №51 үйдің 2 қабатынан 4-5 жастағы баланы байқайды. Ол ашық терезеден ойыншық, киім, сөмкелерді лақтырып жіберген.

«Мен өтіп бара жатқан тұрғындардан жалғыз отырған бала мен оның ата-анасы туралы сұрай бастадым. Балаға ішке қарай кір деп, қауіпті түсіндірмек болдым. Алайда балақай құлақ аса қоймады. Сол маңда тұратын бір әйел келіп, бұл баланың церебральды сал ауруы бар екенін айтты. Осы уақытта бала терезе арқауына асылып, сыртқа шығуға ұмтылды. Оның құлап кететінін сезіп, бар даусыммен айқайлай бастадым. Үй ішінде ересек адам болса, дауысты естісін деп. Алайда, ойланып, біреудің шыққанын күтіп тұратын артық уақыт болмады. Дереу құбыр арқылы 2 қабатқа көтеріліп, баланы ақырын терезеге сүйреп апардым. Баламен бірге пәтерге кіріп, үйде ешкім жоқ екенін түсіндім. Мен кетсем, тағы қайталап жүрер деп, балақайды көшеге алып шығып, ата-анасын жақсы танитын көршілеріне тапсырдым», деді ұландық офицер.

Айта кетерлігі, подполковник Жандос Нұрахметов бүгінде Ресей Федерациясының Кострома қаласында Кеңес Одағының маршалы С.К. Тимошенко атындағы радиациялық-химиялық және биологиялық қорғау Әскери академиясының тыңдаушысы.

Қазіргі таңда Қазақстаннан жоғарыда аталған Академияда алты курсант, екі тыңдаушы және бір адъюнкт білім алып жатыр. 2022 жылы ҚР  Ұлттық ұланының Алматы облысының Қаракемер кентіндегі 6654 әскери бөлімінен аталған білім ордасына оқуға түскен. Бір айдан кейін оқуды тәмамдайды. 

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті