Тұлға • 14 Маусым, 2024

Гидролог-ғалым Нариман Қыпшақбайұлының 90 жасқа толу құрметіне орай дөңгелек үстел өтті

161 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-ұстаз Нариман Қыпшақбайұлының 90 жасқа толу құрметіне орай оқу орны студенттерінің қатысуымен «Қалай кәсіби гидротехник болуға болады?» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті.

Гидролог-ғалым Нариман Қыпшақбайұлының 90 жасқа толу құрметіне орай дөңгелек үстел өтті

Дөңгелек үстелді жүргізген KazNARU басқарма төрағасы-ректор, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев республикадағы су қорын сақтаудың маңыздылығын атап өте келіп, «Су ресурстары және суды пайдалану» кафедрасында ұзақ жылдар абыройлы еңбек еткен ғалым-ұстаздың су шаруашылығы саласын дамытудағы ерен еңбегіне тоқталды. Мерейтойымен құттықтап, сый-сияпат көрсетті.

Э.Серікқызы.

«Нариман Қыпшақбайұлының Қазақстанның су шаруашылығын дамытуға қосқан зор үлесін зор ықыласпен айтып жүреміз. Өйткені қайраткер еңбек жолын қарапайым маман болып бастап, Мелиорация және су шаруашылығы министрлігінің басшылығына дейінгі нәтижелі жұмыстары әлі күнге дейін ауыл шаруашылығының дамуына пайдасын тигізіп жатыр. Тәуелсіздік жылдарында Су кодексінің жобасын әзірлеуге жетекшілік етіп, Орталық Азия мемлекеттері, Ресей және Қытай арасындағы трансшекаралық өзендердің суын пайдалану жөніндегі халықаралық ұйымды құруға үлкен үлес қосты. Сонымен қатар, Халықаралық Аралды құтқару қорын құруға белсенділікпен атсалысып, су қауіпсіздігін сақтау, су нысандарын қорғау мәселелерінде барлық әріптестеріне үлгі көрсетіп келеді. Тоқсанның төріне шыққан Нариман Қыпшақбайұлына барша ғалым әріптестерінің атынан зор денсаулық, қажырлы күш-қайрат тілейміз!» деді ректор өз сөзінде.

«Жер мен су – Қазақстанның ең үлкен байлығы. Сондықтан, табиғат байлығын көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Менің су саласының инженерлігін таңдауым да жайдан-жай емес. Халқымыз жақсы өмір сүруін қамтамасыз ете отырып, осы табиғаттың берген сыйын ресурсқа тиімді айналдыра отырып,  көздің қарашығындай сақтауға міндетті екенімізді есте ұстауымыз қажет» деп атап өтті Нариман Қыпшақбайұлы.

Еңбек жолын Тау Түрген бассейнінде қатардағы гидротехник болып бастап, республикадағы елді мекендерді ауыз сумен қамтитын мемлекеттік деңгейдегі жобаларға жетекшілік еткен Нариман Қыпшақбайұлы осы салада министр дәрежесіне дейін көтеріліп,  абырой биігінен көрінді. Ұзақ жылдардағы еңбегі үшін «Құрмет» және II дәрежелі «Барыс», «Отан» ордендерімен, көптеген үкіметтік медальдармен марапатталды.

Дөңгелек үстел барысында «Water HUB» халықаралық зерттеу орталығының директоры А.Рябцев, География институтының директоры А.Медеу, Ахметсафин атындағы Гидрогеология институтының директоры М.Абсаметов, Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы Атқарушы дирекциясының директоры С.Мұқатаев, Қонаев атындағы ҮАК филиалының директоры М. Арыстанов, «Казгипроводхоз» ПК директоры Р.Файзулдин және тағы да басқа ғалымдар, мамандар ардагер ғалымды мерейтойымен құттықтап, еліміздегі су саласында туындап отырған өзекті мәселелерді, оларды шешу жолдарын талқылады.


АЛМАТЫ