Кәсіпкер • 17 Маусым, 2024

Кәсіптің көзі – құрақ көрпе

58 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттың ою-өрнегін ауылда отырып-ақ брендке айналдыруға болады. Тек кәсібіне деген адалдық пен сенім керек. Мәселен, ісмер Гүлзат Нүсіпхан қазақы нақышта құрақ көрпе тігіп, үйге қажет көпшік пен бөстекке ұлттық оюларымызды қондырған. Мұны көрген жетісулықтар кәсіпкер келіншектің өнерін жоғары бағалап, осы саланы дамытуға жәрдемдеседі. Бүгінде тауарлары сұранысқа ие, тұтынушылар кезекке тұрады.

Кәсіптің көзі – құрақ көрпе

Талайды тамсандырған қазақ қолөнерінің қайта­ланбас түрі – қиыннан қиыстырып құрақ құрау. Өнердің сарқылмас қайнар көзіне айналған бұл қолөнер бұйымы әр қазақ шаңырағының төрінен көрінуге тиіс. Төрге төселген құрақ қазақ өнерін менмұндалатып тұратындай. Бүгінде баспаналы болып жатқан әр қазақ бір бөлмесін арнайы қазақша бөлме етіп жасауды сәнге айнал­дырған. Міне, дәл осы бөлменің ажарын кіргізіп, сұлулығына сән берген құрақ көрпелер мен бөстектердің маңызы зор.

Қазақтың ісмер, шебер әйелдері құрақ көрпеден құрақ кеудешеге дейін, құрақ бөстектен құрақ ойыншыққа дейін жасап, керемет нәрселердің де қарапайым тәсілмен-ақ өмірге келетінін ежелден-ақ қалың жұртқа паш еткен. Кешегі ісмер апалардың ізін жалғаған Гүлзат Нүсіпхан дәл осы өнерді заман ағымына қарай «сөйлетіп» жүр.

2013 жылы Қытай Халық Республикасының Боратала облысынан елге оралған ол он саусағынан тамған өнердің ізін суытқан емес. Құрақтың сан түрін құрап, талай жанға қуаныш сыйлап жүрген аяулы жан өз кәсібінен нәсіп тауып жүр.

«Көрпе, тұскиіз, жастық, түрлі ойыншықтарды әрбір қыз бала істей білуі керек. Қазақ дәстүрінде қыз балалар кішкен­тайынан біліп, үйренуге тиісті қолөнер түрлерін бүгінде дамытуымыз қажет. Қолөнер қыз баланы төзімділікке, үнемділікке, шеберлікке, бояуларды ажыратып, олардың бір-бірімен үйлесімділік табуын түсініп, тануға шыңдайды, тазалыққа, әсемдікке үндейді, жан-дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтеді. Міне, бір ғана құрақ құрау арқылы біз бала тәрбиесіне де көп көңіл бөлеміз. Осы қолөнеріміз ұмыт болып кетпесін деген оймен Балпық би кентінен шағын цех аштық. Отбасылық кәсібіміз бүгінде өз жемісін беріп келеді. Ең бастысы, халықтан сұраныс бар. Сол қуантады», дейді қолөнер иесі.

Қолөнерге жастайынан жақын болған Гүлзат алғашында 2 жылдай жалдамалы жұмысшы болып еңбек еткен. Ол цехта жүн жуып, мақта түтіп, көрпе тігетін техниканың тілін меңгеріп, мол тәжірибе жинақтаған. Араға біраз уақыт салған соң басшылары басқа қалаға көшетін болғандықтан кәсіпті сатылымға қояды. Бар өмірін қолөнермен байланыстырған Гүлзат Нүсіпхан жұбайы Темірбек Әпсеметпен дайын кәсіпті сатып алады. Міне, сол сәттен бастап ол түрлі істің басын бір арнаға біріктіреді.

Отандық өнімді сатылымға шығаруды мақсат еткен ол бірінші құрақ көрпенің арнайы қабын сатып алады. Ішіне жүн, мақта салып, сату ісін бастайды. Бүгінде оның құрақ көрпесін сатып алушылардың саны артқан. Құрақ көрпелердің матасына, оюына, құрағына байланысты 10-25 мың теңге аралығында сатылады. Ал жас жұбайларға арнайы тігілетін махаббат көрпесінің сапасы жайлы шағым айтқан бірде-бір тұтынушы болмаған. Осыдан-ақ өз ісінің білгірі жұмыстың бабын тауып, санға емес, сапаға еңбек етіп жатқандығын аңғаруға болады. Сонымен қатар Гүлзат жастықтың, құрақ көрпенің ішіне салынған жүнді жуу, кептіру жұмысымен де айналысады. Оның айтуынша, қазір Көксу ауданының ғана емес, басқа да елді мекеннен тапсырыс беруші көп. Бүгінде 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

«Қазақтың қара шаңырағында міндетті түрде ұлттың қолөнер бұйымы тұруға тиіс. Қазақтың қазақ болуы салт-дәстүрден, ұлттық құндылықтан бастау алатынын ұмыт­пауымыз керек. Әсіресе қыз баланың жасауына міндетті түрде құрақ көрпе қосылуы керек. Біз жас жұбайларға арналған махаббат көрпесіне арнайы құрылғымен түрлі ою-өрнек салып даярлаймыз. Ең бастысы, барлығы шын ниетпен, таза махаббатпен жасалады. Көктем кезінде қой малын өсірушілерден мол қылып жүн сатып аламыз. Оны жуып, кептіріп, тазалап, түтіп, таза өнім аламыз. Тапсырыс берушілердің таңдауына қарай мақта да қолданамыз. Арзанқол синтефон көрпелер алғанша, қойдың таза жүнінен, қымбат матадан тігілген бұйымды алып, денсаулықтың да қадірін түсінген дұрыс деп есептеймін», дейді кәсіпкер.

Зердесінде зейіні бар адамдардың қай-қайсысы да құрақ­тан жасалған заттарға ойлы көзбен назар аударса, сан ­алуан сәнді түстердің бір-бірімен жарасым тауып, әдемілік әлемін сыйға тартып тұрғанын айқын аңғарар еді. Ол арқылы халқымыздың құнарлы дүниетанымын, эстетикалық талап-талғамын, сұлулықты аңсаған іңкәр сезімін айтқызбай-ақ тани түсесіз. Сондықтан да ұлттық құндылықты құлдыратпай, дәріптей түсейік.

 

Жетісу облысы