Шахмат • 18 Маусым, 2024

Әлем кубогіне жолдама алды

73 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазыбек Нөгербек Үндістанның Гандинагар қаласында шах­мат­тан өткен дүниежүзілік додада алдына қара салмай, чемпион атанды.

Әлем кубогіне жолдама алды

Тыңнан түрен салған шахматшы осы жетістігінің есесіне әлем кубогіне жолдама алды. 20 жасқа дейінгі шахматшылар сынға түскен аламанға әлемнің түкпір-түкпірінен 123 қатысушы жиналды. Оның ішінде талай жарыста жүлделі болған 13 гроссмейстер, 27 халықаралық шебер төбе көрсетті. Қазыбек жарыстың шешуші кезеңін­де осыған дейін жолдары түйіскен басты қарсыласы – армениялық гроссмейс­тер Мамикон Гарибянды жеңді. Осылайша, отандасымыз классикалық шахматтан 11 турда 8,5 ұпай жиған. Сонымен, халықара­лық жарыс­та күміс жүлдені армениялық Эмин Оганян еншілесе, серб гроссмейстері Лука Будисавлевич үшінші орынды жеңіп алды.

Ел тарихында мұндай айтулы жеңіске 3 шахматшымыз жеткен еді. Осыған дейін 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасында Дәрмен Сәдуақасов (1998 жылы), Динара Сәдуақасова (2016) мен Жансая Әбдімәлік (2017) әлем чемпионы атанған. Енді осы қатарға Қазыбек Нөгербек қосылып отыр. Еске салар болсақ, Қазыбек осыдан 2 жыл бұрын Грекияда өткен 18 жасқа дейінгі шахматшылар арасында өткен әлем чемпионатында да рапид пен блиц бағыттары бойынша жеңімпаз атанған еді. Спортшымыз осы жолы да мықтылығын дәлелдеп, жеңіс тұғырына көтерілді. Қазыбек Нөгербектің кезекті жеңісі құтты болсын деп, әлем кубогінде табыс тілейміз!