Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйекте жариялаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында: «Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Біз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқпыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Саяси жүйенің бұл формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі саналады. Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады», дей келіп, қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары болып саналады деп мәлімдеді.
Мемлекет басшысы мемлекеттік қызмет саласындағы реформаны Президент Әкімшілігінен бастап, азаматтардан келіп түскен өтініштерді мемлекеттік органдардың сапалы қарауын қадағалап, жедел шаралар қабылдайтын бөлімді құрды. Себебі көп жағдайда азаматтар орталық және жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының немқұрайдылығына байланысты Мемлекет басшысына тікелей жүгінуге мәжбүр болған еді.
Президент мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік қызметке арнайы дайындығы бар жас кадрларды тарту міндетін қойды. Сонымен бірге Үкіметке 2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің санын біртіндеп қысқартуға кірісіп, үнемделген қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсауды тапсырды. Сөйтіп, 2021 жылы шенеуніктер саны 15 пайызға – 9 610, оның ішінде орталық мемлекеттік органдар – 5 481, жергілікті атқарушы органдар 4 129 бірлікке қысқартылды. Сол жылдан бастап мемлекеттік органдарда жалақы орташа есеппен 1,9 есе өсіріле отырып, еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілді. Бұл ретте 2022 жылы Үкімет мүшелері, өңірлердің әкімдері және депутаттар үшін лауазымдық жалақыны көтеруге бесжылдық мораторий белгіленді.
Президенттің тапсырмасына сәйкес мемлекеттік органдар басшыларының қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін жауапкершілігі заң жүзінде бекітілді. Бұған қоса сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін жауапкершілікті қатаңдату, оның ішінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды жою, квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуге өмір бойы тыйым салуды енгізу, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің шетелдік банктерде шоттар иеленуіне шектеу қою бойынша бірқатар заңнамалық шара қабылданды.
Меритократия қағидаты бойынша кадрларды іріктеу жүйесі жетілдірілді. Келісімшарт бойынша жұмыс істейтін қызметшілер институты енгізілді. Мемлекеттік қызметшілер «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасына енгізілді.
Мемлекет басшысының 2019 жылғы 27 тамыздағы Жарлығымен Президент жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру қағидалары бекітілді. Содан бері жыл сайын Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу және оларды жұмысқа орналастыру жүзеге асырылып келеді. Нақты айтсақ, аталған резервке алынған жас мамандардың 271-і, немесе 67,7 пайызы жауапты лауазымдарға тағайындалды, оның ішінде 34 резервші саяси лауазымдарға ие болды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар үшін Өңірлік кадр резерві енгізіліп, оған іріктеу 2023 жылғы 1 наурызда басталды.
Мемлекеттік қызмет саласындағы реформа бұрын қалыптасқан кінәратты ахуалды сауықтырып, мемлекеттік қызметшілердің жаңа жағдайда жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызды. Олардың біліктілігіне, моральдық ұстанымы мен мінез-құлқына қатысты талаптар күшейтіліп жатыр. Мемлекеттік мекемелер ашық жұмыс істеуге көшіп, жоғары лауазым иелері жұртшылықпен жиірек кездесетін болды. Мұның өзі олардың шешім қабылдау үдерісінің тиімділігін арттырды. Бұл әсіресе биылғы алапат су тасқыны кезінде анық байқалды. Он өңірде жарияланған төтенше жағдай кезінде арнаулы апаттық-құтқару қызметтерімен қатар жергілікті әкімдіктердің басшы-қосшысының бәрі уақытпен санаспай жұмыс істеді. Нәтижесінде, су басқан елді мекендерден 119 мыңнан астам адам, оның ішінде 44 мыңнан астам бала эвакуацияланды. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметшілер тасқын салдарын жою жөніндегі жұмыстың бел ортасында жүр.
Шынтуайтында, қазіргі алмағайып кезеңде мемлекеттік органдар еліміздің барлық саласындағы көкейкесті мәселелерді шешумен қатар Мемлекет басшысы айқындаған ауқымды реформаларды жүзеге асырумен қатар айналысып, елеулі сынақтан өтіп жатыр.
Мемлекеттік қызметті бүгінгі заман талабына орай одан әрі жетілдіру қажеттігі де даусыз. Бұл ретте Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының 2022 жылғы 2 маусымда берген тапсырмасына сәйкес Жергілікті атқарушы органдардың базалық құрылымының жобасын әзірлеп, алдағы уақытта өңірлік басқармалардың санын қазіргі 24-тен 20-ға дейін, ал аудандық бөлімдердің санын 12-ден 8-10-ға дейін қысқартуды көздеп отыр. Ал Президент бастамашылық еткен саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың негізгі салмағы өңірлердің атқарушы органдарына түсіп отырған қазіргі уақытта мұндай тәсілмен келісу қиын. Парламент Мәжілісінің депутаттары айтып жүргендей, жергілікті атқарушы органдарды емес, бірқатар министрліктің аумақтық департаменттерін оңтайландыру қажет сияқты. Себебі орталық және жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік биліктің бір тармағы, яғни біртұтас атқарушы билік болып саналады. Соған қарамастан министрліктердің көпшілігі бір кезде өздерінің аумақтық құрылымдарын құрып, оларға бақылау-қадағалау функциясын бергендігі шенеуніктер санын көбейтуден басқа нәтиже беріп отырғаны шамалы. Мысал үшін өңірлік әкімдіктердің Білім басқармалары барда Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласындағы бақылау департаменттерін құру еліміздегі білім беру сапасын жақсартты ма?
Мемлекеттік қызмет саласын реформалау ісіне еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру шараларының тікелей қатысы бар. Бұл ретте Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында: «Ең алдымен, Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз.
Тағы бір мәселе. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Кең-байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз.
Үшінші мәселе. Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Облыс тұрғындары негізінен қала төңірегіне шоғырланған. Ұзынағаштағы немесе Талғардағы мәселені сонау Талдықорғанда отырып шешу оңай емес. Облыс орталығына бару үшін халықтың алысқа сабылуына тура келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады. Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін береді деп санаймын.
Жалпы, жаңа облыстардың құрылуы – көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айырылған өңірлерде тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді. Жұрттың облыс орталығына барыс-келісін оңайлатады. Ішкі көші-қон мәселесін реттеуге септігін тигізеді», деген болатын.
Жаңадан құрылған үш облысқа қоса, Алматы облысында «G-4 City» ретінде Алатау қаласы құрылды. Түркістан облысында Сауран жаңа әкімшілік ауданы құрылып, Ақмола облысының Қосшы ауылына облыстық маңызы бар қала мәртебесі берілді. Абай, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының шекара маңындағы бұрын жабылып қалған аудандары қалпына келтірілді.
Президент Ұлттық құрылтайдың Түркістанда өткен екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Мемлекет басшысы ретінде айтарым, министрлердің, әкімдердің және басқа да мемлекеттік қызметшілердің бойында негізгі екі қасиет болуы керек. Бұл – профессионализм, яғни нағыз маман болу және отаншылдық», деген еді. Мемлекеттік қызметшілерге қазіргі таңда қойылып отырған басты талап – осы.