Пікір • 15 Маусым, 2024

Мақсат – сапалы кадр даярлау

146 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен туризмді дамыту жөніндегі кеңесте ең өзекті мәселелер сөз болды. Аталған жиында айтылған Президенттің салаға деген ұстанымы және оны жетілдірудегі пікірлері біз үшін өте маңызды.

Мақсат – сапалы кадр даярлау

Фото: satbayev.university

Әрине, туризм – экономикадағы маңызды сала екендігі, қосатын үлесі мол сектор екені айтпаса да түсінікті. Әрі еліміздің туризмді дамытуға толық мүмкіндігі бар екені де сөзсіз. Екіншіден, біз өз тарапымыздан салаға қатысты кадр даярлау жағын сөз етеміз. Өйткені елімізге келушілерге қызмет көрсету сапасын ең жоғарғы деңгейге жеткізу – өз қолымызда.

Еліміздегі Халықаралық туризм және меймандостық университеті – елдегі жалғыз әрі алғашқы бейінді оқу орны. Туризм мен қонақжайлылық және спорттық туризм бағытында маман даярлауда 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Міне, биыл алғашқы түлектеріміз, яғни 460 студент салаға қатысты 11 мамандық алып шықпақшы.

Рас, қазір елдегі туризм саласындағы кадр тапшылығы анық байқалып отыр. Соған орай, біз оқу үдерісіне өзгеріс енгіздік. Біріншіден, студенттерді жаппай дуальды оқыту жүйесіне көшірдік. Бұл – теорияны өндіріспен ұштастыра отырып, білім алу деген сөз. Демек университет шәкірттері бірінші курстан кейін қосымша туристік компанияларда болып, оқумен қатар тәжірибесін шыңдайды. Яғни университетте жүріп-ақ келешек мамандығының барлық қыр-сырын үйренетін болады. Бұл әдіс мамандық алып шығып, жұмысқа орна­ласқан жағдайда оларға көп қиындық тудырмайды.

Қазіргі таңда біздің университетпен бірлесе 73 туристік кәсіпорын жұмыс атқарады. Олардың қатарында отандық компаниялармен қатар шетелдік туристік ұйымдар да бар. Мысалы, біздің 170 студент осы бағытта тәжірибеден өтіп жатыр. Олардың жатын орнын, жолақысы және ай сайынғы еңбекақысын сол туристік компаниялар өтейді. Сонымен бірге бізбен жұмыс істейтін шетелдік серіктестер, мысалы Түркиядағы Кемер қаласындағы қонақ­үй­лерде 22 студент тәжірибе алмасып жатыр.

Ал биылғы 2024-2025 оқу жылынан бастап дәстүрлі семестрден триместр жүйесіне ауы­сып жатырмыз. Яғни осы жылы талапкерлер бакалавр деңгейін 4 жыл емес, 3 жылда оқып, қолына диплом алады. Бұл – еліміздегі туристік сала бойынша кадр тапшылығын жоюды жылдамдатып, мәселенің оң бағытқа ауысуын тездетеді. Дұрысын айтқанда, біз даярлайтын студенттердің оқу үдерісінің елу пайызы теориялық біліммен ұштасса, қалған елу пайызы туристік кәсіпорында өтеді.

Жалпы, туризмге инфрақұрылымнан бөлек, қызмет көрсету деңгейінің жоғары бол­ғаны өте маңызды. Біз білім беру орны болғандықтан дәл осы тұрғыдан ел бола­шағын қызмет ететін сапалы кадр даяр­лауды басты мақсат етіп келеміз.

 

Әлібек ШОҚПАРОВ,

Халықаралық туризм және меймандостық университетінің басқарма төрағасы-ректоры