Аймақтар • 12 Маусым, 2024

Ақтөбе облысында әскери қызметші сотталды

90 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбеде әскери орыннан қашқан қатардағы жауынгер сотталды, деп хабарлайды Egemen.kz
 

Ақтөбе облысында әскери қызметші сотталды

Фото: gamn.org

Ақтөбе гарнизонының әскери сотында өзіне сеніп тапсырылған қарумен әскери қызметін тастап қашу, автокөлікті айдап кету және қарақшылық жасау фактілері бойынша айыпталған қатардағы жауынгерге қатысты үкім жарияланды.

«Сотта сотталушы, қатардағы жауынгер М. әскери қызметтің ауыртпалығына төтеп бере алмай, өзіне сеніп тапсырылған қызметтік қарумен әскери қызмет орнынан қашып кеткені анықталды. Әрі қарай өз еркімен бөлімнен қашу кезінде ол жол жиегіндегі жәбірленуші А-ның басқаруындағы автокөлікті көріп, өзіне сеніп тапсырылған қарумен оны қорқытып, өзі айтқан бағытта жүруді талап еткен. Айтқан жеріне келгеннен кейін, сотталушы М. жәбірленушінің сыртқы киімін иемденіп, қылмыс орнынан бой тасалаған», деп хабарлайды Әскери соттың баспасөз қызметі.

Оқиға орын алған күні сағат 13.00 шамасында қатардағы жауынгер М-ны әскери полиция қызметкерлері ұстады.

Сот үкімімен қатардағы жауынгер М. ҚР ҚК-нің 442-бабының 2-бөлігі, 192-бабының 1-бөлігі, 200-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 5 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Сонымен қатар сотталғаннан іс жүргізу шығындары және жәбірленушілерге өтемақы қорына мәжбүрлі төлем өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.