Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Республика басшылығындағы біраз адам, ұлт зиялыларының бір тобы ұшақ апаты ұшқыштардың қателігінен немесе техника қауіпсіздігін сақтамағандықтан болмағанын сол кездің өзінде жақсы білді. Бірақ ашық айта алмады. Өйткені бұл сапарға себепші Т.Лысенко өзін мансаптың төріне шығарған ұстазы академик Н.Вавилов бастаған ондаған ғұламаны «халық жауы» деген жаламен кеңестік өлім машинасына жібергені ұмытыла қоймаған. Америкалық журналист, жазушы-деректанушы Сэм Кин «Ғылыми мақсат үшін! Өлтіру, азаптау, тыңшылық және басқа да қылмыстар» деген еңбегінде ғылым тарихында динамит, улы газ немесе ядролық қарумен мыңдаған адамның түбіне жеткен күмәнді жетістіктер бар. Дегенмен ғылыми мақсаттағы жауапсыздықтың жүлдесі сөзсіз сталиндік академик Трофим Лысенкоға тиесілі. Ол жалған ғылыми зерттеулерімен миллиондаған адамды шімірікпестен аштықтың аранына айдап салды деп өте дәл сипаттады. Яғни Қазақстан ғалымдарын құрбандыққа шалу шыбын өлтіргеннен де жеңіл әрі пайдалы еді. Өйткені олар нақты нәтижелі ғылыми зерттеулер жүргізу үстінде болатын. Николай Вавилов қолымен құрған ВАСХНИЛ-дың (В.И.Ленин атындағы Бүкілодақтық Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы) Қазақстандағы бөлімшесін басқарып келген шәкірті Кәрім Мыңбаев мұндағы қызметін, кейбір деректер бойынша, әріптесі Қылыш Бабаевқа тапсырып, өзі Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) ВИР (Бүкілодақтық өсімдіктер шаруашылығы институты) зертханасына ауысып, ғылыммен айналыспақ болған.
Профессор Хайдар Арыстанбеков: «Мемлекеттік комиссия ұшақ өздігінен жарылмағанын анықтады. Бұл Кәрім Мыңбаевқа жасалған қастандық екенін жұрт іштей білді. Жарылғыштың қуаттылығы соншалық, ондағы адамдардың денелері кесек-кесекке бөлініп, шашылып кеткен. Мыңбаевтың мәйітін костюмінің бір жапырақ матасы мен сондағы түймесінен анықтадық» деп жазған екен естелігінде.
Кеңестік дәуірдегі тоталитарлық биліктің қазақ халқына жасаған орасан қиянаты мен ешқашан орны толмас зардабын айта отырып, мемлекеттік жүйені қалыптастыруға, соның ішінде білім мен ғылымды дамытуға тигізген оң ықпалын жасырып қалу жарамас. Кеңес одағы құрылған 1920 жылы өсімдіктер мен жануарлар тұқымын сұрыптау ісімен 26 ғылыми мекеме айналысса, 12 жылдан кейін елдегі сұрыптау стансаларының саны 185-ке жетіпті. Сондай-ақ талапты жастың іскерлік, ізденгіштік қабілетін таныған шынайы ғалымдар оларды кез келген республикадан шақырып алып, ғылым жолына түсуіне жәрдем бергені – ақиқат. Осының айқын мысалы, Алматыда Ауыл шаруашылығы институтының доценті, Қазақ егіншілік институтында ғылыми қызметкер Кәрім Мыңбаевты академик Н.Вавилов Ленинградтағы өзі басқаратын Бүкілодақтық өсімдіктану институтының аспирантурасына шақырып, білімін жетілдіруге, Қазақстанда бастаған зерттеу жұмысын жалғастыруға мүмкіндік берді. Сөйтіп, Николай Ивановичтің жетекшілігімен «Көксағызды жақсартудың негізгі жолдары» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап, каучукты өсімдіктер ішінде тиімдісі көксағыз екенін дәлелдейді. Сол, 1940 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық астық шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының аспирантурасына қабылданып, ВИР-дегі зерттеу жұмысын жалғастырады.
1940 жылдың соңында Кәрімнің ұстазы академик Н.Вавилов тұтқынға алынады. Т.Лысенко бастаған топтың жаласымен. Мыңбаевтың да зерттеулері мен қызмет жолына бөгет жасалуы мүмкін еді. Өйткені академиктің достары мен шәкірттеріне сенімсіздік пайда болып, бақылауға алынды. Дегенмен ғалымды тергеу ісі бірнеше айға созылып, әуелде шығарылған өлім жазасы 20 жыл абақтыға жабу үкіміне ауыстырылып, Лысенколар үшін «майда шабақ» және «жабайы» Қазақстаннан келген Кәрім сияқты жастар назардан тыс қалған. Оның үстіне, Екінші дүниежүзілік соғыс қимылдары КСРО аумағына ауысқан соң, саяси бюро барлық қажыр-қуатын майданға жұмсап, ел ішіндегі ұсақ-түйек мәселеге мойын бұра қоймайды.
Соғыс басталысымен зайыбы мен балаларын Қазақстанға жіберген Кәрім жау әскері Ленинградқа таяған кезде халық жасақшылары сапында қаланы қорғауға қатысады. С.Дүйсен мен Ж.Қалиевтің «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен шыққан «Кәрім Мыңбаев» кітабында ғылым кандидаты дәрежесі бар, коммунист кейіпкерімізді 1941 жылы 6 қыркүйекте Қызыл Армияның тұрақты бөліміне, 114-дербес автобронды ротаның саяси жетекшісі етіп жібергені туралы дерек берілген. Студент, оқытушы, ғылыми қызметкер, аспирант, докторант болған кездерінде өзі оқыған, қызмет істеген мекеменің қоғамдық жұмысына белсене араласқан, іскерлігіне қоса жауынгерлерге жігер бере алатын шешендік қабілеті зор, қиын-қыстау сәтте тез шешім қабылдай алатын батылдығы да бар Кәрімнің майдангерлік жолы төрт айдан соң, 8 қараша күні аяқталып, ғылыми жұмыспен айналысуға Қазақстанға қайтарылады. Өйткені әскери ұшақ пен автомобиль шығару өндірісіне, кейбір ақпаратқа қарағанда, танктер бронын күшейтуге қажетті каучук талшықтарын беретін көксағызды мол мөлшерде өсіру қажет еді. Сондықтан республика басшылығының өтініші бойынша Жоғары бас қолбасшы И.Сталиннің тікелей рұқсатымен елге оралады.
Қазақстанда К.Мыңбаев Қазақ КСР Жоспарлау комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалып, ғылыммен айналысуына рұқсат беріледі. Ол негізгі қызметіне қоса, Қазақ ауыл шаруашылығы институтында өсімдіктер селекциясы және генетикасы, С.М.Киров атындағы ҚазМУ-де дарвинизм кафедрасын басқарады. Сонымен қатар Мақтаарал, Қызылқұм, Ильичев, Киров аудандарында каучук өндірісі үшін шаруашылықтар құрумен шұғылданады. Оның жетекшілігімен Алматы облысының Жамбыл ауданында тәжірибе танабы, Ақмола облысында Шортанды ауыл шаруашылық тәжірибе стансасы ұйымдастырылады.
Әрине, Кәрім Мыңбаевтың алдында Алаштың алып тұлғалары жасаған ұлы істердің, күрескерліктің қайталанбас үлгісі бар еді. Кеңестік екіжүзді идеологиямен сиыспайтын көзқарастары мен әрекеттері үшін олардың саяси қуғын-сүргінге қалай ұшырағаны оның көз алдында өтті. Кәрім кеңестік дәуірдегі қазақ зиялысының көрнекті өкілі болды. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары ғылым табалдырығын аттаған қазақ азаматтары аға ұрпақтың ізденімпаздық, өзіне қатал талап қою қасиеттерін, күрескерлік қабілеттері мен қажыр-қайратын сақтап қалып, кеңестік-коммунистік идеологияның қосарлы стандартына төзу иммунитетін бойына қалыптастырып үлгерді. Соның нәтижесінде ғылымды игерудегі зор мүмкіншілігін көрсетті, өзгелерді мойындатты.
Кәрім Мыңбаевтың және оның тұсындағы ғалымдардың отаншылдық, мемлекетшілдік қасиетіне, алға қойған мақсатына жетуге құштарлықпен ғана емес, өлермендікпен еңбек еткен жансебілдігіне таңғалмасқа шара жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыстың екі жарым жылында толық қоршауда қалған қалада орналасқан ВИР қоймаларында сақталған, Вавилов бастаған ғалымдардың экспедициялар кезінде жинаған дәнді дақыл тұқымдары, Ресейдің заманауи есебі бойынша, 8 триллион долларға бағаланады екен. Ленинградтың халқы өзек жалғар талғажу таба алмай аштан өліп жатқанда институт ғалымдары бір түйір тұқымдық дәнді пайдаланбай, аман сақтап қалады. Осы кездері ВИР-дің 28 ғылыми қызметкері аштан өлген екен. Бұл – қантөгіс шайқастағы көзсіз ерліктен де асқан қаһармандық, төзімділік екенін мойындамасқа болмайды. Айтпақшы, елінің, адамзаттың болашағы үшін осынша қазынаны тірнектеп жинаған Н.Вавилов та 1943 жылы 26 қаңтарда Саратов түрмесінде аштан өледі.
Елдің өнеркәсіп және қорғаныс салалары үшін қажетті каучук беретін көксағыз өндірісін жолға қоюмен қатар, Кәрім Мыңбаев халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін алдына асқақ мақсат қойып, оларды жүзеге асырудың іс-шараларын белгіледі. Обалы не керек, кеңес билігі қолында нақты жоспары бар ғалымға қолдау білдірді.
Кәрім Мыңбаевтың асыл мұратының бірі – Бетпақдаланы бақ далаға айналдыру еді. Ол үшін Ертіс, Сарысу, Шу, басқа да өзендерді және жерасты суын тиімді пайдаланудың жобасын жасады. 1944 жылы ВАСХНИЛ-дің Қазақ филиалының басшысы болуы Кәрімнің мақсатты арманы орындалуын жақындата түскендей еді. Соғыс жылдарының және одан кейінгі ауыр шақтың қиындығына қарамастан, республиканың өсімдік шаруашылығын дамыту ғана емес, мал тұқымдарын асылдандыру мәселесін де көтерді, шешті. 42 жасында осындай игілікті жасап үлгерген ғалымның аяқ алысы, табыстары Лысенко сияқты алаяқтарды шошытпай тұра алмады. К.Мыңбаев, басқа да қазақ ғалымдары мінген ұшаққа қастандық жасалуы ықтимал деуіміздің себебі де – осы. Олар аман жүрсе, Қазақстан ғылымы қандай дәрежеге көтеріліп, экономикасы қаншалықты көтерілер еді... Әрине, қазір өкінгеннен пайда жоқ. Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі 33 жыл ішінде Кәрім Мыңбаев бастаған ондаған ғалым жасаған игіліктен айырылып қалдық. Көпірте мақтаған «сарабдал саясаттың» салдарынан асыл тұқымды мал басы жойылып, өсімдік шаруашылығы күйреуге жақындады. Бетпақдаланы игеру былай тұрсын, Ертіс – Қарағанды каналы бойындағы кеңшарлардың шаңырағы ортасына түсті. Нақты ғылым мен ғалымның құны түсіп, жалған ғылым мен ғалымды төрге шығарған қоғамға тән көрініс.
Қарақұлақ болған кезінен Ташкентке оқуға аттанғанға дейінгі бозбала, жігіттік шағы өткен Ақмолада (қазіргі Астана) академик Кәрім Мыңбаевтың атында бір көше жоқ екен. Енді ғана №59 мектеп-лицейге ғалымның есімі беріліп, «Кәрім Мыңбаев: мұра және тағылым» атауымен оны ұлықтау рәсімі өтпекші. Бұл қоғам өміріне оң өзгеріс, жаңа леп келе бастағанының белгісі болар деп үміттенейік.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
Мәдениет қайраткері