Экономика • 13 Маусым, 2024

Креативті индустрия қалай дамып жатыр?

175 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда экономиканың басым бағыттарының біріне айналып отырған креативті индустрия – қаржының ерекше саласы. Ол біраз елде мемлекеттік қолдауға ие болып, нарықта ішкі жалпы өнімге (ІЖӨ) қосқан үлесі 3 пайызға жетеді. Кей дамыған елдерде 10-12 пайызды құрайды екен.

Креативті индустрия қалай дамып жатыр?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Бізде ұлттық экономиканы да­мытуда өзіндік үлесі бар креа­тивті индустрияның сәу­лет, сән, өнер, музыка, дизайн, кино, IT-тех­нология мен  халық қолөнері се­кіл­ді  шығармашылық бағыттары жұ­мыс істейді. Бұған дейін аталған эконо­ми­каның нақты анықтамасы мен тізбесі болмаған. Тек Үкіметтің өткен жылғы 6 маусымдағы №448 қаулысымен осы қызмет түрлерінің тізбесі бекітілді. Оған 43 экономикалық қызметтің жалпы жіктемесі енгізілді. Қазір 32 мың кәсіпкерлік субъектісінде 300 мыңға тарта адам жұмыс істейді. Негізгі капиталға салынған инвестиция 35 млрд теңгеге жуық болса, ел экономикасына қосқан үлесі – шамамен 2,7 пайыз.

Жалпы, ұлттық даму жоспарында жаңа жұмыс орындарын құрып, креативті һәм білімді жастарды жұ­мыс­­пен қамту міндеттері көзделген. Оған қоса, Ұлттық экономика министр­лігі креативті ин­дустрияны дамытуда ІЖӨ-ге салымды 3 па­йызға, жұмыспен қамтылғандардың үлесін 4 пайызға дейін ұлғайтып, шағын және орта бизнес санын 80 мың бірлікке дейін жеткізуге, сонымен қатар өнім экспортын 200 млн долларға арттыруға мүмкіндік беруге тиіс деген болжам жасайды. Қалай десек те алдағы жылы креативті индустрияның ел экономикасына қосқан үлесі 5 пайызға жетуі керек.

Таяуда Санкт-Петербург қаласында өткен халықаралық экономикалық форумда «Шығармашылық бастамалар мен мәдени мұра қоғамдық қоры» өз жұмысын таныстырды. Ондағы жалпы мақсат – шығармашылық кәсіпкерлік саласында білім беру, консалтингтік қыз­мет көрсету, халықаралық қызметтер­­ді ілгерілету мен осы саладағы ғылыми-зерттеу және талдау қызметтерін жа­риялау арқылы Қазақстан мен Еуразия­лық экономикалық одақ елдері (ЕАЭО) арасында креативті экономика және креативті индустрияны дамытуға жауап­ты ұйымдармен қатарласа тиімді ын­ты­мақтастық қарым-қатынас орнату. Бұл қор халықаралық экономикалық форум аясында Ресей шығармашы­лық индустрия федерациясымен экономика саласындағы халықаралық ынты­мақ­тастық туралы келісімге алғаш рет қол қойды. Келешекте екі тарап өзара тәжі­рибе алмасуды, кәсіпкерлер арасында шығармашылық және іскерлік байла­нысты одан әрі нығайтуды жоспарлайды.

«Мұндай серіктестік екі ел арасында бизнесті тиімді дамытып қана қоймай, халықаралық нарықта өз позициясын айқындауға мүмкіндік алады. Аталған саланы дамыту бойынша ұсыныстар, стратегиялар мен бағдарламаларды әзірлеу ынтымақтастықтың маңызды бағыты болмақ», дейді қор негізін қалаушы, сәулетші Дина Абдрахмет.

Сонымен қатар еларалық білім беру мен ақпараттық-түсіндіру бастамаларын дамыту да ойда бар екендігін жеткізді.

Ресей креативті индустрия федера­циясының бас директоры Игорь Нама­конов қазір әртүрлі бағалау бойынша, 2030 жылға қарай ІЖӨ-нің 10 пайыз­дан астамы әлемдік креативті салаларға тиесілі болатындығын, ал шығар­ма­шы­лық өндірістің өзі Батыстан БРИКС-ке (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасы, т.б.) мүше елдерге көбірек ауысып жатқанын атап өтті.

Форум Қазақстан мен Ресей ара­­сын­дағы креативті индустрия­ны қолдауда халықаралық ынтымақтастықтың ал­ғаш­қы әрі табысты тәжірибесінің негі­зін қалағандай. Сонымен бірге, қор Стра­тегиялық бастамалар агенттігімен келі­сімге отырып, екі елдің креативті экономикасын зерттеу бойынша ақпараттық алмасу, креативті индустрияларды дамыту, стратегияларды әзірлеу кезінде кеңесіп, жобалар мен бағдарламаларды бірлесе жүзеге асыратын болды. Аталған агенттік қазірдің өзінде отандық әріп­тестерімен шығармашылық индустрияны дамы­тудың өңірлік стандартын енгізу тәжіри­бесін бөлісуге дайын.