Жаңа жылдың алғашқы күндерінен бастап елімізді екі мәселе айрықша дүрліктіріп тұр. Олардың дүмпуінің күштілігі сондай, осы төңіректе қозғалған әңгімелердің қарқыны тіпті, әлемде болып жатқан атышулы оқиғалардың да дүбірін басып кеткен сыңайлы. Сондықтан болар, қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының бірде-бірі бұл мәселелерді айналып өте алған жоқ. Олар қандай мәселелер? Енді осыған келейік.
Олардың алғашқысы – автомобильдерге балалар отыратын орындықтар орнату.
Сөйтсек, Батыста (ал біз Батыс десе ішкен асымызды жерге қоятын халықпыз) жұрт балаларын арнайы орнатылған креслоға отырғызып алып жүреді екен. Рас, оларда бұл тәртіп әрі кетсе 6-7 жасқа дейінгі балаларға ғана қатысты. Одан ересектеріне ереже нұсқаулық тұрғысында ғана қолданылатын көрінеді. Ал, бізде ше... бізде баланы 1 жастан бастап 12 жасқа келгенге дейін жаңағы айтылған автокреслоға таңып тастау керек болып отыр. Бәлкім, заң жобасын әзірлеушілер біздің қазақ балаларының батыстықтарға қарағанда әлжуаздау екенін сезіп, сондықтан «отау иесі» болғанша (қазақ баланы «Он үште – отау иесі» деп атаған) орындықта өз бетінше отыра алмай, былқ-сылқ етіп құлай береді деген болар. Бұл сияқты жанашырлықтарына рахмет. Бірақ, 11-12 жасар баланы жаңағы креслоға отырғызған кезде оның басы машина төбесіне тіреліп, байғұс баланың екі бүктетілуіне тура келеді екен. Әлдебіреулердің ережеде баланың салмағына қарай өзгерістер енгізуге болады деп жазылған деуі мүмкін. Ол дұрыс-ау. Бірақ көше бойында сені полицей тоқтатып тұрғанда балаңның салмағын қайдан өлшеп жатасың?.. Ал өлшеп барып дәлелдемесең, біздің тәртіп сақшылары ауызекі сөзге сене қоймайды.
Бірақ, біздің айтпағымыз тіптен де бұл емес. Тәртіпті алдымен өздері бұзатын тәртіп сақшылары мен халықтың көңілінен үнемі шыға бермейтін халық қалаулыларынан кешірім сұрай отырып біздің айтпағымыз қит етсе бізге үлгі қыла беретін Батыста бір отбасында әрі кетсе бір бала, кейде тіпті оның да бола бермейтіндігі. Ал біздің қазақтар – 2-3, кейбіреулері 4-5 бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Оның үстіне елдегі демографиялық ахуалды жақсарту қажет деген талап тағы бар. Өйткені, бүгінгі туған бала біріншіден, ел азаматтарының қартайып кетпеуіне үлес қосса, екіншіден, экономиканы өркендету үшін еңбек етпек. Ал бесіктен белдері шықпай жатып балалардың әрқайсысына автокресло сатып алу қажет болса, яғни оларды көшеде қыдыртудың өзі проблемаға айналса, бала туудың тежеліп қалмасына кім кепіл. Өйткені, 4 баласы бар ата-ананың бір автомашинаға сиысып отыруының өзі мүмкін болмай қалады ғой. Бұған дейін ең кіші баласын шешесі алдына алып отыра беретін. Енді олай жасауға болмайды. Біздің халық та қанша аңқау болғанымен, соңғы жылдары аздап болса да нарық талаптарына бейімделе бастады. Осыдан келіп олардың қой, мына заманда 1-2 баланы асырап алсақ та жаман болмас деп ойлаулары әбден мүмкін.
Шынын айту керек, бұл жаңа заң халыққа өте қолайсыз тигенімен, коммерсанттарға тамаша нәпақа болды. Олар дүкендерде өтпей тұрған автокреслолары мен «аптечкаларын» (дәрі қобдиша) сатып бір байып қалды. Егер автокөліктер күндіз-түні шамдарын жағып жүретін болса, олар ай сайын бізден лампочкалар сатып алады деп тағы да алақандарын ысқылауда. Сондықтан болар бұл заңды қабылдауға бизнесмендердің лоббиі түрткі болды деушілер де жоқ емес.
Заң жобасын әзірлегендер мен оны ойланбастан қабылдап қойғандар өздерінің сәл ағаттау кеткен істерін «қауіпсіздік үшін қажет» деген дәлел айтып ақтап алуда. Бірақ олар кешегі кері кеткен кеңестік кезеңде автомобильдер автокресло орнатпай-ақ, шамдарды жақпай-ақ әрілі-берілі аман-есен жүріп жататынын ұмытып кеткендей. Біз мұны айтқанда өркениетті елдер енгізіп жатқан жаңалықтардан мүлде бас тартайық деп отырған жоқпыз. Әншейін, жол-көлік оқиғаларының жиілеуі автокөліктердің көбеюінен емес, жол қозғалысы ережелерінің мүлде сақталмауынан, жүргізуші куәлігін түрлі амалдармен қолға түсіріп алған жастардың көшелер мен күрежолдарда қалай болса солай жүруінен және оларға «әй дейтін әженің, қой дейтін қожаның» жоқтығынан дегенді ғана айтқымыз келеді. Ал шамдарды жағып, автокресло орнату керек деген жаңалық бір жағынан, көрдіңдер ме, біз қауіпсіздік шараларын жасап жатырмыз ғой деп айту үшін керек болса, екінші жағынан, коммерсанттарға табыс түсіру үшін керек болып отыр. Бұл жерде қауіпсіздіктің тек сылтау ғана екені өзінен-өзі көзге ұрып-ақ тұр.
Осы орайда Батысқа қарап бас шұлғи бергенше, ара-тұра өз ұлтымыздың табиғатын, ерекшелігін, салт-дәстүрін де ескере жүрсек қалай болар еді деген ой келеді. Жоғарыда айтқанымыздай, бір әрі кетсе екі баладан артық бала тумайтын, сондықтан да көбіне-көп үйлерінде ит пен мысық ұстайтын, ол аздай бір жыныстылардың үйленуіне рұқсат беріп жатқан елдердің істегендерін сол қалпында қайталай бермей, олардың ішінен тек өз халқымыздың менталитетіне сәйкес келетінін ғана тәжірибеге енгізгеніміз дұрыс емес пе? Мәселен, 4-5 баласы бар (кейбіреулерде 7-8 бала да болуы мүмкін) отбасылар үшін олардың әрқайсысына автокресло немесе басқадай бір жабдық сатып ал деп талап ету қаншалықты орынды? Керек десеңіз, оқушылардың көбі (соның ішінде жастары 12-ге жетпеген бастауыш сынып оқушылары да) сабаққа автобуспен қатынайды. Сонда автобустарға да кресло орнату керек пе? Айтқандай, біз «үйреніп» жатқан өркениетті елдерде «Мектеп автобусы» деген бар. Оқушыларды олар мектепке сондай арнайы автобустармен тасымалдайды. Егер шынымен де балалардың қауіпсіздігін ойласақ, неге біз де солай жасамаймыз.
Елді алаңдатып отырған екінші мәселе – 12 жылдық оқу.
Мен, әрине, педагог емеспін, бірақ бала тәрбиесінен, жалпы өмірден тәжірибесі бар адаммын. Осы тұрғыдан келгенде 6 жасынан бастап 1-сыныпқа барып, 18 жасқа дейінгі ғұмырын (12 жыл оқу арқылы) мектеп қабырғасында оқушы болып өткізген жасөспірім нендей ұшпаққа жетеді? Ал енді 6 жасар баланың оқуды ойдағыдай оқып кетуге дайын екенін кім зерттеп, көз жеткізіпті? Кезінде өзім де мектепте жұмыс істедім. Сол кезде 6 жас тұрмақ, одан әлдеқайда ересек балалардың өздерінің оқу бағдарламаларын игере алмай жүргендерін талай көрдім. Бұғанасы әлі бекімеген баланы мектеп партасына апарып отырғызуға біздерді кім қысталап жатыр, тағы да сол баяғы Батыс па?.. Батыстың жаңа технологиясын, жетілген техникасын алуымыз орынды. Мұндай үрдіс бізде ғана емес, дүниежүзінде бар. Бірақ білім беру мен тәрбие мәселесінде олар үлгі бола ала ма? Олай деуімізге себеп, бір кездегі кеңестік білім беру жүйесінің әлемде ең озықтардың бірі болғанын ешкім де теріске шығара алмайды. Демек, оған соншама үрке қарауға еш негіз жоқ. Екіншіден, кейбір мәліметтерге қарағанда, 12 жылдық білім беруге көшу миллиардтаған қаржыны қажет ететін көрінеді. Олай болса, ол шығын өзін өзі ақтай ала ма?
Осы айтылғандардан шығатын қорытынды біреу. Ол – қандай қадамға да бармас бұрын алдын ала «жеті рет өлшеп, бір рет кесудің қажеттігі». Әйтпеген күнде артынан опық жеп, кейін тағы да қайтадан өзгерістер енгізіп жатпасымызға кім кепіл? Cөз соңында осы екі мәселеге қатысты депутаттар М.Қазыбекова мен М.Бақтиярұлының БАҚ-тар арқылы айтылып жатқан ұсыныс-пікірлерінің өте орынды екенін айрықша атап көрсету қажет. Сондықтан болар, олардың ойлары көпшіліктің көңіліндегісін де дөп басып отыр. Солай емес пе, қадірменді оқырман?
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан».