Қазақстан • 13 Маусым, 2024

Мемлекеттік қызмет – халыққа қызмет

200 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жоспарлы экономикадан бас тартып, нарықтық қатынастар жолына түскен кезде «Сен ақылды болсаң, неге бай емессің?» деген жаңа мәтел пайда болып, материалдық байлық басты құндылыққа айналғаны, ал мемлекеттік қызмет баюдың құралы саналып, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық белең алғаны белгілі. Мұның өзі еліміздің дамуын тежеген басты фактордың бірі еді.

Мемлекеттік қызмет – халыққа қызмет

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйекте жариялаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында: «Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Біз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқпыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Саяси жүйенің бұл формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі саналады. Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосая­си ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады», дей келіп, қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары болып саналады деп мәлімдеді.

Мемлекет басшысы мемле­кет­тік қызмет саласындағы реформаны Пре­зи­­дент Әкімшілігінен бастап, аза­мат­­­тардан келіп түс­кен өтініштерді мем­ле­кеттік ор­ган­дардың сапалы қа­рауын қадағалап, жедел шаралар қа­был­дайтын бөлімді құрды. Себебі көп жағдайда азаматтар орталық және жер­гілікті мемлекеттік органдар басшы­ларының немқұрай­ды­лы­ғына байланысты Мем­лекет басшысына тікелей жүгінуге мәж­бүр болған еді.

Президент мемлекеттік қыз­мет­шілер жұмысының тиімді­лігін арттыру мақ­сатында мем­ле­кеттік қызметке арнайы дайындығы бар жас кадрларды тарту міндетін қойды. Сонымен бірге Үкіметке 2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің санын біртіндеп қысқартуға кірісіп, үнем­делген қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсауды тапсырды. Сөйтіп, 2021 жылы шенеуніктер саны 15 пайызға – 9 610, оның ішінде орталық мемлекеттік органдар – 5 481, жергілікті атқарушы органдар 4 129 бірлікке қысқартылды. Сол жылдан бастап мемлекеттік органдарда жалақы орташа есеппен 1,9 есе өсіріле отырып, еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілді. Бұл ретте 2022 жылы Үкімет мүшелері, өңірлердің әкімдері және депутаттар үшін лауазымдық жала­қыны көтеруге бесжылдық мораторий белгіленді.

Президенттің тапсырмасына сәйкес мемлекеттік органдар басшыларының қарамағындағы қызмет­керлердің сыбайлас жем­­қорлық қылмыс жаса­ғаны үшін жауапкершілігі заң жү­зінде бекітілді. Бұған қоса сыбайлас жемқорлық қыл­мыстар үшін жауап­кер­шілікті қатаң­дату, оның ішінде шартты түрде мер­зімінен бұрын босатуды жою, ква­зимемлекеттік секторда жұмыс істеуге өмір бойы тыйым салуды енгізу, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің шетелдік банктерде шоттар иеленуіне шектеу қою бойынша бірқатар заңнамалық шара қабыл­данды.

Меритократия қағидаты бо­йынша кадрларды іріктеу жүйесі жетілдірілді. Келісімшарт бойынша жұмыс істейтін қызметшілер институты енгізілді. Мемлекеттік қызметшілер «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарла­ма­сы­на енгізілді.

Мемлекет басшысының 2019 жылғы 27 тамыздағы Жар­лығымен Президент жанын­дағы Жастар кадр резерві жө­нін­дегі ұлттық комиссия құрылып, Пре­зи­денттік жас­­тар кадр резервін қа­лып­тастыру қағидалары бекітілді. Содан бері жыл сайын Президенттік жас­тар кадр резервіне іріктеу және оларды жұмысқа орналастыру жүзеге асырылып келеді. Нақты айтсақ, аталған резервке алынған жас мамандардың 271-і, немесе 67,7 пайызы жауапты лауазымдарға тағайындалды, оның ішінде 34 резервші саяси лауазымдарға ие болды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар үшін Өңірлік кадр резерві енгізіліп, оған іріктеу 2023 жылғы 1 наурызда басталды.

Мемлекеттік қызмет сала­сын­дағы реформа бұрын қа­лып­тасқан кінәратты ахуалды сауықтырып, мемлекеттік қызметшілердің жаңа жағдайда жұмыс істеуіне мүмкіндік туғыз­ды. Олардың біліктілігіне, мо­ральдық ұстанымы мен мінез-құлқына қатысты талаптар күшейтіліп жатыр. Мем­лекет­тік мекемелер ашық жұ­мыс істеуге көшіп, жоғары лауазым иелері жұртшылықпен жиірек кез­десетін болды. Мұның өзі олар­дың шешім қабылдау үдері­сінің тиімділігін арттырды. Бұл әсіресе биылғы алапат су тас­қыны кезінде анық байқалды. Он өңірде жарияланған төтенше жағдай кезінде арнаулы апаттық-құтқару қызметтерімен қатар жергілікті әкім­діктердің басшы-қосшысының бәрі уақытпен санас­пай жұмыс істеді. Нә­ти­жесінде, су басқан елді мекендерден 119 мыңнан астам адам, оның ішінде 44 мыңнан астам бала эвакуа­ция­ланды. Қазіргі кезде мемлекеттік қыз­метшілер тасқын салдарын жою жөнін­де­гі жұмыс­тың бел ортасында жүр.

Шынтуайтында, қазіргі алма­ғайып кезеңде мемлекеттік орган­дар еліміздің барлық саласын­дағы көкейкесті мәсе­ле­лерді шешумен қатар Мемлекет басшысы айқындаған ауқымды рефор­маларды жүзеге асырумен қатар айналысып, елеулі сынақтан өтіп жатыр.

Мемлекеттік қызметті бү­гінгі заман талабына орай одан әрі жетілдіру қажеттігі де даусыз. Бұл ретте Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшы­сы­ның 2022 жылғы 2 мау­сымда берген тапсырмасына сәйкес Жергілікті атқарушы ор­гандардың базалық құры­лы­мы­ның жобасын әзір­леп, алдағы уақытта өңір­лік басқармалардың санын қа­зіргі 24-тен 20-ға дейін, ал аудан­дық бөлімдердің санын 12-ден 8-10-ға дейін қысқартуды көз­деп отыр. Ал Президент бас­та­ма­шылық еткен сая­си және әлеуметтік-экономикалық рефор­малардың негізгі салмағы өңір­лердің ат­қарушы органдарына түсіп отырған қазіргі уақытта мұндай тәсілмен келісу қиын. Парламент Мәжілісінің депутаттары айтып жүргендей, жер­гілікті атқарушы органдарды емес, бір­қатар ми­нистрліктің аумақтық де­пар­­таменттерін оңтайландыру қа­жет сияқты. Себебі орталық және жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік биліктің бір тармағы, яғни біртұтас атқарушы билік болып саналады. Соған қарамастан министрліктердің көпшілігі бір кезде өздерінің аумақтық құрылымдарын құрып, оларға бақылау-қадағалау функциясын бергендігі шенеуніктер санын көбейтуден басқа нәтиже беріп отырғаны шамалы. Мысал үшін өңірлік әкімдіктердің Білім басқармалары барда Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласындағы бақылау департаменттерін құру еліміздегі білім беру сапасын жақ­сартты ма?

Мемлекеттік қызмет саласын реформалау ісіне еліміздің әкім­шілік-аумақтық құрылымын жетілдіру шараларының тіке­лей қатысы бар. Бұл ретте Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында: «Ең алдымен, Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін тап­паған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз.

Тағы бір мәселе. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жез­қазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – эконо­микалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Кең-байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз.

Үшінші мәселе. Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Облыс тұрғындары негізінен қала төңі­ре­гіне шоғырланған. Ұзынағаштағы немесе Талғардағы мәселені сонау Талдықорғанда отырып шешу оңай емес. Облыс орталығына бару үшін халықтың алысқа сабылуына тура келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады. Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін береді деп санаймын.

Жалпы, жаңа облыстардың құрылуы – көпшіліктің көкейін­де жүрген мәселе. Ке­зінде облыс мәртебесінен айырылған өңірлерде тұрғын­дар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді. Жұрттың облыс орталығына барыс-келі­сін оңайлатады. Ішкі көші-қон мәселесін реттеуге септігін тигі­зеді», деген болатын.

Жаңадан құрылған үш облыс­қа қоса, Алматы облысында «G-4 City» ретінде Алатау қаласы құ­рылды. Түркістан облысында Сауран жаңа әкімшілік ауданы құрылып, Ақмола облысының Қосшы ауылына облыстық маңызы бар қала мәртебесі бе­рілді. Абай, Алматы, Шығыс Қазақ­стан облыс­тарының шекара маңындағы бұрын жа­былып қалған аудандары қалпына кел­тірілді.

Президент Ұлттық құрылтай­дың Түркістанда өткен екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Мемлекет басшысы ретінде айтарым, министрлердің, әкімдердің және басқа да мемлекеттік қыз­мет­шілердің бойында негізгі екі қасиет болуы керек. Бұл – профессионализм, яғни нағыз маман болу және отаншылдық», деген еді. Мемлекеттік қызметшілерге қазіргі таңда қойылып отырған басты талап – осы. 

Соңғы жаңалықтар