Сурет – Сарқан ауданы баспасөз қызметінен алынды
Сарқан ауданы – ара шаруашылығының қызған ортасы. Жоңғар Алатауының етегінде орналасқан елді мекендердің дені бал арасын баптап, нәсібін арттырып отыр. Оның үстіне өңірдегі жұпар шашқан гүлдер мен табиғаттың көркем жемістері сол мекенге тиесілі. Сол себепті омарташылыққа бет бұрған кәсіпкер көп. Әсіресе Сергей Питенконы айрықшалап айтсақ болғандай. Ол әріптестеріне сапалы генетикалық материал таратып, ара өсіріп, бал өндіруді тұрақты кәсіп еткен. Омарташылар әулеті ара шаруашылығының түрлі өнімін ғана емес, сонымен қатар осы іспен айналысуға қажетті барлық жабдықты саудалайды. Бүгінде оның балын шетелдіктер де жақсы біледі. Сергей Питенко балын ел аумағында сатумен қатар, Еуропаға, Қытайға, Біріккен Араб Әмірліктеріне экспорттайды. Сапасы жоғары өнімге сұраныс көп.
Сергейдің айтуынша, ол бала күнінен осы саланың басы-қасында болған. Бүгінде ара өсіру мен бал өндірудің ерекшелігін шемішкеше шағады. Әкесі 30 жылдан астам уақытын осы қажырлы іске арнаған екен. Дегенмен ара шаруашылығымен кәсіби түрде айналыспас бұрын, Сергей өзін түрлі салада сынап көреді. Ақыры жүрегіне сіңген омарташылық кәсібінен артығын таппасын түсінеді. Осылайша, отбасылық кәсіпті қолға алып, әке аманатын арқалайды.
«Ара шаруашылығымен бала кезімнен айналысамын, өйткені омарташылар отбасында дүниеге келдім. Әуел баста жай ғана бақылап, кей нәрселерді сұрап біліп, қызығушылық таныттым. Бұл мәселеде менің басты ұстазым – әкем. Сегіз жылдан бері ара шаруашылығымен кәсіби түрде шұғылданамын. Омарташы деген дипломым бар, ресейлік ара шаруашылығы институтында білім алдым. Біздің омартаның басты ерекшелігі – бал өндіруден гөрі селекцияға бағдарланған. Араларды қолдан ұрықтандырумен айналысамыз. Аналық ара мен балұяларды сатамын. Бастапқы аналық материалды Аустриядан әкелеміз де, мұнда соның негізінде өз арамызды өсіреміз. Балды көп беретін еңбекқор және адамға зияны жоқ аралардың бірі – карник тұқымын өсіріп отырмыз», дейді кәсіби омарташы.
Қазір оның омартасында 600-ге жуық ара ұясы бар. Әр ұя бір маусымда 50-ден 100 килоға дейін бал береді. Тек араларға қолайлы жағдай жасау шарт. Кейде көлікпен араларды гүлі жайқалған аумақтарға қыдыртады. Бұл – мол өнім алудың бір тәсілі.
«Менің омартам асыл тұқымды, сондықтан жұмыстың негізгі бағыты – ана аналықтары мен ара тобын өсіруге арналған. Әйтпесе, омартамнан бір маусымда 30-40 тоннаға дейін бал алуға болады. Жалпы, ара бизнесінде не бар, соның бәрімен дерлік айналысамын. Ара өсіріп, бал өндіруден бөлек, ара шаруашылығы өнімдерінің сан түрін саудалаймын. Мысалы, балтозаң, ұяшық, аналық сүт, балауыз секілді. Сол сияқты балауызды өндіретін және өңдейтін цехымыз бар. Біз сондай-ақ пенопластан ұялар жасаймыз. Ол араға жазда салқын, қыста жылы болады. Сондықтан қыста олар омартада қалады», дейді.
Сергей Питенконың омартасы стационарлық, сондықтан 500 гектарға жақын жерде балды өсімдіктер өсіріледі. Омарташы өнімі тек елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де сұранысқа ие. Алматы қаласында жеке дүкені де бар.
«Дүкенде бал, араның басқа да өнімдерін ғана емес, сонымен қатар ара шаруашылығымен айналысуға қажет нәрсенің бәрін, яғни әртүрлі жабдық пен керек-жарақтарды сатамыз. Өз клиенттерімді бір-ақ күнде омарташылыққа үйрете аламыз десек артық айтқандық емес. Барлығын түсіндіреміз, көрсетеміз, айтып береміз. Тіпті үй жағдайында кез келген адам кішкентай омарта ұстай алады. Әрине, әр жұмыстың өз ерекшелігі бар, бірақ еңбекті сүйген адамның күш-жігері жеңбейтін қиындық жоқ», дейді Сергей өз тәжірибесін бөлісіп.
Сергей Питенко бал, балтозаң, аналық сүт пен басқа да ара шаруашылығы өнімдерінің иммунитетті күшейтетін, иммуностимуляторлық әсері мол екенін айтады. Сондықтан оны суық тию жиілейтін қыс мезгілінде пайдаланған тиімді. Сондай-ақ тұрғындар көбіне балдың алғашқы шайқалатын кезін күтеді.
«Омарташылыққа бүкіл уақытыңды арнау керек. Оны жай ғана келіп-кетіп, бақылап жүре алмайсың. Күні бойы, маусым бойы омартаның басында болу керек. Қыста ғана демалып, негізінен бал сатумен айналысамыз. Адам өзінің сүйікті ісімен айналысқанда ауырлықты сезінбейді. Тек көмекші табу қиынға соғып тұр. Қазір көп адам қолмен жұмыс істегісі келмейді, кейде жазғы кезеңде студенттер омартаға жұмысқа келеді. Жалақысы айына – шамамен 150 мың теңге. Кейбіреулер шынымен қызығушылық танытып жатса, қуанамын», дейді ол.
Жетісу облысы