Қоғам • 13 Маусым, 2024

«ДНҚ тапсырудан бас тартты». Қымбат Досжан Жәнібектің әкесін іздеп Қарағандыға барды

440 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Бармысың, бауырым?» хабарының редакциясы Jany Eddy J Saveliev, яғни Жәнібек Жұмағұловқа қатысты іздеу жұмыстарының қазіргі таңдағы нәтижесін жариялады. Хабар авторы, журналист Қымбат Досжан Жәнібектің әкесі болуы мүмкін азаматтың табылғанын айтты, деп жазады Egemen.kz.

«ДНҚ тапсырудан бас тартты». Қымбат Досжан Жәнібектің әкесін іздеп Қарағандыға барды

Фото: instagram.com

Журналист осы істің анық-қанығын ажырату мақсатында полиция қызметкерін ертіп, Қарағанды қаласына барған. 

Ол соңғы уақытта осы іске қатысты ақпарат талқыланбаса да іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді.

«Кеше мен Арқалық қаласының полиция қызметкері Саят Исламовпен бірге Қарағанды қаласына барып келдім. Зерттеу барысында Жәнібектің әкесі болуы мүмкін деген ер адам анықталды. Өкініштісі, ол кісі өмірден өткен болып шықты. Сондықтан марқұмның жақындары мен ет жақын адамдарымен сөйлесу үшін полиция қызметкеріне еріп, өзім арнайы барған едім, бірақ туыстары сөзімізге, өтінішімізге құлақ аспады. ДНҚ тестіне қан тапсырудан бас тартты», дейді Қымбат Досжан.

Радио-хабар редакциясына Жәнібектің әкесімен бұрын жұмыс істеген азамат анонимді түрде хабарласып, әріптесінің жас кездегі бейнесі, жүріс-тұрысы Жәнібекке қатты ұқсағанын айтқан.

«Тіпті марқұмның жас кезіндегі суретке қарап, біз де Жәнібек баламызды көргендей болдық. Амал қанша, марқұмның туыстары тағы да ойланып, оң шешім қабылдайды деп күтеміз. Жәнібек: «Егер осы әулеттің баласы болып шықсам, олардың ақшасына немесе дүние мүлкіне таласым жоқ», деп қолхат беруге дайын екенін айтты», деп хабарлады Қымбат Досжан.