Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Қонақтар разы болып аттанды. Олай болмағанда ше? Нағашымның қыздары мен келін-кепшіктері кісі күтіп әбден үйреніп қалған екен. Біз де үзеңгіге аяғымызды салмақшы болып ұмтылғанда нағашым «Тойтарқардың ішінде болыңдар», деді. Біздің жақта қонақ шақырғаннан кейін елге қызмет еткен келін-кепшіктің оңаша отырып шай ішетін әдеті болушы еді. Бұл жолы нағашым тойтарқарға алыстан келген бірер кісімен қоса балаларын да ортақтастырды.
– Сабыр, сен кісінің қолына су құйғанда ептілігің көрініп тұрады екен. Суды шашыратпай, сүлгінің де тазасын, құрғағын жаңалап беріп тұрдың. Үлкендерден бата алған бала жаман болмайды, – деп нағашым жеті-сегіз жасар немересінің маңдайынан бір сипап қойды.
Содан соң қызмет қылған барша ағайынның бүгінгі қонақ күту барысында атқарған қызметін талдап, жіктеп, кем-кетігін қатты айтпаса да, сөз астарына салып баяндап шықты. Құтты бір өндірістік жиналыс өткізіп, ұжым мүшелерінің ісін талдап отырған адам тәрізді.
Тойтарқардан кейін қас қараймай тұрғанда барар жерімізге жетіп қалайық деп іле аттандық. Жол үстіндегі жолаушыға ой серік. Көпті көрген көшелі адамның тәлім-тәрбиесі екен ғой бұл. Сайып келгенде тойтарқар шай ішу ғана емес, кәдімгі тәрбие мектебі болып шықты. Қашаннан дастарқаны жиылмайтын дарқан қазақтың кісі күту мәдениеті, әдемі әдібі, мейманға көрсетер ыстық ықыласы осындайдан туындайды. Сан салалы шаруа бір арнада тоғысқан кезде жалпы жұрттың басын қосатын бірліктің қуатын арттыра түсетіндей. Дарқан даланың даналығын бойына жиған осы менің нағашымдай қазыналы қарттар барда әлмисақтан жалғасып келе жатқан тәлімді тәрбиенің арқау жібі үзілмейтін шығар.
Тойтарқардың түпкі мақсаты осы екен ғой.
Көкшетау