Туған ұлтынан қаны мен жанын аямау, тұла бойындағы киелі дарынын туған еліне қалтқысыз жұмсау – тамыры тереңге тартқан ұлы адамдарға ғана тән сипат, Жаратқан бойға дарытқан қасиет!
Ұлы Мұхтардың, ұлы Мұраттың бойындағы генетикалық коды, тегі – адамзат жаратылысының ерекше құбылысы.
Сөз алдаспанымен қара қылды қақ жарып, әр сәт сайын тірі аңызға айналған Әуезовтердің бүкіл өмірі қазағым деп өтті, ұлтына рухани алтын қазық болумен өтті.
Қырғыз үшін Әуезовтердей күйген, қырғызға Әуезовтердей жақын, бір тамыр болып бүлкілдеген, бір жан болып жасаған, бір қан болып аққан адам ілуде біреу.
Жанұраны – Ұлы дала, Ұлы жұрт –қазақ еді.
Жанұраны – құстың қос қанатындай, тонның ішкі бауындай, екінің бірі, егіздің сыңарындай жақыны қырғыз еді.
14 маусымда ұлы адамның ұрпағы, ата мұрасын, ата қасиетін қастерлеп сақтап келген Мұрат Әуезов, Мұрат ағамыз, Мұрат ұстазымыз дүние салды…
Ұлы ақиқатқа қарай жол тартты…
«Мұрат аға, қош!» деуге жүрек шыдамай, амал жоқ қиналып тұрған шағымыз бұл.
Сіз бұл өмірде ақиқатты сүйдіңіз, шындықты ту еттіңіз!
Осы киелі қасиетпен мәңгілік шындыққа қарай бет түзедіңіз... Рух сапарыңыз ұзақ болғай.
Қош, Мұрат аға!..
Сұлтан РАЕВ,
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы, қырғыз жазушысы