Мәселе • 19 Маусым, 2024

Утильалым қалай реттеледі?

208 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

2016 жылдан бері қолданыстағы утильалым жүйесі туралы мәселе ушығып тұр. Алымға қатысты дау қоғам арасында жиі талқыланады. Тіпті петиция жарияланып, 50 мың адамның қолы қойылған құжат Үкіметке жолданып, өткен аптаның соңында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арнайы жұмыс тобын құруға мәжбүр болды. Құрамында депутаттармен қатар, Үкімет мүшелері, қоғам белсенділері мен өнеркәсіп өкілдері және петиция бастамашылары қатарынан «Республикалық қайталама металлургия өнеркәсіпшілер одағы» ассоциациялары, дербес автомобиль одағы және «Әділдік үшін» ҚҚ өкілдері бар.

Утильалым қалай реттеледі?

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Көлік сарапшыларының айтуынша, бізде көлік рәсімдеу бағасы әлі де жоғары. Әсіресе алғашқы төлемнің құны қымбат. Иә, елге сырттан кірген көлік­ке техникалық құжат керек екені белгілі. Ол үшін алдымен «Жасыл даму» АҚ ар­қылы өтінім беріліп, ол 1 күн қаралады. Арнайы шот ашылып, банкке көліктің қозғалтқыш көлеміне қарай утильалым төленеді. Ол кезде бұл үшін де сертификат беріледі. Одан соң «Автокөлік иелеріне арналған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету» орталығына барып, шыққан жылы бойынша алғашқы төлем жасалады. Сосын барып жергілікті тіркеудегі көлік болып қабылдана­ды. Айта кетейік, алғашқы төлем 2024, 2023 жылы шыққан көліктерге алынбаса, 2022 жылы шыққан көлікке 10 пайыз төлем (184 500 теңге) жасалады. Мысалы, 4 млн теңгеге Грузиядан, 2017 жылғы, көлемі 2,4, «Kia Optima» маркалы көлік әкелдік делік. Енді оны «қазақ» қылу үшін утильалымға – 923 мың, алғашқы төлем­ге – 1 млн 861 мың, сертификаты мен ке­ден­дік салыққа 1 млн 100 мың теңге төлене­ді. Мұнда кейбір баға көліктің шық­қан жылы мен көлеміне қарай өзгере береді. Сонда барып-қайту жол шы­ғынын есеп­тегенде 8 млн теңгеге машина мініп отырсыз. Яғни баға бірді бірге қосқандай.

Егер утильалым мен алғашқы төлемді алып тастайтын болса, АҚШ, Оңтүстік Корея мен басқа да елдерден автокөлік ағыны қаптап кірері сөзсіз. «Ал олардың арасында қылмысқа қатысы бар, ұрланған немесе экологиялық талапты шектен тыс бұзатын көліктер кездеспесіне кім кепіл?!» деген де пікір айтылып қалады.

Мойындау керек, елдегі тұр­ғын­дардың көбінің астындағы көлігі тым ескі. Алды 25-30 жылдан асып кеткен. Өкпесін сүйретіп жүрген «темір тұлпарлардың» дені – өңірлерде. Мысалы, «жасы» 20 жылдан асқан 2,5 млн-ға жуық көлік тіркелсе, 10-20 жыл болған 1,3 млн автомобиль бар. 7-10 жыл болғандар 670 мыңға жа­қындаса, 3-7 жыл «өмір сүргендері» 653 мың­ға жуықтайды. Шыққанына 3 жыл тол­маған көліктер саны 332 мың­нан асып жығылады. Біздегі автокөліктер­дің орташа «жасы» 22 жыл шамасында болса, бұл көрсеткіш Ресейде (2020 жылғы есеп бойынша) –13,9, АҚШ-та – 11,9, Германияда – 9,8, Қытайда – 5,3 жыл.

Ел азаматтарының біразы «утиль­алым елге жаңа көліктердің кіруіне мүмкіндік бермей отыр» дейді. Енді бір тарап «мұны мүлде алып тас­тайтын болса, ескі көліктер одан әрі көбейеді» деген пікір айтады. Бірақ ескінің аты бәрібір ескі ғой. Қожайынын да әуре-сарсаңға салады, әрі эколо­гия мен жол қауіпсіздігіне тигізер зардабы да баршылық. Әсіресе халық көп шоғырланған Астана, Алматы сынды мегаполистерді зиянды газ тұман секілді тұтып тұр. Экология министрлігінің мәліметінше, автомобиль көп тіркелген ірі қалаларда ауадағы аэрозольдердің шоғырлану көрсеткіші қалыптағыдан 10 есе жоғары, газ 25 есе көп. Соның ішінде көлік түтінінен бөлінетін газ үлесі – 60-70 пайыз. Алматыда ауаға түсетін зиянды заттардың жалпы көлемінің 80-90 пайызы көліктерге тиесілі екен.

Экономист Сәбит Рысбаев әлеу­меттік желідегі парақшасында утиль­алымның түпкі мақсаты – отан­дық автоөнеркәсіпті қолдау, жаңарту болғанын жазады.

«2022 жылдың қаңтар айында утиль­алымды 50%-ға түсірді. Бірақ көлік арзандамады. Себебі көліктің бағасына әсер ететін басқа да факторлар бар. Шыны керек, Оңтүстік Корея да басында біз сияқты көлікті құрастырудан бастаған. Кейіннен «Kia», «Hyundai» кәсіпорындары ашылды. Түркияда да, Өзбекстанда да негізінен өздерінен шығатын көлікті мінеді. Бізге отандық автоөнеркәсіп керек. Құрастырма емес, локализацияны көбейту керек. Таяқтың екі ұшы барын ескерсек, утильалым тоқтасын дейтіндер оған балама ештеңе айтпай жатыр. Тоқтатайық, бірақ көлікті не істейміз? Грузия арқылы сатып алып отыра берейік пе? Меніңше, отандық автомобиль зауыттарындағы жұмысшылардың да уәжін тыңдау керек», дейді. 

Петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, мәжіліс депутаты Никита Шаталовтың айтуынша, алымды алып тастау ел индустриясы үшін тиімсіз.

«Өнеркәсіп – біреудің коммер­циялық мүддесі ғана емес, мыңдаған азаматтар үшін жұмыс орны. Сапалы және тұрақты, жақсы жалақы мен жәрдемақы пакеті бар. Бұл жерде мәселе Қарағанды, Қостанай және Алматыдағы автомобиль және ауыл шаруашылығы машиналарын жасау зауыттарында жұмыс істейтін мыңдаған жұмыс орындары туралы болып отыр. Елімізде демографиялық серпіліс жүріп жатыр, жылына 200-ден 300 мыңға дейін жаңа жұмысшы еңбек нарығына шығады, ал егер біз осынша сапалы жұмыс орнын құрмасақ, онда нағыз әлеуметтік қиындық туады. Ал өнеркәсіп әрқашан қолдауды қажет етеді. Петиция авторлары утильақысын алып тастағысы келеді, бірақ бұл қа­жет емес. Ол 8 жылдан бері жұмыс істеп ке­леді және осы уақыт ішінде бізде ірі зауыт­­тар іске қосылды», дейді Н.Шаталов.

Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспанның сөзінше, утильалымды қолдауға болады, бірақ Үкімет отандық автоөндірісті жолға қойып, жаңа көлік санын арттыру керек әрі сырт мемлекеттерден «сұр схемамен» мыңдаған көлік кіргізетіндердің заңсыз әрекетіне тосқауыл қоюы қажет.

«2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін Үкімет утильалымды жинау құқығын жеке фирмадан алып, Экология министрлігі жанынан құрылған «Жасыл даму» АҚ-ға берді. Ол тапсырма тікелей Президенттен түсті. Бірақ енді отандық өндіріс дамып, бәріміз қолжетімді, жап-жаңа көліктермен жүреміз деген ойымды Санжар Боқаевтың командасы әшкере қылған бейнематериалдар быт-шыт қып бұза берді. Оған сенсек елде толықциклді авто өндіретін бірде-бір зауыт жоқ және таяу арада болмайтындай. Бәрінен бұрын жүйкеге тигені – осы салаға тікелей жауапты министрліктің утильалымнан түскен кірістің қайда, қалай жұмсалып жатқаны туралы ақпаратты беруден ашық бас тартуы, яғни «сізден ақшаны аламыз, ал оны қайда жұмсаймыз, онда шаруаларың болмасын» дейді. Абырой болғанда ол туралы Жоғарғы Сот өзінің кесімді сөзін айтты, енді ақпарат көпшілікке қолжетімді болады. Егер зауыт иелері отандық жеңіл автокөліктің қиял емес, нақты жоба екенін дәлелдегісі келсе, елге ашық ақпарат берсін, жоспарларымен бөліссін. Тек Үкімет емес, депутаттық корпуспен де жұмыс жасасын», дейді депутат.

Министрлік болса «автопаркті жаңартуды ынталандыру», «азамат­тардың қауіпсіздігі», «экологиялық жағдайды жақсарту», «автомобиль құ­растырудағы инвестициялық тұрақ­тылық» деген уәжді айтады. Бір қызығы, елдегі автопаркты жаңалау тым сылбыр жүріп жатыр. Былтыр ресми дилерлер 198 мың жаңа автокөлік сатқан. Бағасы да қалта көтеретіндей емес. Ал елімізде шыққан жаңа автокөліктерге утильалым төлеудің қажеті жоқ. Әр азамат осы арқылы отандық өндірісті қолдай алады.

Петицияға қатысты құрылған жұмыс тобының алғашқы отырысында утильалым арқылы жиналған қаражатты бөлудегі ашықтық, сондай-ақ отандық автомобиль өнеркәсібінің даму болашағы мен оның қазіргі жағдайы сөз болған. Пікірталас кезінде өндіруші компания өкілдері утильалым алынса, жұмыс орындары қысқарады деп алаңдаушылық білдіріпті. Олардың айтуынша, қазіргі уақытта автомобиль өнеркәсібі мен онымен байланысты салаларда өте тұрақты және бәсекеге қабілетті жалақымен, әлеуметтік пакетпен, біліктілігін арттыру мүмкіндігімен қамтылған көп жұмысшы қызмет етеді. Жұмыс тобы мүшелері алдағы уақытта өңірлердегі зауыттарды араламақ. 

«Біз отандық өндірісті қолдаймыз. Бірақ оның өкілдері бізге, яғни комиссия мүшелеріне зауыттарын жай көзбояушылық үшін көрсетіп жатқандай. Сосын біз бұл туралы халыққа ашық айта алмайды екенбіз. Олар жұмысын бұрынғы қалпында қалдырып, жаңа өзгерістер енгізуге құлықсыз. Олар бізге қағаз жүзінде өндіріске қойылған талаптар орындалып тұр дегенді ғана көрсетіп құтылғысы келеді», дейді қоғам белсендісі Санжар Боқаев.

Қос тараптың уәжі бір-бірінен асып түсердей. Тығырыққа тірелген даудың толық шешімі алдағы уақыттағы көп талқылаудан кейін белгілі болмақ. Әзірге Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жұмыс тобының мүшелері зауыттардың өндірістік циклімен танысу үшін кәсіпорындарды әлі де аралайтынын, утильалым мәселелері бойынша петицияны толығырақ қарастыруға мүмкіндік беретінін айтып жатыр.