Қазақ құсбегілері қыран құстарды дене бітімі һәм алғырлығы мен тұқым-түріне байланысты бірнеше түрге бөліп, жіктеген. Академик Әлкей Марғұлан қыран құстың аң ұстайтын қарымы мен ілу ерекшелігіне қарай екі топқа жіктейді. Бірінші топқа бүркіт тектес үлкен құстар қамтылса, екінші топқа ұсақ құстарды жатқызып, оларды «шәулі қырандар» деп атаса (Марғұлан Ә.Саят құстары. Астана, 2014 – 12-б.), бұл тақырыпты жіті зерттеген этнограф Бабақұмар Қинаятұлы: «Шәулі деп ұсақ қырандарды айтады», депті. Ақан сері өзінің «Көкжендет» дейтін алғыр лашын құсына арнап шығарған әнінде: «Көкжендет, тұғырың алтын, маржан баулы, Тұрушы ең ағаш үйде асыраулы, Алпыс қаз, тоқсан үйрек бір күнде алған, Құс қайда Көкжендеттей қыран шәулі» деп шәулі қыранды суреттейді.
Академик Әлкей Марғұлан болса, шәулі қырандарды: сұңқар және қаршыға тектес деп екіге бөлген екен. Сұңқар тектестерге: сұңқар, ақ сұңқар, лашын, жағалтай, тұрымтай, күйкентай, бидайық, ителгі жатса, қаршыға тектестерге: қаршыға, ақ тұйғын, қырғи, тұнжырды жатқызыпты. Сондай-ақ филология ғылымдарының докторы, жазушы-аудармашы Сейділ Талжанов: «Жағалтай лашынның кішірек түрі, тұрымтай ителгінің ұяласы, қырғи қаршыға тұқымдас, бидайық, тұйғын дегендер бөлек құс емес. Бидайық деп лашынның қыранын айтады. Тұйғын дегеніміз – қаршығаның еркегі» дейді.
Шәулі қырандардың аң қағу тәсіліне тоқталсақ, қаршыға тектестер құйын тәрізді ұйытқып сыпылдай ұшса, сұңқар тектестер сыпырта, ағызып ұшу мәнерін қолданады. Бұлар олжасын ұстағанда ату, сыпырту, түю тәсілдерін қолданады. Атам қазақтың «қыран құс қисық ұшып, түзу іледі» деген сөзі осы.
Қазақ құсбегілері шәулі құстардың аң ілуін екі түрге бөледі. Біріншісі – іліп түсетіндер. Ондай қырандардың тұяқтары салалы, ұзын әрі өткір қармақ тәрізді болады. Олар олжасын қуып жүріп, іліп ұстайды. Ондай сипат тұйғын, қырғи тәрізді шәулі қырандарға тән. Екіншісі – теуіп түсіретіндер. Оған ителгі, бидайық, лашын, жағалтай және сұңқар жатады. Қазақ құсбегілері шәулі қырандармен аққу, қоңыр қаз, сарыала қаз, үйрек, ұлар, бұлдырақ, шіл, кекілік, ақ құр, дуадақ, безгелдек, жорға дуадақ, шыңырау, тарғақ, бөдене, бұлдырық сияқты дала құстарын аулайтын болған.