Пікір • 14 Маусым, 2024

Қайырымдылық қадірі

413 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылғы алапат су тасқыны кезінде жұрттан жылу жинаған қайырым­ды­лық қорлары аз болған жоқ. Бірақ олар­дың көбі жиналған қаражат қанша екені, қандай мақсатқа жұм­сал­ғаны туралы есеп берген емес. Ал әлеуметтік желіде әр­түрлі себеппен ақшалай жәрдем сұраушылар көбейіп тұр. Алайда олардың қайсысы шын мұқтаж екенін анықтау оңай емес.

Жуырда Қаржылық мониторинг агент­тігінің баспасөз қызметі елімізде жобаларды, бастамаларды және стартаптарды қаржыландыруға ақша жинаудың ин­новациялық тәсілі болып саналатын краудфандингті оңай жолмен баю мақ­сатында пайдалану оқиғалары жиілеп кеткендігін мәлімдеді. Нақты айтқанда, түрлі күмәнді мақсатқа қаражат жинауға 138 банктік карта тартылған. Жалған көмек сұраушыларға 660 мыңнан астам отандасымыз ақша жіберген. Жиналған қаржының жалпы сомасы 6 млрд теңгені құраған. Оның ішінде 2 млрд теңге бойынша алаяқтық жасау белгілері байқалған.

Әлеуметтік желіде алаяқтар «емделу» және «мұқтаж жандарға көмек көр­сету» деген желеумен ақша жинауды еш кедергісіз және бақылаусыз іске асырып жүр. Шынтуайтында, олар жиналған мол қаражатты жылжымалы және жылжымайтын мүліктерді сатып алуға, тұрмыстық шығынға, букмекерлік кеңселерде бәс тігуге, шетелдегі қымбат пәтерлерді жалға алуға жұмсайтын көрінеді. Демек әлеуметтік желіде ауыр сырқаты немесе мүшкіл хал-жағдайын айтып зар илеп тұрған адам­дардың сөздерінің шындығына көз жет­кізбей, оларға бірден көмек қолын созу алаяқтардың арбауына түсіп, босқа шы­ғындану мүмкін екенін естен шығар­маған жөн.

Жақында Жоғарғы соттың баспасөз қызметі Алматы қаласының мамандан­ды­рылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен осы мегаполистегі «Жібек жолы» қайырымдылық мекемелері қауымдастығының құрамына кірген, білім саласындағы 26 қайырымдылық мекемесінің мемлекеттік тіркеуі жойылып, қызметі тоқтатылғандығын хабарлады. Уәкілетті орган жүргізген тексерістің қорытындысы бойынша олардың тек 11-і нақты жұмыс істеген, ал 15-і тіркелген жерінде жоқ болып шыққан.

«Оңтүстік астанадағы» қызметі тоқта­тылған қайырымдылық мекемелерінде балалар­дың өмірі мен денсаулығына тікелей байланысты, соның ішінде көші-қон, еңбек, жер, экология және тұрғын үй мәселелеріне қатысты өрескел заң бұзушылыққа жол берілген. Сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, өрт қауіпсіздігі талаптары, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар, діни, қайырымдылық және қаржылық-шаруашылық қызмет салаларында заң бұзушылық әшкереленген. Іс жүзінде бұл мекемелердің атқарған жұмыстары олардың жарғылық мақсаттарына қайшы келетіндігі анықталған. Оның үстіне, кей­біреулері білім беру қызметімен тиісті лицензиясыз айналысқан. Балалардың тиісті білім, тәрбие және медициналық көмек алу құқықтары айтарлықтай бұзылған.

Аталған қайырымдылық мекемелерінің діни бейімделгендігі дәлелденген, ал Қазақ­стан мұсылмандары діни басқармасы «Жібек жолы» мекемесімен жасалған мемо­рандумның күшін біржақты тәртіппен жойған.

Заңнаманы бұзған қайырымдылық мекемелерінің бірқатарына және олардың басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Олар кәмелетке толмаған бала­ның өзіне қол жұмсауына, әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни араздықты қоздыруға, сот экстремистік және террористік деп таныған әдебиеттер табылуына байланысты.

Қой терісін жамылған қасқырлар сияқты «қайырымдылық мекемесі» мәртебесін пайдаланып, заңсыз іс-әрекетпен айналысқан ұйымдар жабылып, басшылары тергеуге алынғанымен, осы оқиға еліміздегі қайы­рымдылық саласына деген сенімге селкеу түсіргені анық. Сондықтан мүдделі мемлекеттік органдар әлеуметтік желіде жұрттан жалған жәрдем сұрау арқылы алаяқ­тық жасаушыларды әшкерелеу, қайы­рымдылық мекемелері мен қор­ларының жұмысының ашықтығы мен есеп­тілігін қамтамасыз ету шараларын қолға алса, игі.