*«Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» АҚ бүгінге дейін шаруаларға 90 млрд. теңге қарыз берген. Қордың бөлген несиелік қаржыларының көмегімен 89,5 мың адам, оның ішінде тек биылғы жылдың өзінде 13 мың тұрғын жұмыспен қамтылған. Ал белсенді қарыз алушылардың саны 24,3 мыңға дейін өскен.
*Елімізде құны 43,6 млрд. теңгенің мүлкі жария етілді. Қаржы министрлігінің мәліметінше, заңдастыру бойынша жергілікті атқарушы органдар жанындағы комиссияларға жалпы сомасы 124,9 млрд. теңгеге 16 046 өтініш келіп түскен.
*Шағын бизнес субъектілері үшін айыппұлдар көлемі 50 пайызға төмендеді. Әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдинаның айтуынша, жаңаәкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте шағын және орта бизнес субъектілері құқық бұзған жағдайда қолданылатын жазалаудың түрлі деңгейі қарастырылған.
*Астана кәсіпорындарында бір жылда құны 324 млрд. теңгеден асатын өнім өндірілді. Қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының хабарлауынша, елордада 2014 жылы жеңіл және тамақ салаларында өндіріс көлемінің артуы байқалған.
*Алматы өңірінде «20 игі іс» жобасы қолға алынды. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының аясында аймақтағы этномәдени орталықтар осы жобаның мақсатына сай түрлі қайырымдылық шаралар ұйымдастыруды бастап кетті.
*Қарағандыда мемлекеттік сатып алулардың 55,1 пайызы конкурстар арқылы жүзеге асқан. Облыстық мемлекеттік сатып алу және активтер басқармасының басшысы Мұрат Кәдеков мәлім еткендей, қазіргі таңда 15 млрд. 777 млн. теңгені құрайтын 99 конкурстың жоспары жасалған.
*Қызылордада жылу бағасы арзандады. Облыс бойынша монополияға қарсы департамент директоры Нұрлан Пірімовтің дерегінше, үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК өз тұтынушыларына жылу тарифін 3,6 пайызға төмендеткен.
*Жамбыл өңірінде «Керуен-2015» жәрмеңкесі өтеді. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі атап көрсеткендей, тұрғындарды азық-түлік тауарларымен қамту мақсатында қолға алынған бұл шара барысында аймақтағы барлық аудан қамтылады. Оны «ТЗК «Тараз» ЖШС тұрақтандыру қорының операторы ұйымдастырады.
*Батыс Қазақстанда әлеуметтік салаларға баса назар аударылып отыр. Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Арман Өксікбаевтың дерегінше, өңірде білім және денсаулық сақтау салаларының нысандарын салуға 5281,3 млн. теңге қаржы бөлінген.
*Солтүстік Қазақстанда былтыр 116 спорт нысаны ашылды. Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы Петропавл қаласының «Жас өркен» шағын ауданында мұз аренасы мен жеңіл атлетика манежі бар спорт сарайының құрылысы жүріп жатқанын мәлімдеді. Оған жергілікті бюджеттен 2 млрд. теңгеден астам қаржы қаралған.
Хабарлар Үкімет, облыстық әкімдіктер сайттарының деректері бойынша дайындалды.