Қала тұрғындарының демалыс орындарына айналған, жаз бойы мәдени, бұқаралық сипаттағы түрлі іс-шара өтетін саябақтарды ретке келтіру, ағаш бұталарын әктеп, былтырғы қыстан қалған қоқыстардан, қураған шөптерден арылту, сынған орындықтарды жөндеу, қыш тақтайшаларды ретке келтіру жұмыстарымен қала тазалығына жауапты коммуналдық қызмет мамандары емес, барлық тұрғын айналысуға тиіс.
Өткен аптада орман шаруашылығы қызметкерлері, балықшылар қауымдастығы, еріктілер, «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері «Таза қала – таза жағалау» акциясы аясында Елек, Қарғалы, Сазды өзендерінің жағасындағы коммуналдық жағажайларды ретке келтірді. Елек өзенінің жағалауын тазалауға шыққан 100 ерікті 8 тонна қоқыс жинаса, Қарғалы өзенінің бойынан 7 тонна қоқыс жиналды. Қала төңірегіндегі өзен айдындары өте лас, су арналары бойы мен өткелдерді көктемгі су тасқынында жиналған шөп-шалам мен сынған ағаш бұтақтары толтырып тастаған. Оған тұрмыстық қалдықтар тағы қосылған. Әсіресе Ақтөбе суқоймасының жан-жағы тұрмыстық қалдықтарға толы. Сондай-ақ «Таза орман» акциясы аясында Ақтөбе қаласы Заречный тұрғын үй алабындағы тоғайларды орман шаруашылығы мекемесі қызметкерлері «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелерімен бірге тазалады. Мұндай іс-шара бір мезгілде Ақтөбе облысының он екі ауданында жалғасты.
Сәуірдің соңғы онкүндігінен бері ел аумағында өткізіліп жатқан сенбіліктер туған жерінің табиғатына бейжай қарамайтын тұрғындардың ерікті іс-шарасына айналды. Жазғы каникул басталып, қолдары босаған студенттер «Таза қала – таза жағалау» науқаны аясында қолдарына тырма, күрек, сыпырғыш ұстап, арнайы қолғаптар киіп, Ақтөбе қаласының төңірегіндегі өзен жағалауларын қоқыстардан арылтуға кірісті. Ақтөбе қаласы жастар ресурстық орталығының қызметкерлері Алматы ауданының пробация тізіміндегі жастар және волонтерлер Елек өзенінің жағалауын тазалауды бастады. «Экологиялық іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер, жастар бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Өйткені табиғатты аялауға дағдыланып өскен жастар бойында ізгілік сезім қалыптасады. Ол ешқашан да қоқысты кез келген жерге лақтырмайды, табиғатты бүлдірмейді және қатарластарына үлгі болады. Осы арқылы адамдарымыз бойына экологиялық мәдениетті сіңіруге ықпал етеміз», дейді Ақтөбе қаласының жастар ресурстық орталығы» КММ директоры С.Артығалин.
«Таза қала – таза жағалау» акциясы жыл соңына дейін жалғасатын болады. Табиғат аясына демалуға келіп, өзен жағалауына шөлмек, пластик құтылар, басқа да тұрмыстық қоқыс тастап, айналасын әбден ластап кететін ересектер балалардың қоқыс жинап жүргенін көріп, ойланар деген үміт бар.
Ақтөбе облысы