Спорт • 13 Маусым, 2024

Парижге алтын үшін барамын – Руфина Искакова

220 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық құрама сапынан Париж Олимпиадасына лицензия жеңіп алған спортшының бірі – каноэ мен байдаркада ескек есу өкілі Руфина Искакова. Ол жолдаманы сәуір айында Жапонияда өткен Азия чемпионатында жеңіп алған еді, деп жазады Egemen.kz Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Парижге алтын үшін барамын – Руфина Искакова

Фото: caiu.edu.kz

Бұл – 20 жастағы спортшының алғашқы Олимпиадасы. Руфина каноэ мен байдаркада ескек есу спортымен 13 жасынан бері айналысады екен.

«Жүзу спортында жүргенімде бір күні жаттықтырушым ашық суда ескек есіп көруді ұсынды. Өте қызық спорт түрі болғандықтан, мені бірден өзіне баурап алды. Міне, содан бері каноэ мен байдаркада ескек есіп келемін. Әрине, алғашында бәрі қиын болды. Бірақ тәжірибелі бапкерлерімнің арқасында бұл спорт түрін еркін меңгеріп кеттім. 2020 жылғы Токио Олимпиадасына қатысқан әріптестерімнің жарысын теледидар арқылы тамашалап отырып, алдыма «келесі Олипиадаға мен барамын» деген мақсат қойдым. Арада көп уақыт өтпей сол арманыма қол жеткіздім», дейді жас спортшы.

Спортшы ағайынды Сергей және Тимофей Емельяновтарға еліктеп өсіп, үлгі тұтқан.

«Руфина Искакова 2021 жылдан бері ұлттық құрама сапында жаттығып келеді. Аз уақыттың ішінде үлкен нәтиже көрсеткен талантты спортшыларымыздың бірі. 2023 жылы Италияда жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, ел мерейін асырды. Өте мінезді, кез келген қиындыққа шыдамды. Соның арқасында ол үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді», дейді Ұлттық құраманың бас бапкері Қайсар Нұрмағамбетов.

«Спортшыға берілетін тапсырма – Олимпия ойындарына қатысып, финалдық кезеңдерге шығу және тәжірибе жинау. Әрі қарай бағы мен бабына байланысты болмақ», деп атап өтті мемлекеттік жаттықтырушы Дәулет Сұлтанбеков.

Руфинаның өзі Парижге алтын үшін ғана баратынын айтады.

«Олимпиада чемпионы болу – кез келген спортшының ұлы арманы. Сондықтан Парижге алтын үшін барамын. Олимпиаданың жүлдесін жеңіп алу үшін еңбектеніп, жаттығу жасап жатырмыз. Сәтін салса, бұл еңбегіміз ақталады деп сенемін», дейді спортшы.