«BNK Financial Group Inc.» компаниясының құрылымына кіретін «BNK Finance Kazakhstan» микроқаржы ұйымы екінші деңгейлі банкке айналуға рұқсат алды деп хабарлады Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА). Бұл туралы Корея Республикасының президенті Юн Сок Ёльдің елімізге мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылған Қазақстан – Корея бизнес-форумында мәлім болды. ҚНРДА, Қаржы қызметтері жөніндегі комиссия (FSC) және Корея Республикасының Қаржылық қадағалау қызметі (FSS) арасында «Банктік қадағалау саласындағы өзара түсіністік» туралы меморандумға қол қойылды.
«Құжат (меморандум) инвестициялардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Біздің елде жұмыс істейтін Кореяның «BNK Finance Kazakhstan» микроқаржы ұйымын екінші деңгейлі банкке айналдыру туралы шешімді қолдаймын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«BNK Financial Group Inc.» – Оңтүстік Кореяның 129 млрд долларлық активтері мен ұлттық «AAA» рейтингі бар ең ірі қаржы тобы. Топ құрылымына «А2» халықаралық рейтингіне сай 300-ден астам филиалы бар 2 банк кіреді. «BNK Finance Kazakhstan» 2021 жылғы сәуірден бастап ҚНРДА лицензиясына ие. МҚҰ-ның тікелей акционері – 6,7 млрд доллар мөлшерінде активі бар «BNK Capital» болып саналады. Үш жыл ішінде МҚҰ активі 5 есе ұлғайып, 20,3 млрд теңгені құраған. Несие портфелі 6 есе артып, 18,8 млрд теңгеге жеткен.
«Микроқаржы ұйымының екінші деңгейлі банкке айналуы Қазақстанда алғаш рет болып отыр. Мұндай ауысуды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тиісті заңнамалық базаны біз өткен жылы қабылдадық. Қаржы реттеушісі ретінде осындай бірінші рұқсатты бердік және бұл халықаралық қаржы конгломератын білдіретін шетелдік банк екендігі қуантады. Бұл – бүкіл нарық үшін маңызды оқиға. Үдерістің басты ерекшелігі – микроқаржы ұйымы өз қызметін тоқтатпайды. Банктік лицензия алғанға дейінгі кезеңде де микроқаржы ұйымы операцияларын стандартты режімде жалғастырады», дейді агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова.
Айтуынша, «BNK Finance Kazakhstan»-ның жаңа рөлі мен мәртебесі банк секторындағы бәсекелестікті күшейтеді.
«Жаңа банктің пайда болуынан бірінші кезекте клиенттер, қаржылық қызметтерді тұтынушылар ұтады. Шетелдік банк халықаралық топтың үздік корпоративтік стандарттарына сәйкес қаржылық қызмет көрсетеді. Жаңа ойыншының жоспары орасан. Шетелдік банк шағын және орта бизнеске несие беруді, корпоративтік кредиттеуді, сауда-саттықты қаржыландыруды, қаржы лизингін, жобалық қаржыландыруды және бөлшек бизнесті қаржыландыруды жоспарлап отыр», деді Мәдина Әбілқасымова.
«Tengenomika» телеграм арнасының хабарлауынша, биылдың өзінде екінші деңгейлі банктер клубына төрт жаңа қаржы ұйымы қосылуы мүмкін.
«Активтер мен несие портфелінің елеулі үлесін бірнеше ірі банк алып жатқан еліміздің банк секторы жоғары шоғырланған деп бекер айтылмайды. Сол себепті, Президенттің бәсекені арттыру үшін шетелдік банктерді шақыруы өте қисынды болды. «Сбердің» бұрынғы еншілес банкі, қазіргі «Bereke Bank» қатарлық «Lesha Bank»-ке сатылып, шетелдік акционерге ие болды. «KMF» пен «Solva» да биыл банкке айналуды көздеп отыр. Осылайша, жыл соңына дейін сектор жаңа қатысушылармен толығуы мүмкін. Бұл қаржы қызметін тұтынушылар үшін позитивті жаңалық», деп жазады канал авторлары.
Әсем Жанатова,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 2-курс студенті