(Ақын Төрегелді Тұяқбаевтың «Сүймегендер сағынбайды» атты жыр кітабы туралы ой-толғам)
«Сүймегендер сағынбайды». Бір қарағанда аксиома сынды сезілгенмен байыптап, терең үңіле бастасаң, сөз жоқ, сезім тереңіне, ой тұнығына шым-шым батып бара жатасың.
Шынында да, сағынышсыз өмір сүру мүмкін емес, сағынышсыз өмір сүру – сезімсіздікпен тең. Сыртқа сапарға шықсаң, ертесіне үй-ішіңді, бала-шағаңды, немерелерің болса, тіпті, тезірек оралуға асығасың. Құс құрлы жоқсың ба? Құстың өзі ұясындағы балапанға алаң болып, айналсоқтап жүріп алмай ма? Аң да солай. Ал, адамның сағынышы, оның ішінде, Ақынның сағынышы, шынында ғажап қой, ғажап!
Алпыстың асқар биігіне көтеріліп отырған Төрегелді ақынның айтары тіпті бөлек. Баяғы Төлеген Айбергенов айтып, санамызға сіңірген сағыныштан өзгешелеу, өзіндік қолтаңба, өзіндік ой, пікір, пайымы бар Тұяқбаевқа тән тәмсіл.
Алдымен ол өз өлеңін қалың додаға балуан етіп қосады. Демек, ол өлеңін баптаған, аялаған, шыңдаған, содан кейін барып, үлкен бәйгеге қосып отыр:
Құмар – ақпан күнеске,
Халуаға мен құмармын.
Өмір атты күреске
Балуан – өлең шығардым.
Жүрек сыны дір етсе,
Шығады кеп, алуан үн.
Сеніп тұрмын күресте
Жығады деп балуаным.
Осылайша, өз өлеңін аламан бәйгеге, дүбірлі додаға салып, жеңісін тілеп жүретін Төрегелді ақынның жыр жолындағы жүрек лүпіліне, тағатсыз талпынысына бейқам қарауға болмайды. Өйткені, оның балуан бітімді өлеңінің болмысы бөлек, тұла бойындағы бұлшық еттері білемдей, ойнақшып тұр.
«Төрегелдінің ақындық ерекшелігі неде?» – деген сұрақ туындауы әбден мүмкін. Мен енді ол туралы, оның өлеңдері туралы әңгіме қозғағаннан кейін, талантты ақынның тамырын тап басып, бағасын айта білуім керек қой. Осы тұрғыдан алғанда, Төрегелді өлеңдерін үш топқа бөлуге болады екен.
Біріншіден, бозбала шақ, балауса күндердегі балғын жырлар.
Екіншісі – жастық шақ, таудан аққан бұлақтай, желкілдеген құрақтай, хош иісті шалғын жырлар.
Үшіншісі – кемел шақ, қиып түсер қашаудай, құрық тимеген асаудай, ақ алмастай алғыр жырлар.
Осынау өміріне өрнек болған жырлар тоғысында, сөз басында айтқан ерекшелігіне тоқтар болсақ, ақын –суреткер екендігіне көз жеткіздім. Себебі, Төрегелді уақыттың, белгілі бір мерзім-мезгілдің уысында қалып қоймай, оның құшағынан тез сытылып шығып, қысқа да нұсқа өлең жолдарынан ой жұптап кетеді.
Осыған қарап мен Төрегелдінің өлеңдегі ерекшелігі – оның табиғат жыршысы бола білуінде деп бағалар едім.
Мәселен, ол көктем туралы өлеңінде:
Уақытты тоқтата алмай зырлап өткен,
Көктемді қарсы алуға қырға кеткем.
Үшбұрыш хат сияқты тырна көктем, –
деп өзінше тың теңеу тапса, күз туралы өлеңінде:
Томсарып тұрған салқын бақ,
Егілді-ай келіп, егілді!
Жапырақ біткен жалпылдап,
Көз жоса болып төгілді.
Күзгі жапырақты мөлт еткен көз жасына теңеуді де, ақындық тапқырлық, суреткерлік деп түсінем. Төрегелдінің табиғат болуы құр жалаң сурет емес, онда өмір қозғалысы бар. Демек, ақын өзінің айтар ойының кілтін тауып, құлпын ашты деген сөз.
Төрегелді Тұяқбаев бұл жыр кітабынан табиғат тақырыбына қатысты талай тың теңеулер, көркем көріністерге куә боларымыз хақ. Төрегелді Тұяқбаевтың біз сөз етіп отырған «Сүймегендер сағынбайды» деген бұл кітабы негізінен төрт тараудан тұрады екен. Таратып айтсақ, алғашқы тарауы – «Күбір-күбір өлең жаза бастасам» деп аталады. Оған «өлең – өнер тарауы» деп айдар тағып, сол тақырыпқа лайық өлеңдерін үкілеп ұсынған. Алғашқы тараудан оқырман қауым «Жағалауда жүргенде жазылған жыр», «Қол диірмен», «Қоға, шілік және басқалар туралы», «Шыбын өлтіруші шал», «Қызыл шөп» деп аталатын өлеңдері тек тақырып даралығынан ғана емес, ішкі иірімдерінен-ақ ізгі ойлар ұшқыны елес беріп, оқушы сезімін толқытады.
Екінші тарау, «Ғұмыр түбін терең қаза бастасам» деп алғашқы бөлімнің заңды жалғасындай әсер етеді. Мұндағы өмір-ғұмыр толғаулары тараудың тақырыбына жүйеленіп, оқушыны белгілі бір ой-сезімге жетелеп отырады. Әйтпесе, мұндағы «Құрақтың өзенді жоқтауы», «Бейтарап жерлер», «Салқын тиген», «Құлаған құдық туралы», «Тоқал там», «Қара шәугім», деп аталатын өлеңдері мен топтамалары оқырмандарын бей-жай қалдырмайды, көңіл құштарлығын оятады.
«Мұңға батсам, сағынғаным ол сені» бұл кітаптағы үшінші тарау. Бұл топтама тұтас кітаптың атына сай алған тақырыптың алтын арқауына айналған. Мұндағы «Абайсызда торға түскен балықтай», «Саздауыт сайдың саласы», «Табалдырық», «Базардағы кездесу», «Бұрым» өлеңдері Төрегелдінің бұрын жазған өлеңдерінен гөрі өзгеше өрнек тартқан, өрелі ойларға кезек берген жаңа тынысына куә боламыз.
Ал, соңғы төртінші тарау, дастандарға орын берген. Бұл кітаптың атауын ақтайтын «Сүймегендер сағынбайды ешқашан» деген дәуір-дастанымен, сондай-ақ, «Орман аңызы» драмалық ертегісімен, сондай-ақ, «Жан дауасы», «Бомж» поэмаларымен өз нүктесін табады.
Мұндағы әр поэма жеке-жеке талдауды қажет етеді. Оны кітап туралы ой айтып, пікір пайымдайтын әдеби сын-талдаулар назарына қалдырып, мен тек осы кітапқа кірген өлеңдер мен топтамалардың өн бойын көктей етіп, тек жекелеген жырларына пікір пайымдадым.
Сондағы ұққаным, Төрегелді ақынның өз жолы, өз мақсаты, өлеңдегі өрнегі, жыр жолында анық ізі бар екеніне көз жеткіздім. Әйтпесе, Сыртқы істер, Мәдениет, Ақпарат министрліктерінде, тіпті, қазіргі кездің өзінде де, Премьер-Министр Кеңсесінің жауапты қызметкері бола жүріп, өлеңдегі өзінің өрнегімен орнын тапқан Төрегелді Тұяқбаевтың жыр жолындағы жемістері мен жеңістеріне разылық білдіруді парыз тұттық. Осы биігіне дейін бірнеше жыр жинақтарын шығарып оқырман ықыласына бөленген Төрегелді Тұяқбаевтың бұдан былай да тұлпар тұяғы талмасын, қыран қанаты самғасын деген ізгі тілек айтқымыз келеді.
Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ.
АСТАНА.