Экология • 20 Маусым, 2024

ШЫҰ жастары «Жасыл күн тәртібін» талқылады

63 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

 

Астанада «Экологиялық ортадағы жастар көшбасшылығы: ШЫҰ шеңберінде тұрақты болашаққа жол салу» тақырыбында Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жастар кеңесінің XVII отырысы өтті. Ұйымдастырушы – «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанаты. Іс-шараға Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

ШЫҰ жастары «Жасыл күн тәртібін» талқылады

Фото: Аманат партиясы

 

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше және байқаушы 10 мемлекеттің 150-ден астам делегаты – жас көшбасшылар ұйымның Жастар кеңесінің кезекті отырысына қатысу үшін елордада жиналды. Іс-шара ШЫҰ мемлекет басшыларының Астана Саммиті қарсаңында өтуде. Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов жиынға қатысушыларды құттықтап, сөз сөйледі.

«Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету шеңберінде 2024 жылды Экология жылы деп жариялады. Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық күн тәртібін ілгерілетпей, қоғамның әл-ауқатын арттыру мүмкін емес екенін атап өтті. Климаттың өзгеруі, табиғи апаттардың жиілеп кетуі мен олардың ауқымы кеңеюі бізден бірлескен күш-жігерді қажет ететінін түсінуіміз керек. Бұл істе жастар қауымы шешуші рөл атқаруы тиіс. Бүгін сіздердің тараптарыңыздан экологиялық сын-қатерлерді еңсеру бойынша тың әрі батыл шешімдер ұсынылатынына сенімдімін», деді ол.

Мәжіліс Спикері соңғы уақытта ШЫҰ-ға мүше әрбір ел климаттың өзгеруі салдарымен бетпе-бет келгенін ерекше атап өтті. Мәселен, Үндістанда әдеттен тыс аптап ыстық орнады, Қытайдың кейбір провинцияларында нөсер жаңбыр жауып, дауыл соқты, Ресейді алапат су тасқыны әбігерге салды, Қазақстан да соңғы 80 жылда болмаған дәл осындай ірі табиғи апатқа тап болды.

«Бұл – шұғыл шара қабылдау қажет екенін көрсетіп отырған нақты белгі. Сондықтан біз заңнамалық базаны нығайту және жасыл күн тәртібін ілгерілету бағытында жұмыс істеуіміз керек», деді Е.Қошанов.

Осы орайда, «AMANAT» Төрағасы экология мәселесіне қатысты Қазақстанда қабылданып жатқан жүйелі шараларға тоқталды. Мәселен, су ресурстарын пайдалану тәсілін түбегейлі өзгертетін жаңа Су кодексі әзірленуде. 2025 жылға дейін елімізде 2 миллиард түп ағаш егіледі. Президент бастамасы бойынша жаңа экологиялық сана қалыптастыруға және әр азаматты күн сайын қоршаған ортаның тазалығын сақтауға, оны өмір салтына айналдыруға шақыратын «Таза Қазақстан» жалпыұлттық ауқымды акциясы жарияланды.

Өз кезегінде, «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова жастардың қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмысы туралы айтты. Президенттің «Таза Қазақстан» акциясына 2,4 млн-нан астам адам қатысты, 900 мың тоннадан астам қоқыс жиналды, 2,5 млн-ға жуық жасыл желек егілді. 5 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра нысандары қайта қалпына келтірілді.

«Жуырда Астана мен Алматы арасындағы ұзындығы 1200 шақырымды құрайтын тасжолды қоқыстан тазартуға бағытталған партиялық іс-шара аяқталды. Әр апта сайын партиялықтар еліміздің барлық өңірінде аумақтарды тазалауға арналған «Таза бейсенбі» науқанын өткізеді. Небәрі екі аптада шамамен 3 мың тонна қалдық жиналды. Жиналған қоқыс қайта өңдеуге жіберіледі», деді ол. 

Сонымен қатар Ақерке Искандерова «Жастар Рухы» төрағалығы шеңберінде ШЫҰ Жастар кеңесі мүшелерінің есірткі қылмысына қарсы бірлескен іс-қимылына баса назар аударды. Нашақорлықпен күресу, оған заң аясында қарсы тұру барысында тәжірибе алмасу мәселесіне ерекше мән берілді. Осы жұмыс нәтижесінде ШЫҰ елдеріндегі жастар ұйымдарының есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылының ұжымдық жоспары әзірленді.

Қытай Халық Республикасының өкілі, Бүкілқытайлық жастар федерациясы Бас хатшысының орынбасары Дун Ся жастардың экологиялық білімін арттырудың маңызына назар аударды.

«Біз қоршаған ортаны қорғау тұжырымдамасын қарапайым әрі түсінікті тілмен баяндаймыз. Креативті жастар қоршаған ортаны қорғау саласында шексіз әлеуетке ие. Ол өз кезегінде адамзаттың дамуына ықпал етеді. Астықты ұқыпты пайдалануға шақыратын жастар акциясы белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр», деді ол.

Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасының депутаты Денис Кравченко экономика өсімінің драйвері ретіндегі креативті индустрияның рөлі туралы айтты. Үндістан Республикасы Үкіметінің Жастар ісі жөніндегі департаменті хатшысының орынбасары Нитеш Кумар Мишра өзендер мен су айдындарын тазарту және суды үнемді пайдалану бағдарламалары туралы тілге тиек етті. Ал Өзбекстан Республикасы Жастар ісі агенттігі жанындағы Институт директоры Актам Жалилов волонтерлердің Арал теңізінің түбін мелиорациялауға қосқан үлесі туралы баяндады.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар ШЫҰ елдеріндегі жастар ұйымдарының ынтымақтастығын нығайту жөніндегі бірлескен қарар қабылдады. Құжат эко-волонтерлердің халықаралық штабын құруды, жыл сайын экологиялық жобалар конкурстарын ұйымдастыруды және т.б. көздейді.

Сонымен қатар делегаттар бірауыздан шешім қабылдап, Беларусь Республикасы мен Иран Ислам Республикасының ШЫҰ Жастар кеңесіне кіруге өтінімдері мақұлданды. Осылайша, ұйымға мүше мемлекеттер саны 10-ға жетті. ШЫҰ Жастар кеңесіне төрағалық ету кезегі Қытай Халық Республикасына өтті.