Туризм • 14 Маусым, 2024

Шаған шыңы шақырады

111 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жетісуды аграрлы өңір дегені­мізбен, табиғаты көркем өлке екенін де ұмытпаған абзал. Болашақта туризмнің де бір ошағы боларына сенім мол. Себебі жылдан-жылға осы саланың ба­ғыты жанданып ке­леді. Мәсе­лен, былтырдан бері қолға алын­ған «Шаған» фестивалі биыл да жоғары деңгейде өт­ті. Тау туризмін дамытуға бағыт­тал­ған бастамаға мыңға жуық адам ат­салысқан. Қызыққа толы саяхат шетелдіктерді де қызық­тырып келеді.

Шаған шыңы шақырады

Суреттерді «Visit Zhetysu» туристік-ақпараттық орталығы ұсынды

Мемлекет басшысы Жетісудың туризм саласына күш салу керектігін айтқаны әлі есі­мізде. Осы ретте Жетісудың жеті кере­метіне айналып кеткен ғажайып жерлерге туристерді тарту жобалары қолға алынып жатыр.

«Жалпы, облыста туристік нысандар жеткілікті. Сондықтан оның бәріне тиісті деңгейде мән беріп, дамыту керек. Туризм Жетісу облысы экономикасының басым бағыты болуға тиіс. Туристер неғұрлым көбірек келсе, облысқа да оң септігін тигізеді. Облыстың туризм сала­сындағы әлеуеті өте зор», деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Содан бері таби­ғат сыйға берген туристік орындарда инфрақұрылым жүйелерін жандандыру жұмысы жүріп жатыр. Ал «Шаған» фестивалі тау туризміне туристерді ғана емес, жергілікті тұрғындарды да тартуға жол ашады. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған спорттық-туристік фестиваль жоғары деңгейде өтті.

Мұндағы мақсат – саламатты өмір салтын, спортпен тұрақты шұғылдануды насихаттау, өңірде тау және экологиялық туризмді дамыту мүмкіндіктерін көрнекі түрде паш ету. Ең бастысы, былтыр ша­қырып келтіре алмаған адамдар, биыл алдын ала фестивальға дайындық жа­саған. Тіпті шетелдік азаматтар да келер жылы қатысуға ниет білдіріп отыр. Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәлі­метінше, Шаған шыңын бағындыруға келгендер 13 шақырымға көтеріліп, теңіз деңгейінен 2 551 метр биікке шыққан. Бұл ретте ең жас қатысушы 5 жаста болса, ең үлкені 70 жаста болған.

Осы жылы «Visit Zhetysu» туристік-ақпараттық орталығы облыстың кә­сіп­керлік және индустриялық-ин­нова­циялық даму басқармасымен бірлесіп, Көк­су аудандық әкімдігінің қолдауымен «Shagan Fest-2024» фести­валін бұрынғыдай Көксу ауданы Ақтөбе ауылының маңында өткізді. Қатысушылардың қадамына сәттілік тілеген басқарма басшысы Бақытнұр Ба­қыт­ұлы бұл фестиваль өңірдегі экологиялық және тау туризмін дамытуға бағытталғанын атап өтті.

пр

Биікке шығар алдында қатысушылар өздерінің хал-ахуалы үшін жауапкер­шілік алатыны туралы міндетті құжатты, маршрут барысындағы жеке қауіпсіздік ережелері мен мінез-құлық қауіпсіздігі туралы нұсқаулықты толтырып, тір­кеуден өтті. Мұнан соң фитнес-жаттық­тырушымен бірге шағын жаттығу жасады.

Жалпы, маршруттың ұзындығы шамамен 13 км. «Visit Zhetysu» туристік-ақпараттық орталығының басшысы Жандос Нұриев фестивальдің басты мақсаты Жетісу облысында тау туризмін насихаттау, мүмкіндігінше көп адамды, әсіресе жастарды саламатты белсенді де­малысқа тарту екенін атап өтті.

««Shagan Fest-2024» фестивалін өткізу жақсы дәстүрге айналуда. Бұл жолы жасы, кәсібі мен қызығушылығы сан түрлі 400-ден астам қатысушы Талдықорған, Алматы, Текелі қалаларынан, Сарыөзек ауылынан келіп отыр. «Bike Team», «VeloTravelTekeli», «VeloFriends» велоқоғамдары, сондай-ақ «Жоңғария», «Истоки» балалар-жасөспірімдер туристік клубтары, «Атамекен» фитнес-орталығының жаттықтырушылары, Талдықорған жоғары политехникалық колледжі мен І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттері белсенділік көрсетті, яғни қатарымыздың көбі жастар. Сонымен қатар бізде фестивальға екінші жыл қатарынан қа­тысып отырғандар да бар, тіпті бүкіл отбасымен келгендер де бар, біз бұған қуаныштымыз. Осылайша, бірте-бірте «Shagan Fest» Жетісудың жаяу және тау туризмінің көрнекті шарасына айналып келеді», дейді Ж.Нұриев.

Тау шыңдарын бағындырушылар үшін Талдықорғаннан трансфер ұйым­дас­тырылды, су, қоректік батондар, айырым білезіктері таратылды, маршруттың соңында таза ауада кешкі ас берілді. Сонымен қатар тауға көтерілу мен түсу кезінде ұйымдастырушылар қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, қажет болған жағдайда көмек көрсету үшін маршрутта мотоциклдер мен арнайы көліктер де жүрді. Атап өтсек, таудан төмен түскен кезде қатысушылар жол бойында кездескен тұрмыстық қоқыстарды, негізінен пластикалық бөтелкелер мен полиэтилен пакеттерді жинады. Бұл қоғамдағы экомәдениеттің нығайып келе жатқанын көрсетсе керек.

Ұйымдастырушылар бұл соңғы тау фестивалі емес екенін айтады. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-ин­новациялық даму басқармасының басшысы Бақытнұр Бақытұлының айтуынша, шілде айының екінші жартысында өңірде балалар мен жасөспірімдер туризмін қолдауға арналған 2 ірі іс-шара өткізу жоспарланған.

«Ұлы дала елі» экспедициясын және «Ұлы Жоңғар Алатауы» туриадасын өткіземіз. Біріншісі – шағын сая­хат, екіншісі – жарыс. Маршруттар қазір пысықталуда. Жетісу облысында тау туризмін дамытудың әлеуеті зор екенін ескере отырып, осы бағыттағы жұмысты жалғастырамыз. Туризмнің бұл бағыты әсіресе Сарқан, Ескелді аудандары мен Текелі қаласына қатысты. Қора шатқалында Орталық Азиядағы ең биік Бұр­ханбұлақ сарқырамасы – бас­ты көрікті жерлеріміздің бірі», дейді Б.Ба­қытұлы.

Айта кетейік, аталған фестиваль келер жылы да осы уақытта ұйымдастырылады.